Бас тақырыпҰлытау

Ұлытау: ұлы мұраттар ордасы

ҚАЛЫҢ ЕЛ ҮШІН ҰЛТ ҰЯСЫ АТАНҒАН ҰЛЫТАУДЫҢ ОРНЫ – БӨЛЕК, МАҢЫЗЫ – ЕРЕК. ОЛ – ҚАЗАҚ ЖЕРІНІҢ КІНДІГІ, ТУ ТІККЕН БАЙТАҚ ОРДАСЫ, ҚАСИЕТТІ МЕКЕН. ОСЫ ӨҢІРДЕ ЕЖЕЛДЕН ОРНЫҒЫП, ҰЛТ САНАСЫНА СІҢГЕН ӨНЕГЕ ҮРДІСІ – БҮГІНГІ ҰРПАҚТЫҢ ТІРЛІК КЕШУ ҮЛГІСІ. БИЫЛ ЖАЛПЫ ҚАЗАҚ ҚАУЫМЫ ҚАДІР ТҰТАР ҚАСТЕРЛІ АТАУДЫ ИЕМДЕНГЕН АУДАННЫҢ ҚҰРЫЛҒАНЫНА – 80 ЖЫЛ. ҰЛЫ БАБАЛАР ҰСТАНЫМЫН ҰМЫТПАҒАН, ҰЛАҒАТ ҰСТЫНЫН ҰЛЫҚТАҒАН АУДАН ЖҰРТШЫЛЫҒЫ ОСЫНАУ БИІК БЕЛЕСКЕ ЫМЫРА-БІРЛІГІ ҰЙЫҒАН, ЕЛЕУЛІ ІСТЕРДІ ЕҢСЕРГЕН БЕРЕКЕЛІ ҚАЛПЫНДА ШЫҒЫП ОТЫР.

 

Ұлытау – ежелгі қоныс, ескі жұрт. Ол – бүгінде дүние жүзіне белгілі қазақ ұлтының табысқан төбесі, ұйысқан іргесі. Биыл «Ұлытау – 2019» Халықаралық форумында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлт бесігінің осынау қайталанбас ерекшелігіне жете мән берді. ЮНЕСКО бюросының сарапшылары, шетелдерден келген ресми өкілдер қатысқан алқалы жиында Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлытаудың әлеуеті, әсіресе, этнографиялық, зияраттық және экологиялық туризмді дамыту үшін аса зор екенін қадап айтты. Этнотуризмді дамытуға, туристерді қызықтыратын нысан қалыптастыруға қатысты ойын ортаға салды. Ұлытаудың киелі жерлері туристерді өзіне тартып тұратын нысанға айналарына сенім білдірді. «Тарихы терең Ұлытаудың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамызға ортақ парыз. Бүгінде атқарылған жұмыс аз емес. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы ел игілігіне айналды. Аудан орталығында Қазақ хандарының аллеясы бой көтерді. Енді елдің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа таныстырудың жаңаша жолын ойластыру керек», – деген Мемлекет басшысы ата-баба аманатына адал болу талабына назар аударды. Ұлытау – халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығы болуы тиістілігін ескертіп, бұл жұмысты Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында бастау жөнінде тапсырма берді.

Президент жүктеген міндеттің тиянақты орындалуы Ұлы Даланың кіндігі – Ұлытаудың келешегіне кең тыныс берерін байыпты бағамдаған облыс әкімі Жеңіс Қасымбек киелі өңірге сапары барысында атқарылар істер ауқымын нақтылай түсті. Дәлірек айтсақ, облыс басшысы аудан аумағындағы көлік жолдарының сапасын жақсарту мақсатымен жөндеу жұмыстарына қосымша қаржы бөлінетінін мәлімдеді. Жергілікті халықты сырттан келетін меймандарға талапқа сай қызмет көрсетуге бейімдеу қажеттілігін, сондай-ақ, қонақ үйлер мен қоғамдық тамақтандыру нысандарын салу міндеті өзекті екендігін атап өтті. Туристік сапар орталығы мен жаңа мұражай құрылысы жұмыстарын межелі мерзімінде аяқтауды міндеттеді.

Жуырда ғана Ұлытауда жұмыс бабымен болған Вице-Премьер Бердібек Сапарбаев та бәтуалы істер – болашақтың іргетасы боларын еске салып, Президент тапсырмасы негізінде атқарылған және атқарылуы жоспарланған істердің ілкімділігіне көңіл бөлді.

Сексенінші белесінің биігіне көтерілген Ұлытау ауданы – тек облыста ғана емес, республика аумағында өзі деңгейлес әкімшілік бірлестіктер арасындағы жер көлемі жағынан ең ірі өңір санатында. Өтпелі кезең үдерістерінің әсерімен урбанизацияның «уытын» сезінсе де, ошағының түтінін туған жерде түтеткен азаматтарының тынымсыз еңбегінің арқасында жыл санап, дамып келеді. Осы орайда, экономика мен руханият саласының сабақтаса өрбіп келе жатқанын тілге тиек еткен жөн.

Тарихи тағылым тұрғысынан Ұлт ұясы ретінде бейресми негізде елдің рухын асқақтату міндетін еншілегендіктен, кейінгі жылдары мұраты биік істерді атқаруға ден қойыла бастады. Соның бір айғағы – дәстүрлі «Көкмайса» этнофестивалі мен «Jezkiik» Халықаралық музыка фестивалі. Мақсатты жұмыстар тиімділігін айғақтары анық. Айталық, біршама жыл үздіксіз ұйымдастырылған «Терісаққан көктемі» этнофестивалі көшпелі қауымның «Жылқышылардың дәстүрлі көктемгі мерекесі – бие байлау, айғыр қосу және қымызмұрындық» ұлттық ғұрпы Қазақстан Республикасының материалдық емес мәдени мұрасы Ұлттық тізіміне, одан кейін ЮНЕСКО-ның Репрезентативті тізіміне көптеген мемлекеттердің қолдау көрсетіп, осы саладағы әлемдік деңгейде танымал тұлғалардың оң сипатты пікір білдіруі арқылы енгізілуіне негіз қалады.

Ілгері басу – ізденістен. Мемлекеттік бағдарламалар талаптарының тұрғындар назарына жатық жеткізілуі, олардың тигізер игі әсерін насихаттау шаралары мен бұқараны бағалы бастамаларға бағыттау жұмыстары – тұрақты назарда. Өнеркәсіп өнімдерінің өндірілу деңгейі де өсе түсуде. Аудан экономикасының басты тірегі, әрине, ауыл шаруашылығы. Бұл салада да көңілге қонымды көрсеткіштер бар. Негізгі капиталға инвестиция салу жайы да қарқынды. Құрылыс жұмыстарының көлемі арта түсті. Әлеуметтік салада әлеуетті әрекеттерге басымдық берілуде. Білім беру және денсаулық сақтау салаларының кемшін тұстары ретке келтіріліп, кедергілер еңсеріліп, тындырымды әрекеттер атқарылу үстінде.

Салыстырмалы түрде алсақ, абыз қарияның жасына жеткен ауданда атқарылған істер – айшықты, жоспарлы жұмыстар – жүйелі. Ең бастысы, берекесі мерекеге ұласқан өңір халқына сергектік тән. Бұл, әрине, аудан келешегінің кемел болуының кепілі.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ

Басқа материалдар

Back to top button