Жаңалықтар

Жастардың жағдайы қайтсе жақсарады?

Елбасы ұсынған бес әлеуметтік бастаманың үшіншісі «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту». Осы арқылы Мемлекет басшысы студент жастар мен олардың ата-аналарын алаңдатқан мәселелерді шешудің жолдарын көрсетті.

Үшінші бастамадан үміт көп

«Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» деп айтып кетіпті кезінде ұлы педагог Ахмет Байтұрсынов. Жастарды бүгінгі қолдау – ертеңіңе жасалған инвестиция екендігі қазір барлығына аян. Жоғары білім алуға қолжетімділік пен оның сапасын арттыру, сондай-ақ студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуды көздеген үшінші бастама жас буынға мол мүмкіндік берері сөзсіз. Президенттің бұл бастамасы биылғы оқу жылында жыл сайын бөлінетін 54 мың гранттың үстіне қосымша 20 мың грант бөлуді міндеттеді. Ол білім гранттарының басым бөлігі техникалық мамандықтарға бағытталған. Ондағы мақсатты Елбасының өзі «бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік береді» деп айқындады. Барлық салада еңбек ететін білікті мамандар еліміздегі жұмыссыздық деңгейінің азаюына үлкен септігін тигізеді емес пе? Осы орайда тағы бір мәселенің шеті көрінеді. Қолжетімді білім іздеп шет ел асып кетіп жатқан жастар қатары жыл санап артып келеді. Еңбекке араласып, елімізді көркейтеді деп сенген жастар өзге елді байытуға неліктен аттануда? Жоғары білімнің қол жетімсіздігі мен салыстыруға келмес сапасынан болар. Президент ұсынған бастаманың бұл мәселеде де оң ықпалы болар деген үміт басым.

Жоғары білім қолжетімділігі жоғары

Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда елімізде жұмыс істейтін халық саны 9 миллионға жуық адамды құрайды екен. Олардың 30 пайызға жуығы орта біліммен шектелген. Қазір жоғары білімі туралы дипломсыз жақсы жұмыс табу мүмкін емес екені белгілі. Осыны біле тұра жастар білім алғысы келмейді дейсіз бе? Немесе, ата-анасы баласының мүмкіндігі біреуден кем болғанын қалайды дейсіз бе? Жоқ, барлығына қолбайлау жоғары білім алудың қымбаттығы. Қосымша бөлінетін гранттар осы мәселенің де оңтайлы шешімі болар еді.

Техникалық білім беруден аймақта ғана емес, республика көлемінде орны бөлек оқу ордасы – Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде бүгінде 12 мыңнан астам студент білім алуда. Оның жартысына жуығы мемлекеттік білім гранттарының иегерлері. Биылғы оқу жылында 1992 грант бөлініпті.

Былтырғы жылмен салыстырғанда 270 түлек мемлекеттік білім гранты негізінде оқуға мүмкіндік алған. Ал, жалпы білім гранттарының саны жыл сайын артып келеді.

– Елбасы қосымша гранттарды бөлуде техникалық бағытқа басымдық беруде, оның себебі де айқын, – дейді оқу орнының бірінші проректоры Аристотель Исағұлов. – Отандық индустрияны дамытатын өзіміздің кәсіби мамандарымызды даярлау – мұндағы бірінші мақсат. Өнеркәсіпті дамытуда 4.0 Индустриясы элементтерін енгізу мен жаңа технологияларды қолдануда жастардың үлесі болуы керек.

Профессор қосымша білім гранттарын бөлуде оқу орнының мәртебесі зор мәнге ие екендігін айтады. Оқу орнының QS World University Ranking университеттер арасындағы беделді әлемдік ТОП-751+ рейтингісіне, сондай-ақ, RankPro университеттердің кәсіби ТОП600 рейтингісіне енгенін мақтанышпен жеткізді.

