Жаңалықтар

Абыз көшіп барады

Тағы бір қалам қаңтарылды. Қалам қасиетіміз еді ғой… Қасиетіміз кеміп бара ма? Қарашада – Мағаш аға, қаңтарда – Сәбит аға. Енді міне, екі інісін алдына салып, Ошақбай ағам аттанды мәңгілік сапарға. Екі інісін де туған бауырынан кем көрмеуші еді. Сол екі асылының күйігін көтере алмады-ау…

Абыз еді-ау. Ескінің естелігіндей, жаңаның жаршысындай ғұмыр кешті. Әдемі қартайды. Ұстаздық жолды – ұлағатымен, шығармашылық жолды – шымыр ой, ширақ тіркесімен өрнектеп, Абыз көшіп барады жалғаннан.

Тағдырының тауқыметін тартып баққан. Атаанадан жастай қалды. Ағайын аралап, интернат жағалап жүріп оқыдым дейтін. Қатарының алды болса да, тағдырының таралғысынан қашып құтылмаған. Бұл жолы да ажал құрығынан құтылып, Алланың бұйрығынан бой тасалай алмады. Кісілігі кемел, ойы озық еді… Оза білген, озып жүрген. Тағы озды.

 …«Орталыққа» Ошақбай аға бас сұқпағалы біраз болған. Қу тірліктің қым-қуыт күйбеңімен жүріп, халін білуге де мұршамыз болмады. Амал нешік. Алланың әміріне құлдық ұрып, тағы да табыт арқалап барамыз.

Абыз көшіп барады…

Бақұл болыңыз, қайран, Ошке!

Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button