Жаңалықтар

Ұстазым

Ең аяулы, ең ардақты ұстазым,

Балаларды ақылды қып шығардың.

Сен болмасаң,

Оқу, білім болмайды.

Өзің жайлы,

Шәкірттерің жырлайды.

Ең әдемі, ең сұлусың ұстазым,

Білім қуған біздерге,

Ғылым жолын нұсқадың.

Медина ҚАРАҰЛ,

№91 жалпы білім беретін орта мектептің 2«А» сынып оқушысы.

ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Болашақты бірге жасаймыз

Сонау ерте заманда, бүгінгі қазақ елінде, Жаңаарқа атты жерінде ақылдың символы ретінде көкті сұнқар, таланттың тұмары болып жерді тұлпар, білімді кітап, байлықтың бастауы болып жерді інжу басқарыпты. Күндердің күнінде бірі ақылына, бірі талантына енді бірі біліміне және байлығына мастанған төртеуінің рухы биіктеп, бойларына желік бітіп, әрқайсысы өз мекендерін тастап, ел кезіп кетіпті. Сұңқар ұшса қанаты қайырылып, тұлпар шапса тұяғы талып, кітап мұқабасы мұжылып, маржан құндылығынан айырылып, өздеріне жайлы қоныс таба алмай дүниені кезіп әбден шаршапты.

Ақыры, жүгініп әлем Абызына келіпті. Абыз мән-жайды түсінген соң:

– Иә, осы әрекеттеріңнен өздерің не көрдіңдер, не түйдіңдер, ойларыңды айтыңдаршы, – депті.

– Көргенімізді айтсақ, көпсөз, түйгенімізді айтсақ – әркімнің өз жері жұмақ мекені екен,– депті сұнқар.

Кісі елінде күркірегенше, өз еліңде дүркіре дегендей, «өз елім – өлең төсегім»,– депті тұлпар.

Өз Отаным оттан да ыстық, теңізден де терең екен, – депті інжу.

Туған жерге туың тік,– деп қостапты кітап.

Сонда Абыз: – Тауып айттыңдар, ғаламның төрт тірегі «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» – деген осы. Біріңсіз біріңе күн жоқ. Сендерге жетпей тұрған бір ғана нәрсе – ол мейірім.

«Бес саусақ бірікпей іс бітпес» дегендей, мен сендерді алтын нұрлы күн астында жинайын. Күн – ол кімге болсын шуақ нұрын шашуға даяр, кімнің болсын айбарын асқақтатуға әзір. Сендерге керегі – тек ынтымақ. Дөңгеленген дүниенің доңғалағына дұрыс бағыт беріңдер, – деп шығарып салыпты.

 

Мәди ПАЗЫЛОВ,

Б.Амалбеков атындағы орта мектеп.

«Балбөбектің» тілшісі.

 

Анашым

Алыс кетсем сағынам,

Күн көрмесем жабығам.

Анашыма тілеймін,

Мен үшін жүрші сен аман.

Күлімдеген жанарың,

Жылу берген жаныма.

Мен өзіңмен мақтанам,

Аман жүрші, жан анам.

 

Әмина БОЛАТҚЫЗЫ,

К.Байсейітова атындағы мектептің 4-сынып оқушысы.

 

АҚТОҒАЙ ауданы.

Ұстазым – ұлағатым

Ең алғаш мен мектепке келгенімде,

Өзің шығып алдымнан күлімдедің.

Тіпті мен бір өзіңнің балаңдаймын,

Еркелетіп, айым деп, күнім дедің.

Өлең сөзге баулыдың мына мені,

Тезірек жылжыса деп күн ілгері.

Ұлылықты көтерген ұстазымсың,

Сол баяғы оқушы күнімдегі.

Жүзіңе қарайлаймын күлімдеген,

Елжіретіп барады нұрың мені.

Өзіңнен мен білімге қуат алғам,

Арылып надандықтан мен ілгері.

Ләйлә ХИНАЯТ,

 Көкпекті орта мектебінің 

6 «А» сынып оқушысы.

БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.

 

Тәуелсіздік нұры

Тәуелсіздік жырың,

Тәуелсіздік нұрың.

Құтты болсын, ағайын,

Тәуелсіздік  күні.

Тәуелсізбіз,  азатпыз,

Міне, қандай ғажаппыз.

Қадірін  оның білетін,

Өр мінезді қазақпыз!

Арайлым КӨЖЕК,

О.Әлібаев атындағы мектептің 

3-сынып оқушысы.

ЖАҢААРҚА ауданы.

 

Көп жақсылық күтеміз

Кел, жаңа жыл, Тәуелсіз еліме,

Жылдан жылға қарсы аламыз сені де.

Жаңару мен жаңғыруды ала кеп,

Бақыт сыйла мәңгілік мынау еліме.

Тауық жылы берекелі жыл болды,

Елімізде игі істер көп болды.

Абыроймен ЭКСПО-ны аяқтап,

Әлем тарих сахнасында із қалды.

Ұлт бірлігін паш еттік біз әлемге,

Айшықтадық орнымызды әлемде.

Тірліктен де артық қойған бірлікті,

Мәңгілік ел рухы асқақ бүгінде.

Жаңа жылдан –  елімізге тыныштық,

Тату-тәтті, ынтымақ пен ырыс-құт.

Жаңа жылдан – балаларға шат күлкі,

Арман, тілек орындалсын тым ыстық.

Аружан САПАРБЕК,

Ю. Гагарин атындағы мектеп-лицейінің

5 «Г» сынып оқушысы

 

ШЕТ ауданы.

Егер мен «Президент» болсам…

Мен үшін ең үлгілі адам – Нұрсұлтан ата. Өзіне де, ұлтына да сөз келтірмейді. Елбасымыз ырысты еңбектен, игілікті ісінен іздеген адам.

Қазақстандай дамыған мемлекеттің көшбасшысы болуды әр бала армандайды ғой. Менің арманым Нұрсұлтан атадай Президент болу. «Арман алдамайды, мақсат адастырмайды» дегендей мен сабағымды жақсы оқып, арманыма жетсем деп ойлаймын. Егер мен Президент болсам елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы  атамыздың сара жолын жалғастырып, еліміздің ғұмыры ұзақ болуы үшін қолымнан келгенін аямас едім. Ең алдымен тілдің мәртебесін, екіншіден  ұстаздар мәртебесін  көтерер едім. Себебі, тіл мен дінін жоғалтқан халық тамырынан айырылған ағаш сияқты ғұмыры  қысқа болады. Екінші мәселе «Ұстаз – ұлы есім» болғандықтан, ұстаздың мәртебесін көтеру керек деп ойлаймын. Себебі ғалым да, ақын да, атақты адамдар да осы ұстаздардың алдынан шыққан. Ұстаздың еңбегі ерекше. Сондықтан ұстаздың еңбегін бағалап, жалақысын көтеру керек. Мүмкін емес нәрсе жоқ деп ойлаймын. Ең бастысы әр қазақтың жүрегі «Мен -қазақпын» деп соқса, еліміз бұзылмас қамалға айналады.

 

Айым МЕРЕКЕҚЫЗЫ,

№21 орта мектептің

4-сынып оқушысы.

 

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button