Ақсұңқар ердің баласы

Құрметті Секе!

«Ұзанды» зор ықыласпен оқып шықтым. Поэзия аттың жалы, түйенің қомында оқуды көтермейтінін сіз менен әлдеқайда жақсы білесіз. Сәті түскені осы болды.

Әуелі кітаптың атынан бастайын. Қазақта кісі есімінде жиі ұшырасатын осы сөздің түпкі мағынасы «ақын­жыраумен» байланысы барын бұрыннан білсем де, кезінде академиялық «Древнетюркский словарьдан» таба алмаған соң, семантикасына күмәнмен қараушы едім. Сіз оғыз­-түркілердің ескіден қалған осы бір сөзін кітабыңыздың төріне шығарып, қазаққа біржолата байладыңыз. Бұл ұлттың жоғын сөзден түгендеген халыққа үлкен олжа деп білемін.

Сізді алғаш рет талантыңыз тауды бұзып, тасты жарып жүрген жетпісінші жылдарда көргем. Бізбен курстас ақындардың бірімен ҚазГУ-­дің бас корпусындағы аудиториялардың бірінде «бұрқыратып» жыр төккеніңіз есімде қалыпты. Елде жүрген ақын болған соң есіміңіз Есенғали досыңыздай екпіндеп тұрмаса да, сөз қадірін білетін Алаш жұртына түгел жеткені анық. Бірақ, бүгінгі әңгімені арғы­-бергіні түгендемей-­ақ «Ұзанмен» шектегенді жөн көрдім.

Келісті, кесек жинақ болып шығыпты. Біріншіден, жырларыңыздан көк түріктер сарынынан бастау алып, арыда – Ақтамберді, Қазтуған, беріде Мағжан, Қасым болып жалғасқан қазақтың арынды, айбынды, алмас қылыштай өткір, айбалтадай жарқылдаған поэзиясын көрдім. Бұл – қазақ поэзиясында ежелден бар құбылыс. Сіз оған өзгеше реңк, ерекше қуат, отаншыл рух беріп, жаңа биікке көтеріпсіз.

Екінші байқағаным: орыс поэзиясының Пушкиннен Вознесенскийге дейінгі айдындарында құлаштап жүзеді екенсіз. Бұл – үлкен поэтикалық мәдениеттің белгісі. Заманына қарай жиі құбылған Евтушенконы қайдам, А.Вознесенский – үлкен талант иесі. Оның «Песня акына» (сіздің Тыныштықбекті іздеген жырыңызбен үндес) атты өлеңіне В.Высоцкий әуен жазған. Сізге аударуға тұратын дүние.

Үшінші ерекшелігіңіз: ағылшын, француз, жалпы батыс поэзиясын еркін меңгеріпсіз. Мұқағали поэзиясын зерттеушілер оның ағылшын тілін жетік біліп, осы тілде өлең жазған ақындарды түпнұсқадан оқығандығына назар аудармайды. Мұқағали феноменінің бір құпиясы осында. Уильям Хенли – Күлтегін жырымен сарындас бір ғана дерлік өлеңімен ағылшын поэзиясының тарихында қалған тұлға. Сіздің аудармадан «Непокоренныйдың» сұлбасын көрдім. Шығыстың нәзирашыл дәстүріне сай еркін аударыпсыз. Шындығында үніңіз «қырандай саңқылдап», жырыңыз «алмастай жарқылдап» тұр. Сізге қалтарыс, құпиясы мол тағы бір Уильямды (Блейк) оқуды, тіпті, реті келсе аударуды ұсынамын.

