Айналма жол – алысты жақындатады

Болашақта миллионер қалалардың қатарын толықтыратын Қарағанды арқылы қазірдің өзінде күніне 20 мыңнан астам транзиттік көлік өтеді екен. Оған тұрғындардың көліктерін, сондай-ақ, қалаішілік жолаушы тасымалын тағы қосыңыз. Осыдан кейін, экологияны айтпағанның өзінде, қала ішіндегі жолдарды жөндеуге бөлінетін қаражат облыс бюджетінің ортақ қазанының қаншасын опырып өтетінін есептей беріңіз. Жыл сайын жүргізілетін ұсақтүйек жұмыстарды қоспағанда, тұрақты түрде жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстарына тұрғындардың өздері куә. Осы орайда, 2013 жылы Қарағанды облысының төңірегінде «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын орындау аясында және Елбасының тапсырмасына орай, «Астана-Қарағанды-Балқаш-Алматы» Орталық-Оңтүстік көлік дәлізін қайта құрылымдау қолға алынған болатын… Аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ облыс жолдарының сапасын арттыру ісіне айрықша назар аударып отыр. Мәселен, биыл да бюджеттің барлық көзінен бөлінетін 47 миллиард теңгеге өңірімізде 1000 шақырымнан астам жол жөнделмек. Солтүстік-Шығыс айналма жолы – солардың бірі.

Кептеліс кемиді

Үлкен қалалардың қай-қайсысын алсаңыз, кез келгенінде айналма жол бар. Астана, Шымкент қалаларындағы айналма жол өз алдына, Алматыда осындай екінші жол қолданысқа берілген. Әрине, жоғарыда атап өткеніміздей, экология ғана емес, тұрғындардың қауіпсіздігін ойлаған жерде айналма жол салу – қисынды. Демек, таза қала, бюджетке үнем, тұрғындардың қауіпсіздігі, қосымша табыс көзі, оның әр жағында, адамдардың әл-ауқатының артуы.

Қарағанды айналма жолы – ауқымды және маңызды жоба. Оның үстіне, маңыздылығы облыс көлемінде ғана емес. Дейтініміз, облыс орталығы өзге қалаларға апаратын «тоғыз жолдың торабында» тұр. Жекелеген өңірлер ғана емес, еліміздің оңтүстігі мен солтүстігін жалғайтын жол қиылысындағы Қарағандының стратегиялық маңызға ие екені рас. Бірақ, барлығы қаланы айналып өтетін жолдың жоқтығына тіреліп келді. Оның үстіне, кейінгі жылдары қала ішінде жүретін көлік легінің күрт артуының өзі жолдардағы кептелісті арттырды. Қанатын кеңге жайған қалада салынатын тұрғын үйлердің артуы қалаішілік көліктің де санын ұлғайтты. Осыдан келіп, жол-көлік оқиғаларының жиі орын алуы да осы жол мәселесіне алып келеді. Көлік легі қызған шақта қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінен қалаға және кері қатынайтын көліктер қаладағы үш көпірде иін тіреседі. Жоғарыда айтқанымыздай, қозғалыстың көптігінен жылдам тозатын асфальтты жыл сайын жөндеуден өткізуге мәжбүр болғандықтан, жаз мезгілдерінде көпірлердің біреуі ғана жұмыс істейді. Бұл – қала көшелеріндегі кептелістің бірі ғана деңіз. Екінші – жүк тасымалдайтын «фуралардың» да қалаішілік жолдармен өтетіндігі. Мәселен, Астана тас жолы арқылы келетін жүк көліктеріне белгілі бір шектеу болғандықтан, қалаға кіретін көпір арқылы өте алмайды. Салдарынан, көпірге жетпей бұрылып, Лиза Чайкина көшесі, болмаса, Попов көшесі арқылы өтуге мәжбүр. Шыны керек, осы көшелердің тұрғындары «көз жастары көлшік» болып, жолдың аянышты халін жырлағанымен, лаж болмай келгені анық. Енді, айналма жол пайдалануға берілсе, тұрғындардың көзі жастан, өкпесі шаңнан арылатыны рас.

Орталықтан – Оңтүстікке

Айналма жолдың облыстық қана емес, республикалық маңыздылығы да – осында.

Жол үш кезеңмен салынады. Жол құрылысын әр жекелеген кезеңді пайдалануға бере отырып аяқтау мүмкіндігі қарастырылған. Облыс шегіне кіретін жолдың ұзын-ырғасы – 662 шақырым. Мәселен, 93 шақырымы – Анар-Теміртау, 15 шақырымы – ТеміртауҚарағанды, 362,6 шақырымы – ҚарағандыБалқаш, 143 шақырымы – БалқашСарышаған учаскелеріне, ал, 48,4 шақырымы – Қарағанды қаласын айналатын Солтүстік және Шығыс жолдарына тиесілі. 2017 жылы Анардан Теміртауға дейінгі жолдың 93 шақырымы пайдалануға берілген.

