Бас тақырыпҚазақстан халқының бірлігі күні

«Бірлік» бірлестігі елмен бірге екенін байқатты

 Бүгін Қазақстан халқының бірлігі күні. Елімізде мерекелік іс-шаралардың легі басталып кетті.  Айтулы күннің құрметіне орай, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері «Біз біргеміз!» акциясы аясында қайырымдылық шараларын ұйымдастыруда.

Иә. Өткен жолы «Намус» әзірбайжан этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Гюлаға Рзаевтың әлеуметтік тұрмысы төмен 35 отбасыға азық-түлік себетін табыстағанын естігенде көңіл марқайған. Нағыз достықтың, бауырмалдықтың үлгісін көрсеткен Гюлаға мырзаның мәрттігіне ел ырза болды. Енді міне, мереке қарсаңында сол ізгіліктің ізін жалғаған «Бірлік» өзбек этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Бахтияр Исхаков өз қолымен мерекелік палау әзірлеп, қазіргі жағдайда алдыңғы шепте еңбек етіп жүрген жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкерлеріне және Ұлы Отан соғысың ардагері 97 жастағы Бүркіт Есжановқа дәм ауыз тигізуді жөн көрген.

— Қазақ қашаннан да бауырмал халық қой. Әр кезеңдерде елден пана іздеп келген өзге ұлт өкілдерінің бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Сөйтіп, қаймағы бұзылмаған қазақ жері бүгінде көпұлтты мемлекеттің біріне айналып отыр. Ынтымақ ырысты еселейді. Бірліктің береке бастауы екенін ұғынған қазақ халқы бұл мерекеге үлкен жауапкершілікпен қарайды. Осы мейрамды жыл сайын асыға күтеміз. 1995 жылдан бастап, дәстүрлі түрде палау дайындап, дәм татқызатыным бар еді. Осы жолы да карантинге қарамай, дәстүрді бұзбай «Біз біргеміз!» акциясына үн қосайық деген ниет — бұл, — дейді бірлестік төрағасы Бахтияр Исхаков.

Індеттің беті қайтпай тұрған осы бір алағай да бұлағай шақта дәрігердің антына адалдығы біздің де көңілге медеу, жанымызға тіреу. Күллі әлемді жаулаған індеттің аясы ұлғайған бұл шақта күн мен түннің ауысқанына қарамай алдыңғы шепте дертпен күресіп жүрген осынау жандардың әрқайсысына айтар алғыс шексіз. Осы орайда ақ халаттылардың еселі еңбегін ескерген Ассамблея мүшелері 80 адамға арнап әзірленген мерекелік палауды мединица қызметкерлеріне ілтипатпен табыс етті. Сондай-ақ, азық-түлік себеттерінде қоса берді.

— Сіздер антқа адал екендеріңізді байқаттыңыздар. Ел мен жерді ауру шарпыса ең алдымен соны емдеймін деген ұстанымға берік екендеріңізді көрсеттіңіздер. Сіздер біздің заманның қаһармандары, бүгінгінің батырларысыздар. Мереке қарсаңында сіздерге деген тарту-таралғымызды ықыласпен қабыл алыңыздар, — деп лебізін білдірді облыстық “Полония” поляк қоғамының төрағасы Виталий Хмелевский.

Өз кезегінде медицина қызметкерлері зор алғыстарын айтып, қазақ елінің бірлігі нығайа берсін деп тілектерін білдірді.
Биыл – Ұлы Жеңіске 75 жыл. Осы бір сұрапыл кезеңде ерлік танытқан көнекөз қариямыздың бірі – Бүркіт ақсақал. Ақсақалдың алтын басын сыйлап, мерекемен арнайы құттықтап шыққан «Бірлік» этномәдени бірлестігі үлкен сауапқа кенелгені анық еді.

— Иә, біз ел мен жердің амандығы үшін қолға қару алып, майдан шебінде болдық. Аллаға шүкір. Құдай қарасып, жеңіске жеттік. Қанша отандастарымыз мерт болды. Бірақ, соңында қазақ деген бейбіт ел қалды. Міне, мені ескеріп, ымыра-бірліктің бар екенін айқындап, арнайы келіп отырған жайларың бар. Көңілім көтеріліп қалды. Қазақ ежелден бауырмал халық. Осы құндылығын аман сақтаса, Алаштың жұлдызы әлі де жарқырай түсетіні анық. Елге береке тілеймін. Береке — бірлік бар жерде ғана, — деп өзінің елге деген ыстық ықыласын жеткізді Бүркіт ақсақал.

Аузы дуалы ақсақалдың айтқаны келіп, ел шаңырағы шаттыққа кенеле берсін.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button