Аққудың адал сезімі

Қарағандыда өліп қалған сыңарын тастамаған аққу әлеуметтік желілерде қызу талқыланған тақырыптардың біріне айналды. Айта кетейік, аққу жайлы хабарды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет өзінің «Facebook» парақшасында жариялаған болатын.

Сәкен Ділдахметтің сөзінше, облыстық орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясына Абай қаласының тұрғыны қоңырау шалып, қала шетінде екі аққуды көргенін айтқан. Олардың бірі – өлі жатса, екіншісі мүлде қимылсыз болған. Инспекция мамандарымен бірге Қарағанды мал дәрігерлік қызметінің мамандары дереу оқиға орнына барып, аққулардың «шипун» түріне жататынын анықтаған. Бұл аққулар қазір сирек кездесетін әрі жоғалып бара жатқан құстардың қатарында екен. Құстың бірі жоғары вольтті сымға соқтығу әсерінен жараланып өлген екен. Ал, сыңарын тастамаған екінші аққу Қарағанды зообағына жеткізілген.

Әсіресе, әлеуметтік желіде аққу туралы айтылып жатқан әңгіме көп. Аққу жұбынан айырылып қалса, адам секілді қайғырады, тіпті, сол дертінен ажал құшатындығын да желі қолданушылары жарыса жазуда. Бұл бір ерекше жаратылысқа таңдай қағып, өмір бойы сыңарына адал болып өтетіндігін тілге тиек етуде.

Мамандардың айтуынша, халқымыз киелі санайтын құс төресі енді көктемге дейін Қарағанды зообағында болады. Күн жылынған соң еркіндікке жіберілмек.

 Сыңары мерт болған аққудың адалдығына тек, шынайы сенім символы ретінде ғана қарап қою – ағаттық шығар. Осындайда, бабаларымыздың «Аққу құстың төресі, жалғыз жүріп оттамас» деген сөзi ерiксiз еске түседi.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.