Жаңалықтар

Долинка мұражайында қуғын-сүргінге ұшыраған литвалықтар туралы көрме ашылды

Қарағанды облысы Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайында «Қазақстандағы литвалықтар» атты көрме ашылды. Сталиндік террордың қайғылы тарихы туралы баяндайтын экспозиция «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған.

 

– Біздің еліміз депортацияланған литвалықтардың өмірінде үлкен рөл атқарды. Қазақстан Литваның қуғын-сүргінге ұшыраған тұрғындарының саны бойынша Ресейден кейін екінші орында тұр. Мұнда 50 мыңға жуық этникалық литвалықтар болған. Қазақ даласына жер аударылған адамдар жергілікті халықпен бірге өмір сүрді және еңбек етті. Қазақтар оларға ауыр жағдайда көмектесіп, өмір қиындықтарына төтеп беруге жәрдемдесті. Литвалықтар жақсы ұста болды. Саздан және ағаштан тұрмысқа қажетті түрлі бұйымдарды жасайтын. Бұл халықтар мәдениетін өзара байытуға оң ықпалын тигізді, – деп атап өтті мұражай қорының бас сақтаушысы Марина Клышникова.

Көрмеде 40-50 жылдардағы тарихи құжаттар, фотосуреттер, тұрмыстық заттар жинақталған. Экспозиция материалдарынан литвалықтар қандай лагерлерде және қайда жұмыс істейтінін білуге болады. Қарағанды облысы бойынша ату жазасына кесілген литвалықтардың тізімі, мұрағаттық істердің көшірмелері, лагерлердегі қамаудағылардың құрамы мен қозғалысы, арнайы қоныс аударушылардың саны және т. б. туралы анықтамалар ұсынылған. Сонымен қатар АЛЖИР лагерінде жазасын өтеген литва ұлтының өкілдеріне арналған стенд орнатылды.

Қуғын-сүргін қасіреті нақты адамдардың тағдыры арқылы да берілді. Экспозицияда Адамис Адамонистің өлімі туралы Теміртау лагерлік бөлімінде толтырылған құжаттар; Спасск бөлімшесінің сотталушысы, әскери тұтқын Отто Спогаттың карточкалары бар.

Мұражай қорынан арнайы қоныс аударушылардың чемодандары, католиктік крест, қамаудағылардың ыдыстары мен киімдері ұсынылған.

Бүгінде Қазақстанда 7 мыңнан астам литвалықтар тұрады, оның 2 500-і Қарағанды облысында.

«Қазақстандағы литвалықтар» көрмесі 2019 жылдың 19 тамызына дейін жалғасады.

Басқа материалдар

Back to top button