Бас тақырыпЖаңалықтар

Өнер жәрмеңкесі – өз мәресіне жетті

«Әуенді Сарыарқа» халықаралық фестивалі Арқа даласын ұлы дүбірге бөлеп кетті. Өткен апта соңында шараның ашылу салтанатын жариялағанымызды газет оқырмандары білсе керек. Қарағандыда қазан айының 11 мен 15 аралығында отандық өнер ұжымдары мен шетелдік әртістердің бірлескен концерттері тынбады. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтары түрлі стильдер мен жанрлардағы классикалық, халықтық, үрмелі, джаз музыкаларына қарық болды. Осы аптаның басында Қарағандыдағы «Шалқыма» концерт залында фестивальдің жабылуы өтті.

Қазанның 11-і күнгі шараны жариялағанбыз. Ертесіне Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Игорь Андрейченконың дирижерлігімен Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігі джаз оркестрінің концерті қойылды. «Нұр Отан» партиясы филиалының концерт залындағы кеште шетел композиторлары Леонардо Бернстаин, Горден Гудвин, Сэминно Нестико, орыс композиторларының пьесалары, қазақ композиторларының шығармалары орындалды. Онда жеке орындаушылар ретінде Саня Маркович (Сербия, Белград) пен Ксения Николаева (Қарағанды) өнер көрсетті.

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының жастар хоры ұжымының концерті қазанның 13-і күні «Шалқыма» концерт залында шымылдық түрді. Дирижері – Гүлмира Құттыбадамова. Онда Қазақстан, Түркия, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттерінің хор ұжымдарының әртістері қатысты. Арнайы кеш қонақтары ретінде келген Ами Мария Гастон, «Harmonic Rythms» (АҚШ) елді өнерлерімен тәнті етті.

«Шалқыма» концерт залындағы фестивалдің жабылуында Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігі мен академиялық Тәттімбет атындағы халық аспаптар оркестрінің концертін тамашалады жұрт. Бас дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Үкібай. Сондай-ақ, мұнда Ресей халық әртісі Александр Циганков (Мәскеу), Қырғыз халық әртісі Бақтыбек Ыбыкеев (вокал, Бішкек), опера әншісі Элеонора Мустафаева (вокал, Баку) тыңдармандар ықыласына бөленді. Абай Құнанбаевтың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін Қырғызстанның халық әртісі Бақтыбек Ыбыкеев орындаса, Әзірбайжаннан келген опера әншісі Элеонора Мустафаева да қалыспай, өз тілінде шырқады.

Осылайша, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мұрындық болған мәдени шаралар легі жоғары деңгейде ұйымдастырылғанының куәсі болдық.

Дүйсен ҮКІБАЙ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

 – Керемет кеш өтті деп есептеймін. Кілең мықты деген жұлдыздар, небір талант иелері қатысқанын көріп отырсыздар. Халық өте риза. Қолдап, қошеметін білдіріп жатыр. Қуаныштымыз, сондықтан.

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button