Жаңалықтар

Ауылдың ақ дастарқаны

Өткен сенбі Қарағандыда астатөк ырыстың дастарқанына айналған «Ауыл – Береке» жәрмеңкесі бастау алды. Бұқараның бұйымтайын ескерген билік биылғы облыстық жәрмеңкелерді Олимпийская көшесінде ұйымдастырғанды жөн көріпті.

Қарағандылықтар таң бозынынан «Шахтер» стадионының маңайындағы алаңнан табылды. Мұнда сөрелер қойылып, боз шатырлар керілді. Ал, шатырлар асты ауылдан жеткен мол тағаммен толықты.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы таратқан мәліметті сөйлетсек. Сауда алаңынан 72 шатыр орын тепті. Аймақтың сегіз ауданынан 490 тоннаға жуық азық-түлік жеткізілген.

Сөредегі баға – базардағы алыпсатар сұраған сомадан біршама төмен. Яғни, 15-20 пайызға. Әкімдіктің шарты солай. Ал, бекітілген бағаның құбылмауына билік өкілдері бақылау жасады. Бұл, әрине, келе жатқан қыстың қамымен күн көтеріле қапшығын сүйрете жеткен жұрттың қалтасына тиімді.

Бұл күні мал бағып, егін еккен ағайын қалалықтар дастарқанына 76,2 тонна ет, 6 тонна балық, 105,7 тонна көкөніс, 14,2 тонна сүт өнімі, 280 тонна картоп, 279 мың жұмыртқа мен 8 тонна басқа да ауыл шаруашылығы тауарларын ұсынды.

Аудандардан келген келген өнерпаздар әсем әннен шашу шашты. Дәстүрлі бауырсақ және қымыз фестивальдері ұйымдастырылды. Ауылдың тәтті-дәмдісін аңсаған қарағандылықтар жеңсік астан дәм тату мүмкіндігіне ие болды. Жәрмеңкедегі игі істерге бұқара дән риза.

  • Жәрмеңкенің тарихы тереңде. Мысал ретінде іргедегі Қоянды жәрмеңкесін айтуға болады. Бұл, бір жағынан, халықтың жағдайына қарайласса, екінші, жағынан, ерекше той-думан десек те болады. Ел мен ел араласып, байланыс арта түседі. Жәрмеңкені жаңғыртып, ортамызға алып келген биліктің бастамасын қолдаймын. Осы жәрмеңкенің арқасында қоймамызды көкөніске толтырып жатқан жайымыз бар, – дейді қала тұрғыны Мақсат Сейітжанов.

Облыстық жәрмеңке мұнымен шектелмейді. 27 қазан және 10 қараша күндері ауылдың ақ дастарқаны Олимпийская көшесінде тағы жайылмақ.

Нұрқанат ҚАНАФИН,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button