«Құран» нұрынан туған жырлар іңкәрлігімен, ынта, ықыластың шынайлығымен баурады. Көп оқып, көп ізденіп, тақырыпқа генетикалық түйсікпен келгеніңіз көрініп-­ақ тұр. Қысқа, нұсқа жазыпсыз. Мұндай киелі тақырыпқа адал ниетімен келгенді Ұлы Жаратушының өзі алқап отырады деген ұғым бар. Сізде де солай болғанға ұқсайды. «Құран» циклы алдағы уақытта жалғасын табады деп сенемін. Ондай жағдайда «Құранның» аудармаларын ғана емес, тәфсірлерін де оқуға, әсіресе, түрлі мазхабтағы ғұламалардың түсіндірмелерін салыстыра зерделеуге кеңес берер едім. Кезінде Мәскеуден МГУ-­дің орыс филологиясын тәмәмдаған Египеттен шыққан екі білімпаздың құрастыруымен 4-­томдық «Значение и смысл Корана» атты іргелі еңбек жарық көрген. Мүмкіндігіңіз болса, соларды оқыңыз. Ол сізге қасиетті кітаптың хикметтеріне тереңірек бойлауға септігін тигізіп, көп дүниеге көзіңізді ашады. Бұл туралы кейін кеңірек отырып сұхбаттасудың да реті келер.

Кітаптың өн бойынан төрт кейіпкер көрдім. Әрине, әуелгісі – сүйсе жан-жүрегімен жалындап, лапылдап сүйетін, күйсе өзегі бірге өртеніп, жалын бүркіп, от шашып күйетін ұзан. Өзіңіз жақсы көретін М.Мағауиннің фантасмагориялық «Қыпшақ аруынан» шыға келгендей көрінетін сіздің ұзаныңыз маған ерекше ұнады.

Анаңыз Һалифа апамызға арналған жыр тізбегі де жүрегімді елжіретті. Тіпті 85-­тегі анама телефон шалып, дауысын естігеніме мәз­-мәйрам болып, Құдайдан амандығын тіледім.

Ақын жыры арусыз болушы ма еді? Нұрынан гөрі мұңы басымдау Баян сұлу бастаған арулар галереясы да Мона Лизадай бар құпиясын ішіне бүккен сырлы кейіпте сомдалыпты.

«Ұзанның» бас кейіпкері де, бас стихиясы да – поэзия. Кейде төрт кейіпкер бір-­бірімен астасып, алмасып, бір күйден екінші күйге ауысып та кетеді екен (анаңыз қатарлас Ю.Мориц бірде ақын, бірде ару, бірде періште түрінде қылаң беретіні сияқты).

Жинақтың менің көзіме түскен ұсақ-түйек селкеуліктері ретінде «пауэрді» өлеңге қосу немесе «гаваннан, заманнан» деген сіздей үлкен ақынға жараспайтын жеңіл ұйқастарды айтар едім. Ана туралы жүрек тебірентерлік жыр циклын тудырған ақын «шешемнің жатырына» деген анайылау тіркестің орнына «құрсағына» десе қалай жарасып тұрар еді. Мұндай «әттегенайлар» тарпаң мінезді жинақтың тұтас келбетіне көлеңке түсіре алмаса керек.

«Ұзан» хас суреткер ғана байқай алатын нәзік сезімге, нағыз ақын ғана айта алатын азат ойға құрылған, талайдан бері шынайы поэзияға шөліркеген оқырманның құмарын басып, сарайын ашатын шымыр жинақ болып шығыпты, Қарқаралының қатпар тастарын жарып шыққан тұманың тұнық суынан қанып ішкендей болдым. Ерекше қуанғаным – Сарыарқаның салқын белінде саяқ жүрсеңіз де өзін ұлы бәйгеге жаратып жүрген сәйгүліктей бабында екенсіз.

Ой­-пікірімді ендігі жылдың еншісіне қалдырмайын деп асығыстау жаздым. Келер жылы кең отырып сұхбат құрудың да сәті туар. Әрқашан аман­-сау болыңыз, алдаспан жырдың, Ақсұңқар ердің баласы!

Құрметпен, Мұхтар Құл-Мұхаммед,

Астана, 12 желтоқсан 2015 жыл.