Ақан сері: ән бәсеке

Ән көңілдің ажары ғана емес, мәнді өмірдің өзегі де! Ән дегенде, аузымызға әуелі Ақан сері ҚОРАМСАҰЛЫ түседі. Алаш ән өнерінің алыбы да, жарығы да Ақан қазақта. «Серінің сертке таққан семсеріндей» (Қасым) әндері Арқа даласында, «Әудем жер» атты дәстүрлі ән орындаушылары арасында өткен облыстық байқауда қанатын керді.

Ақан серінің туғанына 175 жыл толуына орай 16 мен 35 жас аралығындағы жас орындаушылардың ән байқауын облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен Кеншілер мәдениет сарайының ұжымы ұйымдастырған екен. Облыстың түпкір-түпкірінен келген өнерпаздар аталған сарайда екі күн бойы Ақан серінің әндерін шырқады. Аталы елдің баласы бір-бірімен осылай жан ғұмырын шертетін ән дүбірін салып жарысады. Алашта Ақан болмаса, ән де болмастай. «Қазақ деген – Ақан сері, Өлеңі бар, өзі жоқ…» дегені бар Серік Ақсұңқарұлының.

Жас орындаушылар арасындағы байқаудың қорытынды кешінде сөз сөйлеген Кеншілер мәдениет сарайының директоры Жаролла Ақыш «мұндай байқаулар өнерге таласы бар таланттарды шыңдайды. Өнерпаздарды шабыттандырып, қанаттандырып қана қоймай, елге танытады. Сондықтан, мән-маңызы айтпаса да белгілі» деп, Ақан әндерінің кемелдігін де тілге тиек етті.

Байқауға бәлен аудан, қалалардан келген қатысушыларды тізіп жатпаймыз. Аймақтың барлық өңірлерінен бар екен жас орындаушылар. Ақан серіні білмейтін қазақ бар ма? Қатысушылардың өнерін бағалап, орындаушылық шеберлігіне баға берген қазылар алқасын таныстырып өту – шарт. Төрағасы – Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі, халықаралық, республикалық ән байқауларының жеңімпазы, әйгілі үнпаз Сержан Мұсайын. Белгілі дәстүрлі әншілер – Ержан Базарбеков, Қайрат Әбеуов, Ардақ Мұқыш, Гүлмира Тапай бар қазылар алқасында. Бұлардың бәрі қазақ әнінің аймаңдайлары.

Қазылар шешімінше, байқаудың ІІІ орнын Алмагүл Қаратаева мен Мадияр Өмірғалы теңдей бөлісті. Диана Нығметжан мен Нұрболат Ұзақбай ІІ орыннан көрінді. І орын Шыңғыс Сәрсенбайға бұйырса, бас жүлдені Дәулеткелді Сағат жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің бәрі жас өнерпаздар. Бұл орындардан бөлек бірнеше қатысушылар дипломант болды. Арнайы сыйлықтар да табысталды.

Қазақ әнұранының авторларының бірі, атайы ақын Жұмекен Нәжімеденов күнделігінде «таңертең біреу Ақан серінің «Мақпалын» салды. Әй, ән-ақ қой, шіркін! Қанша ой, сезім, мұң, шындық жатыр. Әннің әр иіні бір-бір дүние, бір-бір материк секілді. Ақан сері – ән өнерінің Колумбысы ғой» дейді. Алаш барда Ақанның ән мұрасы жасай береді, ендеше!

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.