Жол салынып, пайдалануға берілсе, қалған жұмыс – кәсіпкерде. Айтпағымыз, жол бойында әр түрлі қызмет көрсету орындарын ашу. Ресми деректер қазірдің өзінде Қазақстандағы үлкен жолдардың бойында екі мыңнан астам қызмет көрсету кешені бар екенін көрсетеді. Қонақ үй саласыз ба, асхана ашасыз ба, жанар-жағар май бекеттері дейсіз бе, ерік – өзіңізде. Оның үстіне, қазір елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға үлкен жеңілдіктер қарастырылған. Қала ішінде шынымен бәскелестік жоғары болуынан, шағын кәсіпкерлік жұмысы өрге домалай қоймайтынына шынайы баға берсек, айналма жолдың салынуы тұрғындарға – мүмкіндік, ал, жолаушыларға – қажеттілік.

Өкпеміз – газдан, тұрғындар – наздан тазарса…

«ҚазАвтоЖол» АҚ-ның мәліметінше, 2019 жылдың күзінде жол пайдалануға беріледі. Сөйтіп, облыс орталығын Қазақстанның оңтүстік өңірлерімен жалғайтын көлік байланысы нығаяды, қала көшелеріндегі жүктеме азаяды. Сондай-ақ, автокөліктен бөлінетін газдан ауаның ластануы да азаймақ. Мысалы, мамандардың айтуынша, автокөлік жүретін жолдың бойынан 10 метр қашықтықтағы топырақ пен өсімдікке одан бөлінетін қорғасын қонып қалады екен. Өсімдік пен жануарлар ағзасына жинақталған қорғасын адам ағзасына түседі. Ал, қалдық газдар суда ери отырып, оны да ластайды.

Артемий ГАФТОН, «Сине Мидас Строй» ЖШС учаске басшысы: Жұмыс жоспар бойынша жүргізілуде. Белгіленген мерзімде жолды тапсырамыз деген үміттеміз. Қазір жол жабыны салынып, көпір құрылысы жүргізілуде. Компаниямыз сапаға жұмыс жасайды, сондықтан, кепіл мерзімінде жол жабынына қатысты ешқандай проблема туындамайтынына сенімдімін. Себебі, жолдың ең үстіңгі қабаты бетонмен емес, 1-санатты асфальтпен жабылады.

Көлік легі қызған шақта Оңтүстік-Шығыс пен қала арасындағы үш көпірде иін тірескен кептеліс орын алады.Айналма жол пайдаланылуға берілсе,бұл кептеліс 1,5-2 есеге дейін азаяды деп күтілуде.

Математикалық есепке салсақ, бір жеңіл автокөлік күн сайын шамамен 15 литр отын жақса, бір машинадан тәулігіне 9 кг көмірқышқыл газы бөлінеді. Ал, қала арқылы өтетін 20 мыңнан астам транзиттік көлік пен қалаішілік көліктерден тәулігіне жарты тоннаға жуық улы газ бөлінеді. Қазақ орман шаруашылығы және агроорман мелиорациясы ғылыми-зерттеу институтының 2018 жылғы есебі бойынша қалада 2 миллионға тарта ағаш бар. Бір ағаш бір адамға ғана жететін оттегін бөлетінін есепке алсақ, 500 мыңға тарта тұрғынға ағаштан бөлінетін оттегі жеткілікті болса да, оның барлығы автокөліктен бөлінетін улы газды тазартуға жұмсалады. Қала арқылы өтетін көліктер айналма жол арқылы жүрер болса, ауа да біршама тазаланары анық. Бұл – халық денсаулығына да әжептәуір ықпал етері сөзсіз.

Қауіпсіз әрі сапалы

Айналма жолдың жалпы ұзындығы 48,4 шақырым. Оның ішінде 20,2 шақырымы – қайта жаңғыртылса, 28,2 шақырымы – жаңадан салынады. Ұсақ тас төселіп, асфальт-бетонмен жабылатын айналма жол І-б техникалық санатқа ие. Яғни, Қазақстан Республикасының «Автомобиль жолдары туралы» Заңында айтылғандай, автомобиль көлігінің барлық түрлеріне арналған, жалпыға ортақ пайдаланылатын халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолы. Ал, 4 жолақты қозғалыстағы жолдың әр жолағы – 3,75 метр. Сапасы 20 жылға төтеп береді делінген жолдағы автокөлік қозғалысының қарқындылығы тәулігіне 19339 машина, ал, жылдамдығы сағатына 120 шақырым.