– Оқу ордасының ақпараттық білім беру ортасы мен инфрақұрылымы жыл санап дамып келеді. Биылғы жылдың өзінде «Индустрия 4.0», «Цифрлық машина жасау», «Металлургиядағы нанотехнологиялар» және «Биоинженерия» орталықтары мен жаңа ІТ сыныптары ашылды. Цифрлық өндірісті қолға алған аймақтың инновациялық кәсіпорындарымен бірлесіп бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудамыз. Қыркүйек айының басында өңірге келген Елбасымыздың өзі бұған көз жеткізді. «Қазақмыс Корпорациясының» «Maker» ЖШС-де білім алып әрі тәжірибе жинақтап жүрген студенттерімізбен жүздескен Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа машина жасау зауытының өндірістік жұмысымен де танысты,– дейді Аристотель Зейнуллаұлы.

Байқасақ, қазіргі жастардың да ынтасы осы техника жағына бейімделген. Кейінгі уақытта жиі өткізілетін робототехника байқаулары, осы бағыттағы үйірмелерінің көптігі осыны көрсетеді. Оның үстіне қазір «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облысы бойынша филиалының бастамасымен жер-жерлерде ІТ сыныптары көптеп ашылуда. Бұл да болса жас буынның техникалық бағытқа бүйрегінің бұрып тұруына септігін тигізуде.

Жатақханамен қамтылу қандай деңгейде?

Бастама көтерген және бір өзекті мәселе – студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл орайда Елбасы «2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын» деп нақты көрсетті.

Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті бұл міндетті орындаудың қамына кірісіп кеткен. Келесі жылы 400 орындық жаңа жатақхананың құрылысы басталмақ. Ленин көшесі 67 мекен-жайы бойынша орналасатын жаңа ғимарат 1126,42 шаршы метрді құрайды.

– Құрылыс жүргізілетін жер оқу орнына тиесілі. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаты түзетілу үстінде. Жалпы, оқу орнында үш жатақхана бар. «Армандастар ордасы» осыдан төрт жыл бұрын салынған болатын. Онда 1398 студент тұрып жатыр, тұрмысына қажеттінің барлығы бар. Біздің оқу орны тарапынан жатақханаға мұқтаждық жоқ. Тіпті, 53 бос орын бар. Құрылыс жұмыстары алдағы уақыттағы сұраныстарға орай қолға алынған шара,– дейді Аристотель Исағұлов.

Мұнымен қоса, Қарағанды мемлекеттік медицина университеті екі жатақхана құрылысын жоспарлап отыр. Әрқайсы 500 адамға шақталған жатақханалардың орналасатын жері айқылдалып, қажетті құжаттамасы дайындалу үсінде. Аталмыш оқу орнындағы 8 мың студенттің 6 мыңнан астамы басқа өңірлерден келгендер мен шетелдіктер. Сондықтан, жаңа жатақханаларға сұраныс жоғары. Сондай-ақ, Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжінде 100 орындық жатақхана құрылысы келесі жылы басталмақ.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметтерге сүйенсек, Балқаш қаласындағы медицина колледжінің 300 студентіне арналған жатақхана жағдайы жақсартылып, жөндеу жұмыстары қолға алынған. Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің бұрынғы ғимараты жөндеу көріп, оған Қарағанды гуманитарлық колледжінің 70 студенті орналаспақ. Сонымен қатар, жөнделуге тиісті оқу орындардың бірі – Абай көпсалалы колледжінің жатақханасы. Ондағы 180 жас жаңа жағдайдағы жатақханамен қамтылатын болады.

Облыстық мәслихаттың депутаттары да аталмыш мәселені жіті қадағалауда. Бірнеше мәрте отырыс өткізіп, жастарды жатақханамен қамту мәселесін көтерді. Сонда айтылған мәліметтер бойынша жыл басында облыстағы 9 жоғары оқу орнында 27 497 студент күндізгі бөлімде білім алады. Олардың 70 пайызға жуығы, яғни, 19172-сі басқа өңірлерден келген жастар. 26 жатақханада 9 мыңнан астам студент тұрып жатыр, ал, жоғары оқу орны жатақханаларындағы жастар 8 мыңнан асып жығылады. Пәтер жалдап немесе туыстарын паналап жүрген студенттер 22 пайызды құрайды, яғни, 4180 адам. Депутаттар әлі де 2 мыңға жуық студенттің жатақханаға мұқтаждығын анықтап отыр.

Мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді қордаланған мәселелердің шешімін табуға тиімді пайдалана білу маңызды. Жергілікті атқарушы билік осыны анық сезініп, бастаманың баянды болуына еңбек қылса дейміз.

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button