Майдан хаттары: Сенім. Үміт. Махаббат.

Тозығы жетіп сарғайған қағаз. Оқ-дәрінің иісі келеді мұрынға. Ескіргендіктен сиясы да кеуіп, оқуға келмей қалғандары бар. Үшбұрыш етіп бүктелген майдан хаттарын көзге жас үйірмей, көмейге өксік тығылмай оқу мүмкін емес. Тылда қалған ардақты ата-анаға, адал жарға, еңбектеген балаға, туған жерге деген сағыныш хаттары біраз отбасыларда әлі күнге сақтаулы. Конверт болмады, сол себепті бүктеп қана жіберген дей салуға да болар еді. Бірақ, хаттардың үшбұрышты етіп бүктелуінің де мәні бар. Соғыс жылдарында жеткізілген 10 миллиард хаттың әрқайсысы сенімге, үмітке, махаббатқа толы. Үшбұрыштың да әр ұшы осыны білдіреді. Соғыс естелігін жадымызда мәңгі сақтау үшін өздеріңізге майданнан келген бірқатар хаттарды ұсынғанды жөн санадық. Ұмытпау өз алдына, соғыс енді қайталанбауы үшін…

«Амандық қат!

Ардақты, артық көруші әкемізге, шешемізге, іні, апа, аға, қарындастарға мен, балаң садықтан көп-көп сәлем. Ардақты әке! Біз Оралға соқпай Чкалоптан шығып Мордовский ССР-ға Розаевка қаласына келдік. Сол қалада жазып отырмын, картадан қарап көрерсің, оралып келеміз, барған жерде тағы жазармын.

Аманмын, денім сау, кетіп барамыз. Ауылда қалған қарындастарым, ағайларым, апайларым қалған болса, көп-көп сәлем бәріңе! Аман-есен кетіп бара-жатқанымды ескертерсің.

Ардақты Шәріпжан, мені жоқтатпа. Әзірге көріп, көріскенше күн жақсы болсын. Қош, қош, ақ қағаз арқылы қолдарыңды алдым.

Балаң  Садық».

16-8-42 адрес жоқ.

Садық Шарафиевтің әке-шешесіне жазған 44 хаты Ж.Бектұров атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған облыстық кітапхана қорында сақтаулы.

***

«Здравствуй, Оля!

С боевым приветом к тебе боевой друг Виктора Ляшко. Получил Ваше письмо, на которое спешу дать ответ. Вы просите чтобы подробно сообщить о смерти Вашего брата – Виктора Яковлевича Ляшко. 1 сентября 1944 года в не ровном бою Виктора ранили тяжело. Это было как раз в дождливый день. Когда его принесли, он истек кровью и сделался бледным. Отправляя его в мед.сан.бат я ему крепко пожал руку и пожелал скорейшего выздоровления. Но вечером сообщили что Виктор умер. Да, печально стало в сердцах его боевых друзей, с которым он кушал, шутил, пел…

…Оля, сообщаю Вам эти подробности от полевой почты 28216 «Б».

Сорокин Николай Николаевич.

Как получите мое письмо, слайте мне ответ».

Николай Сорокин жайлы дерек жоқтың қасы. Оның қайтыс болған жауынгер досы – Виктор Ляшконың туыстарына жазған осы хаты ғана облыстық мемлекеттік архив қорында сақтаулы. Хатты В.Ляшконың туыстары тапсырған.

Дайындаған Салтанат ІЛИЯШ.