Алға, ауыл жастары!
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай, Осакаров ауданының әкімі Нұркен ҚОБЖАНОВТЫҢ қатысуымен ауыл жастарының VII форумы өтті.
Осакаров кентіндегі Мәдениет үйінде өткен іс-шараға мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, спортшылар, жас кәсіпкерлер, мұғалімдер мен дәрігерлер қатысты.
Аудан әкімі сапалы білім беру мен жастарды жұмыспен қамту мәселелерін шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды табысты іске асыруға баса назар аударды.
Аудан басшылығы мемлекеттік жастар саясатын дамытуға, әсіресе, жастар кәсіпкерлігін дамытуға, ауылдағы шағын және орта бизнестің үлесін ұлғайтуға ерекше назар аударады.
Шара барысында аудан әкімінің грантын жеңіп алған жастар марапатталды. Олар – Жаңылған Байжұма (Сарыөзек ауылы, жобасы – шаштараз ашу), Сергей Потапов (Пионерский ауылы, жобасы – автокөлік жуу орталығын ашу), Ауыспалы Усен (Осакаровка кенті, жобасы – бие сүтін өндіру).
Сонымен қатар, Осакаров ауданы әкімінің «Жас сұңқар – 2017» жастар сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Шараны өткізудегі мақсат – мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастар бастамаларын ынталандыру, жастар қозғалысының дамуын жандандыру.
Нәтижесінде, үздіктер тобының қатары келесідей болып анықталды: «Жылдың жас спортшысы» – Есенбол Монтоо, «Жылдың жас кәсіпкері» – Армангүл Өтегенова, «Жылдың жас мұғалімі» – Заяраа Субахаан, «Денсаулық сақтау саласының жас қызметкері» – Георгий Чангариди, «Жас мәдениет жұмыскері» – Надежда Юдина, «Жылдың жас қорғаушысы» – Айтуар Антикеев, «Жыл оқушысы» – Екатерина Сушкова, Хуанбек Баттаөмір, «Жылдың жас көшбасшысы» – Айгерім Сүлейменова, «Жылдың жас мемлекеттік қызметкері» – Евгения Капелюш.
Форумға қонақ ретінде қатысқан самбодан үш дүркін әлем чемпионы, 2017 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы, екі дүркін Азия чемпионы Бейімбет Қанжанов жастарға құттықтауын арнады.
Өз тілшімізден.
ОСАКАРОВ ауданы.