Екшелген есептеулер — ілгерілеу тетігі

Бейсенбі күні облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXXIII сессиясы өткізіліп, оның күн тәртібіне облыстың одан әрі дамуына ықпал ететін біршама маңызды мәселелер шығарылды. №10 Киров сайлау округінен сайланған депутат Жақан Мұхамеджанов тізгінін ұстаған халық қалаулыларының басты жиынына облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Өтешов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев, құқық қорғау органдарының, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жұмыс регламентіне сәйкес, сессияны өткізудің ұйымдық шарттылықтары реттелген соң депутаттар қарауына алғашқы кезекте «Қарағанды облыстық мәслихатының 2018 жылғы 12 желтоқсандағы ХХ сессиясының №356 «2019- 2021 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселе ұсынылып, тақырып аясындағы хабарламаны облыстық қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина жасады.

Салаға жауапты басшының мәлімдегеніндей, 2019 жылға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексі мен Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес жүргізілген.

2019 жылға арналған нақтыланған облыстық бюджет жобасында түсімдер мен шығыстар бойынша өзгерістер ескерілген. Түсімдер құрамында салықтық, салықтық емес түсімдер және қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдерге қатысты өзгерістер назарға алынған.

Қалыптасқан үнемдеу мен игерілмеу тәуекелдеріне байланысты шығыстар құрамында облыстық бюджеттік бағдарламалардың жекелеген әкімшілері бойынша бюджетте көзделген қаражат шегінде қаражатты азайту және қаражатты қайта бөлу талабы ескерілген. Босаған қаражат есебінен бюджет жобасында колледждерде жан басына қаржыландыру; білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет нысандарының күрделі шығыстары, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, спорт, білім беру, денсаулық сақтау нысандарының құрылыс жұмыстарын жалғастыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен көлік инфрақұрылымын дамыту және тағы да басқа қоғам үшін аса маңызды мәселелер қамтылған.

 Бұлардан тысқары, нақтыланған бюджет жобасында ағымдағы жылдың қазан айында республикалық бюджетті нақтылау кезінде бөлінген нысаналы трансферттер мен бюджеттік несиелер бойынша өзгерістер ескерілген.

Облыстық бюджетке енгізілген өзгерістер сандық өлшем көрсеткіштері бойынша төмендегідей көрініс береді: бюджеттің өзіндік кірістері үстіміздегі жылдың күтілген түсімдерін бағамдау бойынша сәйкестендірілген немесе 0,5 млрд. теңгеге ұлғая түскен. Ал шығыс бөлігі мемлекеттік сатып алулар кезінде үнемделген қаражат көлеміне және 2019 жыл қорытындысымен бюджеттің атқарылу ахуалына байланысты 2,9 млрд. теңгеге шегерілген. 2,8 млрд. теңге облыстық бюджеттің ішкі шығыс бөлігінде қайыра бөлініске түсіп, жедел қаржыландаруды қажетсінетін жекелеген мәселелерді шешу мақсатына бағытталған. Олар мемлекеттік сатып алулар рәсімдерін өткізуді талап етпейді.

Қаржының қайыра бөлініске түсуі мына бағыттарды қамтиды: әлеуметтік саланы дамытуға – жалпы соманың 45 пайызы. Ал, 36 пайыздық мөлшердегі қаражат экономиканың нақты секторын дамытуға бағытталды. Бұл – агроөнеркәсіп кешенін одан әрі ілгерілету, нақтылай түссек, асыл тұқымды мал шаруашылығын, гербицидтер алу мен тыңайтқыштар құнын субсидиялау.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы қаржы Приозерск қаласында жылу беру маусымын талап деңгейінде өткеру шараларын ұйымдастыруға бағытталып отыр.

Нақтыланған бюджет жобасындағы жалпы соманың 20 пайызы даму шараларына, яғни, құрылыс жұмыстарының көлемін мерзімінен бұрын еңсерген жобаларды қаржыландыруға жұмсалатын болады. Бұлар – спорт және білім беру, денсаулық сақтау (Қарқаралы ауданы), инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым (Ұлытау ауданы), сумен жабдықтау (Абай ауданы) нысандарының құрылыс жұмыстарын жалғастыру және аяқтау, сондай-ақ абаттандыру шараларын (Қарағанды қаласы) тиянақтау.

Сонымен қатар, бюджетте даму мәселесіне қатысты Атасу, Осакаровка, Ақсу-Аюлы кенттерінде, Шахтинск қаласында газ магистралінен шығатын бөлініс-бұрмалардың құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуді аяқтау жайы ескерілген. Алдағы 2020 жылы көліктік инфрақұрылым саласына республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер бөлінуін қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттарды жасақтау мәселесі де назарға алынған.

Облыстық бюджеттің нақтыланған жобасында облыстың ішкі қаражатынан тысқары, республикалық бюджеттен биылғы қазан айындағы нақтылауда бөлінген мақсатты трансферттерді ұтымды игеру шарттылығы да мұқият ескерілген.

2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджетке өзгерістер енгізу мәселесі облыстық мәслихаттың салалық бағыттағы тұрақты комиссиясы отырысында алдын ала егжей-тегжейлі екшеліп, депутаттар тарапынан ортаға салынған ұсыныстар мен ескертпелер толық ескерілгенін айта кету артықшылық етпейді. Сондықтан, сессия барысында азын-аулақ сауалдарына қосымша жауап алған халық қалаулылары ұсынылған жобаны бірауыздан мақұлдап бекітті.

Одан кейін «Қарағанды облыстық мәслихатының 2018 жылғы 4 мамырдағы ХV сессиясының №308 «Қарағанды облысы бойынша іске асырылуы жоспарланған жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселенің мәнісімен депутаттарды облыстық экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов таныстырды.

 «Қарағанды облысының елді мекендерінде үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте, жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарының бөлінген алабында, елді мекендерден тыс үй-жайлардың шегінен тыс және жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарының бөлінген алабынан тыс жерлерде сыртқы (көрнекі) жарнама орналастырудың тәртібі мен шарты туралы Ережені бекіту туралы» сауал депутаттар талқысына облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тайхан Қалмахановтың ұсынуы негізінде салынды.

Ал, Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Аян Әбдікәрімов «Қарағанды облыстық мәслихатының 2016 жылғы 6 қаңтардағы XLI сессиясының №474 «Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы» шешімінің күші жойылған деп тану туралы» және «Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы» екі мәселе бойынша хабарлама жасады.

Күн тәртібіндегі аталған мәселелердің әрқайсысы жеке дауысқа салынып, олар бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Депутаттар назарына «Облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 26 маусымдағы XXVI сессиясының «Қарағанды облысының үдемелі индустриялық даму жөніндегі аймақтық Үйлестіру кеңесінің құрамын бекіту туралы» №299 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселені облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева ұсынды.

Содан кейін мандат иелері облыстық мәслихат аппаратының басшысы Қайрат Нұркеновтің «Қарағанды облыстық мәслихатының 2018 жылғы 12 желтоқсандағы ХХ сессиясының «Қарағанды облыстық мәслихатының аппараты» ММ-нің 2019 жылға арналған қаржыландыру жоспарын бекіту туралы» №366 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» хабарламасына құлақ түрді.

Жоғарыда аталған екі мәселе де толық қолдау тауып, тиісті шешімдер қабылданды.

 * * *

Сессиядан кейін облыстық мәслихаттың мәжіліс залында құрылыс, көлік және коммуналдық шаруашылық жөніндегі тұрақты комиссияның кеңейтілген отырысы өткізілді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