Теміртау

АӘК: көпбалалы отбасыларға қолдау көп

Келесі жылдан бастап көпбалалы отбасылар үшін бірыңғай жәрдемақы енгізілмек. Яғни, отбасы табысы есепке алынбайды. Жәрдемақы бала санына қарай белгіленеді. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек берудің (АӘК) тәртібі өзгермек. Осы орайда, Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Мирас Құттыбай, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлнара Оспанова көпбалалы аналармен, БАҚ өкілдерімен кездесу өткізіп, жаңа тәртіптің жай-жапсарын түсіндірді.

2019 жылдың сәуір айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек беріле бастады. Бұл – көпбалалы отбасыларға берілген үлкен мүмкіндік. Келесі жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек жаңа тәртіп бойынша беріле бастайды. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар қолдаусыз қалмайды. Біз әр тұрғынның әлеуметтік ахуалын назарда ұстаймыз. Биыл мұқтаж отбасылардың балаларын мектепке дайындау үшін әр балаға 28 мың теңгеден ақша бөлдік. Егер, балабақшаға барса, оның 50% ақысын Үкімет өз мойынына алды. «Мектепке жол» акциясы аясында кәсіпкерлермен бірге көпбалалы отбасыларға қолдау көрсеттік. Рамазан айында кәсіпкерлердің қолдауымен 4 көпбалалы отбасыға пәтер алып бердік. Бұл шаралар алдағы уақытта жалғасын табады – деді Мирас Құттыбай.

Елімізде 73 мыңға жуық отбасының атаулы әлеуметтік көмек алу мақсатында табысын жасырған екен. Енді олар мемлекет қазынасына 156 млн.теңге көлеміндегі қаржыны қайтарып берулері тиіс. Ал, Теміртау қаласында 411 отбасының табысын жасырғаны анықталды. Олардың ішінде 98 отбасы мемлекетке 5 млн. 700 мың теңге қайтарып беруі керек. Ал, өзге отбасылардың табысы қайта есептеліп, кейбіріне АӘК мүлдем берілмейтін болды. Мамандардың айтуынша, Үкімет ұсынған көмек адамдарды масылдыққа тәрбиелемеуі керек. Қайта адамдар осы көмектің арқасында әлеуметтік жағдайларын жақсартып, еңбек етіп, табыс табуға құлшынуы тиіс.

Мемлекет шын мәнінде мұқтаж жандарға көмек қолын созады. Біз ең алдымен балаларға және көпбалалы отбасыларға жәрдемдесеміз. Ал, еңбекке жарамды азаматтар жұмыс істеуі тиіс. Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға жұмыс орындары, кәсіп бастауға мемлекеттік субсидиялар, шағын несиелер және қайтарымсыз гранттар ұсынылады. Егер, еңбекке жарамды отбасы мүшесі жұмыс істеуден бас тартса, онда отбасының барлық мүшесі атаулы әлеуметтік көмектен де қағылады, – дейді Гүлнара Оспанова.

Оның айтуынша, 2020 жылдан бастап 4 баласы бар отбасылар – 42500 теңге, 5 баласы барлар – 53125 теңге, 6 бала тәрбиелеп отырған жандар – 63750 теңге көлемінде жәрдемақы алады. Бала саны аз, бірақ, табысы төмен отбасылар бұрынғыдай атаулы әлеуметтік көмек алады. Бұл көмекке көпбалалы отбасылар да үміт арта алады. Әрине, егер, табысы жан басына шаққанда шекті межеден аспайтын болса ғана. Сонымен қатар, көпбалалы отбасыларға әлеуметтік кепілдендірілген пакет ұсынылады. Яғни, биыл аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларын мектепке дайындау шығындары жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне қарай есептелсе, келесі жылдан бастап оның ауқымы ұлғаяды. Оқушыларға мектеп формасы, кітап-дәптер, қалам-қарындаш әперіліп, ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, олардың жолақы шығындары да өтеледі. Ал, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер үшін балалар тамағы және гигиеналық заттар сатып алынбақ.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button