Бас тақырыпЖаңалықтар

Орындалған арман

Бір адамның арманы жүздеген жанның қуанышына себеп болды. Бұдан былай Қарағанды облыстық жоғары мейіргерлік колледжінің студенттері алысқа ат арытпай, өз оқу орындарының қабырғасында жүріп-ақ спортпен шұғылдана алады. Жаңа спорт кешенінің есігі студенттермен қатар қарапайым тұрғындар үшін де айқара ашық.

Тарихы сонау Кеңес дәуірінен басталатын Қарағанды облыстық жоғары мейіргерлік колледжі – еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі. Талай жанның алғысына бөленген ақ халатты абзал жандардың көбі осы жерде тәлім алған. Мұнда білікті маман дайындау үшін керектінің бәрі бар. Заманауи құрылғылар, кітаптар, кәсіби мамандар. Тек, бір ғана нәрсе қолжетімсіз болып келді. Ол – спорт кешені. Иә, сонау 1935 жылы ашылған колледждің жеке спорт кешені болмаған. Студенттер денешынықтыру пәнін өзге ғимаратта өткізуге мәжбүр болып келіпті. Бұл спортпен жүйелі шұғылдануға айтарлықтай қиындық туғызған. Енді, бұл кемшілік жойылды.

Колледж директоры Аманжол Нұрбеков студенттер үшін заманауи спорт кешенін ашуды ұзақтан бері армандағанын айтты.

– Бұл кешеннің құрылысы бұрын арман еді. Оны жүзеге асыру үшін көп еңбек еттік. Барлық мүмкіндіктерді қарастырдық. Армандар орындалады. Міне, салтанатты түрде ашып, студентер игілігіне тапсырып отырмыз, – дейді Аманжол Нұрбеков.

Жаңа кешенде үлкен спорт зал, киім ауыстыру, жуыну бөлмелері, шахмат, тоғызқұмалақ, теннис және массаж кабинеттері бар. Кешеннің игілігін студенттермен қатар қала тұрғындары да көре алады. Әрине, тұрғындар үшін қызмет ақылы болмақ. Колледж басшылығының айтуынша, бұл қосымша табыс табуға жол ашады. Одан түскен пайда спорт кешенінің жұмысын жандандыру үшін жұмсалмақ.

Көптен күткен кешеннің ашы лу салтанатына «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асқар Хорошаш қатысып, студенттер мен ұстаздарға ыстық лебіздерін білдірді.

 – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бұқаралық спорт пен денешынықтыру қарапайым халық үшін қолжетімді болуы керектігін атап өткен болатын. Бұл кешеннің ашылуы Президенттің 100 сауықтыру спорт кешенін салу тапсырмасының орындалуы деп санаймын. Жаңа кешен құтты болсын, – деді Асқар Хорошаш.

Салтанатты шарадан кейін құрметті қонақтар спорт кешенін аралап, колледждің тыныстіршілігімен танысып қайтты.

Колледж кітапханасында білім беруді модернизациялау үшін Coworking аумағы ашылған. Бұл жерде студенттер білім алып, жеке және топтық жұмыс өткізе алады. Заманға сай безендірілген, әдемі әрі жайлы орталық жастардың білімге деген құлшынысын оятып, бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасайды.

Қарағанды облыстық жоғары мейіргерлік колледжінің тағы бір жаңалығы – ІТ сынып. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ашылған кабинетте студенттерге сайт ашу, мобильді қосымшалармен жұмыс істеуді үйретеді. ІТ сыныптың жұмысымен танысқан Қадиша Оспанова алдағы уақытта «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы тарапынан қолдау көрсетуге уәде берді.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button