Жаңалықтар

Теміржол – даму тірегі

Биылғы Елбасының Жолдауы трансқазақстандық көлік дәліздерінің транзиттік әлеуетін едәуір арттыруға серпін беріп отыр. Сондай-ақ, теміржол арқылы әлеуметтік маңызды жүктерді тасымалдау көлемі толығымен орындалуда. Бұл туралы «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ Қарағанды филиалының директоры Марат ЫБЫРАЕВ аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында тарқатып айтып берді.

Марат Омарұлының айтуынша, күз мезгілінде көмір, ұн секілді әлеуметтік маңызы бар жүктер тасымалын ұйымдастыру өзектілігі артпаса, кемімейтіні белгілі жайт. Жүк тасымалын «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының қызметкерлері қамтамасыз етеді. Бүгінгі күні компания қолға алған шаралар кешені жүк жөнелтушілер өтініштерін орындау үшін ерекше маңызға ие.

– Ағымдағы жыл басынан бері Қарағанды филиалында көмір тиеу көлемі 22 млн. 261,2 мың тоннаны құрады. Осы жылдың 22 қазандағы мәліметтеріне сәйкес, биылғы жылыту маусымында жылу және электр станциялары қоймаларындағы көмір қоры энергетика министрлігі белгілеген стандарттардан 2-3 есе жоғары болды. Облыс аумағында жүк жөнелтушілер өтінімдерін күн сайын бақылауды жүзеге асырудамыз. Сондай-ақ, арнайы қоймалардағы отын түрлерінің қалдық қорларын бақылаумен шұғылданатын арнайы штаб құрылды.

– Биылғы жылдың өткен кезеңінде Қарағанды филиалы ұн тасымалдау жоспарын 94,3%-ға орындады. Нақты айтқанда 3517 вагон, яғни, 217,1 мың тонна ұн тасымалданды. Әлеуметтік маңызы бар жүктер тасымалы күн сайынғы бақылауда. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының негізгі басымдықтарына сүйене отырып, теміржол инфрақұрылымын жаңғырту, жолдың үстіңгі қабатын жаңалау, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жылжымалы құрамды жаңғырту жөніндегі логистикалық міндеттерді орындауға күш салатын боламыз, – деді «ҚТЖ – Жүк тасымалы» АҚ Қарағанды филиалының директоры Марат Ыбыраев

Сонымен қатар, спикер қазіргі уақытта отандық отынды тұрақты тұтынушыларға мерзімінде және жоспарланған көлемде үздіксіз жеткізуді қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылданып отырғандығын мәлімдеді. Сонымен қоса, теміржол саласында туындап отыратын мәселелер жергілікті атқарушы органдар мен тасымалдау жұмысына жауапты ұйымдардың бірлескен күш-жігері мен келісімі арқасында жедел шешім тауып келе жатқандығын жеткізді.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button