Ақкезең мәдени феномені ежелгі шаһардың ерекшелігін айқындайды

Ұлы Дала төсінде отырықшылық өмір салты болмады деген қасаң қағида тағы бір мәрте жоққа шығып отыр. Оған себеп – шет ауданына қарасты ақшоқы ауылдық округі тұсындағы қотыртау етегінде анықталған біздің заманымызға дейінгі XIII-IX ғасырға тиесілі көне ақкезең қалашығы. Анығында, Арқа төсінде қола дәуіріне тиесілі аңдаусыз жатқан қала бары – сенсациялық оқиға! Себебі, көшпелі тайпалар мекен еткен қастерлі топырақта бұған дейін урбандалу белгілері анықталмаған еді.

ҚОЛА ДӘУІРІНДЕГІ ҚҰНДЫ ҒИБАДАТХАНА

Ақкезең – Қазақстан аумағындағы қола дәуірінің ең ірі қоныстарының бірі ретінде бағаланып отыр. Мұнда тастан қаланған 80-ге жуық ғимараттар мен тұрғын үй қалдықтары түріндегі үйінділер бары белгілі болды. Қоныс аумағы 10 гектарды құрайды. Нәтижесінде, қалашықтың алып жатқан жер көлемі мен оның кейбір құрылыс ерекшеліктері осы археология ескерткішінің протоурбанистік сипаты туралы пайымды алға тартуға мүмкіндік берді.

Аталған қала аумағын зерттеу барысында 306 шаршы метр жерде қазба жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, аумағы 13х12 метрді құрайтын ауқымды құрылыс зерттелді. Бұл құрылыстың іргетасы салмағы жарты тоннаға жететін тас плиталармен қаланған. Мамандар аталған ғимараттың қоғамдық орын болғанына сенімді. Ол жергілікті тұрғындардың жиналатын, діни рәсімдер өткізетін жері болған. Ғибадатхана деуге болады. Яғни, ғалымдардың Ақкезеңге ауылдық елді мекен емес, қала статусын беруіне де осындай нысандар бары түрткі болған. Себебі, қалаларды ауылдық мекендерден ерекшелеп тұратын да осындай қоғамдық құрылыс нысандары екен. Өз кезегінде, Беғазы-Дәндібай мәдениетіне тиесілі бұл шаһарға ғалымдар Қазақстан тарихындағы жарқын мәдени феномен ретінде баға беріп отыр.

– Тап таласы мен тақ таласы турасында тарихтан көп естиміз. Адамдардың бай мен кедей болып бөлінуі де жаңалық емес. Алайда, күні бүгінге дейін құпия болып келе жатқан бір дүние бар. Ол – қоғамдағы ақсүйек (элита) және қарапайым халық болып жіктелу мәселесі. Яғни, осы жіктелу кезеңін дөп басып анықтау қажеттілігі орнады. Оған осы қазба жұмыстарын жүргізу барысында жауап алдық. Мәселен, зиялы қауым өкіліне алып қорған тұрғызу мен қарапайым адамдар қабірінің айырмашылығынан-ақ жіктелудің қай кезеңнен басталғанын айғақтай аламыз, – дейді қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан «Археологиялық зерттеулер» ЖШС Бас директоры Ерлан Әміров.

Ғалымның айтуынша, осы жіктелу негізінде де ел аумағында алғашқы мемлекеттік құрылымдар қалыптаса бастады. Айтайық, осы қала мәдениетінің экономикалық базисі кешенді – мал, егін шаруашылығы мен тау-кен ісі және түсті металлургия болған екен. Олай деуге себеп – металл қорыту барысындағы қалдықтардың анықталғандығы.

Жалпы, ғалымдар қаланы ауылдық елді мекендерден ерекшелейтін бірнеше факторды алға тартады. Оның аумағында шаруашылық, өндіріс орындарының, ғибадатхана сынды қоғамдық орындардың, серіктес елді мекендердің болуы шарт. Бұл ретте, Ақкезеңде осының барлығы болғанын айту қажет.

БІР ҚОРЫМДА – БІРНЕШЕ АДАМ СҮЙЕГІ

Сондай-ақ, ғалымдар ғибадатхана маңындағы осы Беғазы-Дәндібай мәдениетіне тиесілі Бада қорымында орналасқан кесенені зерттепті. Кесене – қоғамның белді мүшесінің басына тұрғызылған монумент екені белгілі. Кейінгі қола дәуірінде қоғамның жоғары тап өкілдерінің мәртебесі жерлеу рәсімінің сән-салтанаты арқылы да ерекшелеген. Жоғарыда айтылған ақсүйектер мен қарапайым халықтың ара-жігін осыдан аңғаруға болады.

Қазылған кесене көлемі 8,5х8,5 метр. Қазба жұмыстары барысында таң қаларлық құбылысқа тап болдық. Яғни, кесенеде бір емес, үш адам жерленген болып шықты. Таң қаларлығы – үшеуі үш дәуірде жерленген. Соның алғашқысы кейінгі қола дәуіріне, Беғазы-Дәндібай мәдениетіне тиесілі. Бірнеше ғасырдан кейін кесененің солтүстік-шығыс бөлігінде ежелгі көшпенділер жерленген қорған салынған. Оның құрылысына кесененің сыртқы қабырғасының іргетасы болған тастар пайдаланылыпты. Тағы бір мың жыл өткеннен кейін алғашқы қорған қираған. Оның орнында мұсылмандық жолмен жерленген адам сүйегі табылды, – деді Ерлан Әміров.

ЫРЫСТЫ ШАҺАРДЫҢ ЫДЫРАУ СЫРЫ

Көне қаланың күні бүгінге дейін өмір сүрмей сыры неде? Бұл сұрақты біз Ерлан Әміровке де қойып көрдік. Осы сауал археологтарды да мазалайды екен. Бұған қатысты түрлі болжам бар. Ақкезең шаһарының сырына үңілген кезде, мұнда тау-кен ісі мен металлургия дамығанын айтқан болатынбыз. Қаланың негізгі арқауы да осы өндіріс саласы болса керек. Осы күні де қалаларда жүйе құраушы кәсіпорын ұғымы бар. Бұл – тұрғындардың табыс көзі мен қызметінің басты арқасүйеуі. Яғни, Ақкезең қаласын қоныс еткен байырғы Ұлы Дала ұландары батыс пен шығысқа, оңтүстік пен солтүстікке металл саудалады деген болжамды алға тартады ғалымдар. Яғни, қаланың өмір сүру кезеңіндегі дәуір атауы айғақтап тұрғандай, ежелгі ақкезеңдіктер мыс, қола өндірген. Десек те, әлем халықтарының мысқа деген сұранысы темірдің пайда болуымен азайған. Ол өз кезегінде қала экономикасына да түбегейлі әсер етіп, ыдыраудың бір сыры болуы ықтимал.

Әрине, бұл тек болжам ғана. Қайткен күннің өзінде, Арқа топырағында Қазақстан аумағындағы алғашқы қалалардың бірі болғандығының өзі осы өңірде мәдени даму дүмпуі болғандығын айғақтайды.

Себебі, қазіргі дүние жүзі ғалымдары қала болмаған мемлекетте мәдениет те болмаған деген пікірді ұстанады. Алтын адам табылған қастерлі топырақта мәдениет болмады деп айтпас едік. Солай бола тұрса да, анықталған Ақкезең қаласындағы алдағы қазба жұмыстары талай тың жаңалықтарды алға тартып, көшпелі халыққа қатысты тарихи ұғымға деген біржақты көзқарас түбегейлі өзгереді деген сенім бар.

Рауан ҚАБИДОЛДА.