«Ақ орамал»-татуластық символы

 

Қазақстан халқы Ассамблеясы Жезқазған қалалық Аналар кеңесінің және тарихи-археологиялық музейінің бастамасымен осы тақырыпта ұйымдастырылған іс-шара жер-жерде жүріп жатқан «Ақ орамал» республикалық акция­сына қолдау білдіру мақсатында өткізілді.

Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың барша адамзат баласына арнаған «Әлем. XXI ғасыр» Манифесін ілгерілетуді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығы «Ақ орамал» республикалық акциясын өткізу жөнінде бастама жасағаны белгілі. Соған орай, Жезқазғанда ұйымдастырылған акция Елбасының бейбіт әлемге үндеген Манифесіне қол­дау танытуға және Семей ядролық полигонының жабылуына 25 жыл толуын атап өтуге арналды. Аналар кеңесі бастамашы болған іс-шараға қала әкімдігі мен «Нұр Отан» партиясының филиалы қолдау көрсетіп, қаладағы барлық қоғамдық бірлестіктер атсалысты. Акцияның ашылу салтанатында сөз алған қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мереке Мырзабекова соғыссыз әлемді қолдайтын ізгі ниетті шараның Жезқазғанда да жарастықты жалғасын тауып жатқанына тоқтала келіп, «Ақ орамал — аманатқа адалдық, аналарымыздың басынан әрдайым ақ орамалы түспесін» деген игі тілегін білдірді. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, қалалық Аналар кеңесінің төрайымы Зинаида Чумакова бейбітшілік пен татулықты, қазақтың салт-дәстүрін дәріптейтін ақ орамалдың мән-маңызы жайлы айтып берді.

Иә, қазақ тарихында ақ ормал айтарлықтай философиялық мәнге ие. Ақ түсті халқымыз тазалықтың, адамгершілік ізгілік пен адамның жан дүниесінің кіршіксіз пәктігінің белгісі ретінде таныған. Сонау бағзы замандарда екі елдің арасындағы дау-жанжалдарды аналардың басындағы ақ жаулығын шешіп алып ортаға тастау арқылы тоқтатып, талай қантөгістің алды алынған екен. Ана сыйлаған жан ақ жаулықтан аттамаған. Міне, бүгінде осындай ізгілігі мол дәстүрді ел есіне салу арқылы қоғамда бейбіт өмір мен тұрақтылықты сақтау көзделген. Ана рухын асқақтатқан шарада Жақсыкелді Сейіловтің «Ана туралы баллада» әні шырқалды. Енді бір сәт акцияға қатысушылардың назары халқымыздың қасиетті мұрасы — бесікке ауды. Әжелер оны тербете отырып, бесік жырын орындады. Музейдің «Аманат» театр студиясы зұлымдыққа тоқтау салған ана құдіретін арқау ететін «Бауырлас болғандар» атты шағын көріністі қойып берді. Жер бетіндегі соғыс, лаңкестік әрекеттер салдарынан болып жатқан қантөгістер тиылса екен деп тілейді ана жүрегі. Ана тілеуі — елдің тілеуі. Бейбіт өмір үшін олар акция барысында ақ орамалдарын шешіп жайлап жерге түсірді, ақ тілеумен аспанға ақ шарларды ұшырды. «Ақ әжелер» ансамблінің мүшелері «Ақ көгершін» әнін әуелетті.

Амандық РАХҰЛЫ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.