Солтүстік айналма жолының ұзындығы – 15,62 шақырым. Оның ішінде қолданыстағы жолдың 9 шақырымы қайта жөнделіп, 6,62 шақырымы жаңадан төселеді. Бұл жерде жұмыстарды атқаратын бас мердігер – түріктің «Сине Мидас Строй» ЖШС-і. 2006 жылы құрылған күнінен халықаралық жобалар аясында жол салудағы жетекші фирма жаңа технология бойынша асфальт төсеуге әбден машықтанған. Еліміз ғана емес, Түркия мен Польша сияқты елдерде қызметін жүзеге асыратын ірі компаниялар тобының құрамында. Ал, авторлық қадағалауды «Қостанайпроект» ЖШС, техникалық бақылауды «Zertec» ЖШС жүзеге асырады.

Бір жеңіл автокөлік күн сайын шамамен 15 литр отын жақса, бір машинадан тәулігіне 9 келі газы бөлінеді. Ал, қала арқылы өтетін 20 мыңнан астам транзиттік көлік пен қалаішілік көліктерден тәулігіне жарты тоннаға жуық улы газ бөлінеді.

Солтүстік айналма жолды қайта жөндеу аясында 2 жол айырығы, 4 өтпежол, теміржол және Солонка өзені арқылы өтетін ұзындығы 232 метрлік эстакада салынып, 24 су өткізу құбыры төселеді.

Жол жабыны бес қабаттан тұрады: ең жоғарғы қабаты «Butanol» полимер қоспасы ұсақ тасты-мастикалық асфальт жабынынан (5 см), екіншісі – ірітүйіршікті асфальт-бетон қоспасынан (10 см), одан кейінгі қабат ұсақ тас пен құмнан (20 см), ұсақ тас пен құм қоспасы (15 см), ең төменгі қабат – органикалық емес тұтқыр затпен бекітілетін топырақтан (19 см).

Ал, 11,2 шақырымы қайта жөнделетін, 21,6 шақырымы жаңадан төселетін Шығыс айналма жолында «ҚарағандыҚаздорпроект» ЖШС авторлық бақылауды жүзеге асырса, «Құрылыс сапасы» ЖШС-і техникалық қадағалау жүргізеді. Құрылыс жұмыстары 2019 жылдың қараша айында аяқталады деп күтілуде.

Шығыс айналма жолында 5 автокөлік жол айырығы, 5 өтпежол, ауылшаруашылығы техникасы өтетін 6 жол, Соқыр өзені арқылы 1 көпір, дем алуға арналған 2 алаң салынады деп жоспарланған. Жол жабыны – 80 см.

Түйін

Сапалы жол – аймақ айнасы. Қазақ «Жол жаман болса, атаң да сүрінеді, атан да сүрінеді» деп, алыс жолға шығарда ең алдымен «жолы қандай екен?» деп сұрауды әдетке айналдырған. Оның үстіне, Қарағанды облысы – туризмді қарқынды дамыту үшін қолайлы аймақтардың бірі. Демек, экономикалық жағынан жол сапасының облыс орталығындағы ахуалға да тікелей әсері бар. «Қарағанды қаласының Солтүстік-шығыс айналма жолы сапалы болғандықтан, 15 жылға дейін жөндеу жұмыстарын қажет етпейді» деп отыр «ҚазАвтоЖол» АҚ мамандары.

Бірақ, Бүкілодақтық экономикалық форумның өткен жылғы деректеріне сүйенсек, Қазақстандағы автомобиль жолдары сапа жағынан 138 елдің ішінен 108 орынды місе тұтқан екен. Жалпы, сапаға келгенде жол салушылар өздерінің жұмыстары мінсіз, тек еліміздегі қолайсыз ауа-райы ғана жолдың мерзімінен бұрын бүлінуіне себеп дейді. Асфальт қытымыр қыс пен аптап ыстыққа төтеп бере алмай жарылады-мыс. Жол салудың маманы болғандықтан, бір білгендері бар шығар. Дегенмен, технология қарқынды дамыған заманда жол жабынының оңтайлы қоспасын табуға не бөгет деген сұрақ мазалайды. Мәселен, өткен жылы Қарағанды мен Теміртау арасындағы автобанға жер асты сулары салдарынан сызат түсіп, 5 шақырымнан астам жол қайтадан төселген болатын. Бас мердігер «СейСер» ЖШС барлық шығынды өзі көтеретін болды деп те жарыса жаздық.

Жаман ойлаудан аулақпыз. Жол салуда алдына жан салмаған, абырой-беделіне нұқсан келмеген түріктің «Сине Мидас Строй» ЖШС-і мұндай олқылықтарға жол бермей, жергілікті жердің ауа-райын ескере отырып, сапалы салуға тырысады деген үміттеміз. Қараша айында қолданысқа беріледі деп жоспарлаған жол сапасының ендігі сыншысы – автокөлік иелері.

Салтанат ІЛИЯШ.