Жаңалықтар

Ел алдында есеп берді

Сейсенбі күні «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы, генерал-майор Мергенбай ЖАППАРОВТЫҢ жыл сайынғы қала тұрғындарына есеп беру кездесуі өтті.

Аталмыш шараға қала тұрғындары, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова, Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров, Қарағанды қаласының мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанов және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Алдымен Мергенбай Жаппаров биылғы жылдың есепті мерзіміндегі жұмыс қорытындысы туралы баяндама жасады.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру: табыс пен өмір сүру сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын жолдады. Президенттің бағдарламалық құжатта басымдық берген негізгі бағыттарының бірі полиция қызметіне қатысты. Қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігі қазақстандық полицияны жаңғыртуға арналған Жол картасын әзірлеуді бастады. Министрлік штат санын оңтайландыруды, басқару бөлімшелер санын қысқартуды, халықтың қоғамдық сенім деңгейіне және халық арасында қауіпсіздікті бағалау көрсеткішіне назар аудара отырып, полицияны бағалау критерийлерін түбегейлі өзгертуді жоспарлауда, – деді департамент бастығы.

Мергенбай Жаппаровтың айтуы бойынша, халық арасында алаңдаушылық туғызатын мәселелердің бірі жер қатынастары мен құрылыс саласындағы бюрократиялық рәсімдер болып табылады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы жер және жылжымайтын мүлік объектілері туралы бірыңғай ақпараттық дерекқор құруды тапсырды.

Президенттің жоғарыда аталған бастамалары шеңберінде құзыретті мемлекеттік органдар жеке және заңды тұлғаларға нақты пайдалану үшін берілген барлық жер учаскелерін тексеруді жоспарлап отыр. Уақытында пайдаланылмаған және дұрыс пайдаланылмаған жер заңды түрде алынып, нақты инвесторларға берілетін болады.

Қазіргі кезде жергілікті полиция инспекторлары прокуратура органдарының аумақтық өкілдерімен бірлесіп, жер учаскелерінің иелерін анықтау және құжаттарды тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Басшының айтуы бойынша, осы жылдың 9 айын өткен жылмен салыстырғанда тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны 8%- ға (17837-ден 16378-ге дейін) төмендеді. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың саны 15%-ға қысқарды. Орташа ауырлықтағы қылмыстардың саны 8% -ға және кішігірім ауырлықтағы қылмыстар 10%-ға азайды. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда қылмыстың өсуіне жол берілмей, көшедегі қылмыс деңгейі 14% -ға төмендеген.

Бұдан басқа, кісі өлтіру, зорлау, ауыр дене жарақаттарын салу, қарақшылық, мүліктің ұрлану оқиғалары қысқарған.

Сонымен қатар, жол апаттарының саны 24%-ға (517-ден 393-ке дейін) және 25% -ға (664-тен 498-ге дейін) азайған. Бірақ, жол-көлік оқиғаларында адам шығынының саны азаяр емес.

Облыс аумағында апаттың деңгейін тоқтату үшін профилактикалық және жол қозғалысы ережелерін бақылау мақсатында 13 іс-шара өткізілген. Мысалы, «Ауыртпалықты бақылау», «Ішкі жүргізуші», «Автобус», «Қауіпсіз жол» шаралары секілді.

Жол қозғалысында 124 мыңнан астам құқық бұзушылық орын алған. Олардың 1477-сі мас күйінде жүргені үшін, 1440-ы жаяу жүргіншілер салдарынан және жаяу жүргіншілердің 14 мыңға жуығы құқық бұзған.

Сондай-ақ, мүліктің ұрлануын болдырмау және жариялау проблемалары, атап айтқанда, мал ұрлау, ұялы телефондар мен көлік құралдары ұрлықтарының алдын алу мақсатында 2018-2020 жылдарға арналған ұрлыққа қарсы күрес бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мәселен, жыл басынан бері 5 431 ұрлық жасалған. Генерал-майордың айтуынша, олармен тиімді күрес жүргізу үшін тәртіп сақтау органдарының күшейтілген жұмысы ғана емес, сонымен қатар, қала тұрғындарының тарапынан да ден қоюшылық қажет. Мысал ретінде пәтерлерде дабыл жүйесін орнатуды ұсынды. Қаладағы 160 мың пәтердің тек 3600-де ғана күзет жүйелері орнатылған.

– Бұл – қаламыз үшін өте төмен сан. Өз мүлкіне деген жауапкершілік өте маңызды. Дегенмен, біз құқық қорғау органдары ретінде ұрлықтардың санын азайту үшін жұмыстарды атқара береміз. Осылайша, қаламызды ЖБО камераларымен қамту 18,6%-ды құрайды. Жылдан жылға бұл көрсеткіш өсіп келеді. «Қазақтелеком» АҚ 793 тұрғын үй кіреберістерінде 1586 камера орнатты. Камералар онлайн режимде бейнені полицияның тірек бекеттеріне жіберіп отырады, онда учаскелік полицейлер аулалар мен кіреберістерде не болып жатқанын бақылап отырады. Барлық жазбалар «Об лако» сервисінде сақталады. Яғни, оларға рұқсаттама болған жағдайда кез келген уақытта, кез келген құрылғыдан кіруге болады. Мұндай қызметтің ақысы – бір пәтерден 350 теңге. Алайда, тұрғындар келісе бермейді, біз қазір түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бұл камералар не үшін орнатылғаны және тұрғындардың өздері үшін несімен тиімді екенін айтып жатырмыз, – дейді Мергенбай Жаппаров.

Құқық қорғау органдары кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың алдын алуға да аса қатты назар аударуда. Биылғы жылы 339 тұрмысы төмен отбасылар анықталған, 16 жасөспірім әумесерлік мінез-құлқы бар балаларға арналған мамандандырылған мектепке жіберілді, 14 адам атааналық құқығынан айырылды, тағы 1164 ата-ана балалары түнгі уақытта үйден тыс жерде жүргендері үшін әкімшілік жазаға тартылған.

Кездесуде Қарағанды қаласы Ішкі істер басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Нұрсұлтан Мұқашев та сөз сөйлеп, тұрғындарға қаладағы қылмыстық жағдай туралы ақпарат берді. Сондай-ақ, ол полиция бөлімінің қабылданған шаралары туралы, жедел жағдайды тұрақтандыру, қылмыспен күресуде  халықпен алдын алу жұмыстарын жүргізу туралы сөз етті. Ол ауыр және аса ауыр қылмыстардың, соның ішінде, есірткі саудасы мен көлік тонауға байланысты қылмыстардың анықталу деңгейін арттыру үшін қосымша күш-жігер жұмсалатындығын және заң үстемдігін нығайтуға бағытталған басқа да шаралар қабылданатынын атап өтті.

Сондай-ақ, кездесу барысында тұрғындар тарапынан сұрақтар қойылып, Ішкі істер органдарының өкілдері тұщымды жауаптар қайтарды. Мысалы, қарағандылықтарды мектептердің маңында жаяу жүргіншілер өткелі жоқ екені, көше шамдарының болмауы және учаскелік полицейлердің тым жұмысбастылығын айтып шағымданды.

Департамент бастығы қала тұрғындарының уәждерін ескеріп, арнайы комиссия құру туралы тапсырма берді.

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button