Жаңалықтар

Ақ өлім

Аса рақымды, мейлінше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Бүгін қазақ көгінен тағы бір жарық жұлдыз бабалар соқпағының сорабымен сорғалап түсті. Қазақ руханияты қара жамылып, күннің асты күңіреніп кетті.
«Қаралы хабар естімей жүрміз бе? Не болды сонша?» дерсіз, бәлкім. Иә, асылын да, жасығын да жерге беріп, мың-миллион мәрте жер тоқпақтаған халықпыз ғой… Тіпті, тұтас бір ғасырын (ХХ ғасыр) құрбандыққа шалып жіберіп, қан сасып, бір ғасыр бойы табыт арқалаған қазақпыз ғой. Қантөгіс, атыс-шабыс, қудалау тыйылып еді, жебірің жеп, обырың опырып барады. Бүгін тағы бір ұлыңды обыр жалмады.
Қалам ұстаған қауымның қабырғасын қақыратып, қара ормандай қазақ көрерменін күйзелтіп кетіп барады Бейсекем… Жетісуды білмеймін, Арқада бүгін аспаннан қан тамшылап тұрды. Баспасөздің беті қара бояуға баттасып, әлеуметтік желі теңселіп кетті. Көңілге медет болары – бар қазақ бір-біріне көңіл айтып жатыр. Жақсыда жаттық болмайтыны, жақсының жалпыға ортақ екендігі осындай біртуар азаматтардың қазасында жабырқаған жаныңды жұбатады, әйтеуір…
Түске дейін өзі өліп, түстен кейін есім-сойы өзімен бірге өлетін пенделердің де табытын көтердік қой… Жаназасында жарты ауыз жақсы лепес айтылмай, тегі бүгін, есімі ертең ұмытылатындар қаншама. Оның қасында Бейсеннің өлімі – ақ өлім. Қалың елі қазағы қара жамылып, Жетісудың желі азынап, Арқаның жұрты аңырап, Атырау мен Алтай, Қаратау мен Көкшетау Алатауға көңіл айтып жатыр.
Қасиетті айдың соңғы аптасы, Қадір түнінің қарсаңы… Қазақтың қабырғасын біртіндеп сөгіп, бүлкілдеген жүрегін қолқасымен қоса суырып алып жатқандай…
Иә, Бейсен Құранбек қазақтың жүрегі болып соғып, тамырындағы қаны болып тулаған ең сүйікті ұлдарының бірі еді. Жерден жерініп, көкке көтерілді. Ал, біз “жұлдыз ақты” деп жатырмыз. Жұлдыз аққан жоқ, көкті мекендеген Алаш жұлдыздары орын ауыстырып жатыр. Бейсенге төрін ұсынып…
Ол – рухтың найзағайы! Ол – қайраткер! Ол – қаһарман!
Найзағай көкте жарқылдайды. Бейсекем де көкке қоныс аударып жатыр. Қайраткер тек Парламенттің мінбесінен ғана емес, халықтың жүрегінен үн қатады. Қаһарман болу үшін де соғысқа қатысу міндетті емес. Елдің жүрегін жаулап, парасат патшалығына әмір жүргізуден асқан қаһармандық жоқ.
Бейсенді енді экраннан іздемеңіз. Ол бүгіннен бастап жүректерде өмір сүреді!
…Бүгінгі ауыз ашарым кермек татып кетті-ау. Көзімнің жасын қосып қайнатқан шер ғой.
Айтуға оңай…
Бақұл бол, Бейсекем!

Ерсін МҰСАБЕК,

“Ortalyq Qazaqstan”

Басқа материалдар

Back to top button