Бас тақырыпЖаңалықтар

Жаһандық проблема – жастар назарында

«Невада – Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының құрылғанына келесі жылы – 30 жыл. Осы айтулы шара қарсаңында қарағандылық жастар бас болып, халықаралық деңгейдегі форум ұйымдастырды. «Бейбітшілік эстафетасы – жастарға» аталған форум Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде бейсенбі күні өтті.

Басқосудың басты мақсаты – жастарды жаһандық деңгейдегі мәселелерді шешуге атсалысуға шақыру, олардың күшін зорлық-зомбылық, қауіп-қатерден ада бейбіт әлем қалыптастыруға бағыттау. Сондай-ақ, еліміздің ядролық қауіпсіздік жөніндегі саясатын әрі қарай нығайту. Аталмыш шараға «Невада – Семей» антиядролық қозғалысының төрағасы, қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов арнайы келіп қатысты.

Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Марат Ибатов шараның маңыздылығына мән берді.

– Бүгін біздің оқу орны жаһандық мәселелерді шешу жолдарын талқылап, ой бөлісетін алаңға айналды. Қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ядролық полигонды жабу туралы Елбасының Жарлығымен біздің еліміз өзінің антиядролық саясат ұстанған бейбітсүйгіш ел екендігін әлемге паш етті. Бұл – халықтың талабы бойынша полигоны жабылған тарихтағы алғашқы жағдай. Ядролық сынақтардың зардабын әбден тартқан қазақ елі үшін аса маңызды мәселе. Сондықтан, біздің бүгінгі форум әлемде бейбітшілікті қалыптастыру жолында үлес қосады деп сенемін, – деді Марат Ибатов.

Облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мирас Құттыбай облыс әкімі Ерлан Қошановтың лебізін жеткізді. Онда аймақ басшысы жаппай қырып-жою құралдарынан бас тартқан еліміз әлемдегі бейбітшілікті сақтауға үлкен қадам жасағанын, оның бұл шешімі Вашингтон, Сеул, Гаага, Астана қалаларында өткен антиядролық конференцияларда айтылғанын жеткізіпті. Жастарға сәттілік тілеп, форум жұмысы өнімді боларына сенім білдіріпті.

Сонымен қатар, форум барысында еліміздің Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың, Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың та жолдаған лебіз хаттары оқылды.

– Осыдан 29 жыл бұрын Семей өңіріне жақын орналасқан аймақтар арасында Қарағанды қандай белсенділік танытса, бүгін де міне, қозғалыстың 30 жылдығы қарсаңында сондай үлес қосуда, – деді сөз алған Олжас Сүлейменов. – Әлі есімде, 1989 жылы біздің қозғалыс Семей полигонында жоспарланған 18 жарылыстың 11-ін тоқтатты.

Ал, 19 қазанда Семей полигонында соңғы, жетінші жарылыс болды. Содан кейін Қарағанды жерінде жаппай митингтер болып, 130 мың кенші ереуілге шықты. Кеншілер антиядролық қозғалыстың бастауында тұрды. Бұл күнді нағыз тарихи күн деп есептеуге болады. Одан кейін антиядролық қозғалыс халықаралық келбетке ие болды.

 Олжас Омарұлы «Невада – Семей» қозғалысының 30 жылдығында тағы бір мәрте конгресс өткізу туралы жоспарларымен бөлісті. Қоғам қайраткері ядролық қаруды «мемлекет қауіпсіздігінің құралы» деген мәртебесінен айыруды көздеп отыр. Себебі, осы желеумен әлі күнге дейін әлемнің әртүрлі елдерінде сынақтар тоқтаусыз жүргізілуде.

Аталмыш қозғалыстың белсендісі, АТОМ жобасының Құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков сол жылдардағы ел мен жер қасіретін еске алды.

– Қасіретті көп шеккен – қарапайым халық. Қазіргі таңда ондай сынақтар жасалмаса да, оның салдары мен залалы әлі күнге дейін білініп келеді. Сынақ жүргізілген айқмақтардан өздері үшін, балалары үшін үрейленген халықты көресіз. Бүгінгі жастар тарихтың бұл кезеңдерін біліп, одан сабақ алып, бастысы, аға буынның салып кеткен жолымен жүрсе екен деймін. Олжас Омарұлына алғысым шексіз. Сынақтар туралы ашық айтып, халықтың мәселесіне назар аудартқан сіздің еңбегіңіз өте зор, – деді ол.

Басқосуда мінберге көтерілген тәуелсіз Қазақ елінің алғашқы сыртқы істер министрі, саяси ғылымдар докторы, ҚарМТУ-дың Құрметті профессоры Төлеутай Сүлейменов, Павлодар қаласындағы «Самал» қалпына келтіру орталығының директоры Зинаида Багненко өз баяндамаларында көпшілікке ой тастар пікірлерін білдірді. «Семей-ЯП» қорының төрағасы Болатбек Әбдікәрім, Олжас Сү- лейменов пен Марат Ибатовқа белсенді бітімгерлік қызметі үшін қордың естелік медальдарын табыс етті.

 Онлайн түрінде «Невада – Семей» антиядролық қозғалысының Мәскеудегі және Санкт-Петербургтағы бөлімдерінің басшылары, Ресей, Тәжікстан мен Қырғызстандағы халықаралық антиядролық қозғалыстың жастар Альянсы өкілдері форум жұмысына қатысу мүмкіндігін алды.

 Сынақ нәубетін көзімен көріп, бастан кешкен форум қатысушылары еңсеңді басатын естеліктер айтып, жастарды ядролық қаруға қарсы бірге күресуге шақырды. Олардың көздегені бір мүдде – мұндай қасіреттің қайталанбауы. Елімізде ғана емес, әлемде. Себебі, бір ұлт, бір мемлекетті ғана емес әлем халықтарын біріктірген қасірет ошағы жабылса да, оның салдарын халық бүгінге дейін тартып келеді. Ұлы мұрат жолында әрекет ету кезегі – жастарда. Бұл – мақсат аясындағы жұмыстар алдағы Жастар жылында жандана түседі деген үміт басым.

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button