Ақтеректегі Ахмет үйінің шырақшысы

Қазақ елінің тарихында қаншама ұлы тұлғалар өтті. Олар өз қазағына ғана емес, күллі түркі жұртына, тіпті, бүкіл адамзатқа өнеге боларлық ұлы іс атқарды. Солардың бірі, ұлт мәдениетінің Хантәңірі – Ахмет Байтұрсынұлы. Туған жері Қостанай болғанымен, киелі Қарқаралы өңірінде қазақ қоғамы мен мәдениетінің ілгерілей дамуына өз үлесін қосты.

Ахмет – ұлттық мектептің іргетасын қалаушы дегенде, бірден Ақтеректегі ұлт ұстазы ашқан мектеп еске түседі. Бұл жерде Ахаң аз уақыт тұрса да, ұрпақ тәрбиесіне аса көп қызмет жасаған. Аталған білім ошағының осы уақытқа дейін сақталуына өз үлесін қосқан ұлт жанашыры Жеңіс Рақышевтің еңбегі зор. Осындай халықтың ішінде жүрген қарапайым жанның ұлты үшін жасаған жақсылығын мектеп оқушыларына таныту мақсатында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №41 мектеп-гимназиясында Жеңіс Рақышевпен арнайы сұхбат-кездесу өтті. Ақсақал өткен өміріне көз жүгірте отырып, Ақтеректегі мектепті сақтап қалудағы жасаған еңбектерін баяндап берді.
Өткен ғасырдағы аумалы-төкпелі кезең де мәлім. Ауылдар құлап, тарай бастады. Мәдени ошақтар біртін-біртін бұзылып, елдің отынына айналды. Сол кезеңде Ақтерек ауылындағы киелі мектепке де қауіп төнді. Мектептің бұзылмай, сол қалпында сақталуына жанашырлық танытқан осы Жеңіс Рақышев болды. Мектепті жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін сол кездегі аудан басшылығының табалдырығын тоздырады. Жеңіс ақсақалдың игі бастамасы 2006 жылы қолдау тауып, мектеп толық жөндеуден өтеді. Оқу орнының басшылығы оны келешекте №41 мектеп-гимназиясындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мұражай-дәрісханасының филилалы ретінде ашуға ұсыныс білдірді. Бұл атадан балаға мирас болған тағылымы мол, игілікті іске кейінгі ұрпақ өз ризалығын білдірді. Алаш зиялыларының табаны тиген жердегі тарихи мұраны сақтап қалу – ендігі ұрпақтың міндеті.

С.КҮЛПЕЙСОВА,
А.Байтұрсынұлы атындағы №41 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.