ЗЫҢ-ЗЫҢ-ЗЫҢ

Төбелесіп жатырмыз. Ватцап арқылы…

Кемпірдің көзінен от шашырайды:

«Байыңа неге айтпайсың? Білдірмей жібере салмайсың ба? Қаншық!».

Жауап: «Сама қаншық».

Кемпір: «Сүтімді көкке сауамын, салдақы».

Жауап: «Оданша, шайыңа қосып ішпейсің бе?».

Мына жақта мен арпаласып жатамын. Кемпірдің тапсырмасымен.

«Қалайсың, күшік күйеу? Неге келмей жүрсің? Келін сойып тастаған жоқ па?».

«Өзіңнің ізіңмен ептеп-септеп. Сен де қырық жыл таяқ жеп келесің ғой, мамадан. Өлген жоқсың».

Күнде осы. Кешкі кәшіні жеп аламыз да, балдардың амандығын біліп қоямыз. Обал нешік құдаларымыз ішіп-жей алмай отыр.

Қыздың атасы әнебір аласапыранда барлық балабақшаны сатып алды. 100 теңгеге. Інісі министр еді. Енесі жалғыз университеттің жатақханасын басып қалды. 100 теңгеге. Сіңлісінің күйеуі ректор еді.

Жаман адамдар емес. Ылғи шаршап жүреді. «Дүниеде ақша жинаған азап екен», – дейді бейшаралар. Жылына бір рет шекеге шақырады. Ағайын-туысына қосып. Сондағы әңгіменің шеті ғой.

– Дәмететіндер көп, – дейді құдағи. – Оқу бөліміндегілер, полициядағылар, өрт сөндірушілер, салықтағылар тегіс сіңірі шыққан қайыршылар екен. Кім біліпті? Қит етсе, «Әкім жіберді», – дейді,сыбырлап. Сосын жан қала ма? Ол байғұс үйсізкүйсіз жүрген көрінеді. Осы заманда тым адалдықтың керегі не?

– Адамбыз ғой. Түсінеміз, – деп құда араласады сөзге, шайқор кемпірі дәретханаға соққан сайын.

– Өздері де ұятсыздау. Алым-салықты жыл сайын көбейтеді. Биыл, тіпті, шарықтатып жіберді. Қымбатшылық дей ме, пандемия дей ме. Әйтеуір, зарлап келіп, зарлап кетеді.

– Біразы түрмеге түсіп қапты, – дейді сампылдап құдағи, шала сүрткен қолдарының суын сорғалатып.

– Кеше тамақ апарғанбыз. Өңдері жақсы. Беттерінен бит домалайды. «Шығамыз жақында. Қобалжымаңыз, апашкы», – деп қояды.

Бір жылдай тірі пенденің үнін естімеген, біздердің аузымыздың суы құрып отыр. Сөйлеуді ұмытып қалыппыз. Тілімізді шайнап, жан-жағымызға алақтап, бірдеңе деген боламыз. Басымызды қалтаңдатып, ыржалаңдай береміз. Ара-кідік жын қағып жатқан соткіге ұмтылып, жауап жазамыз.

Қыздың сөзі жүрегімізге инедей қадалады. Шешесіне былай деп жазады: «Қарыз сұрамаңдар. Өмірі қайтара алмайсыңдар. Папа арақ ішпесін. Ауыл туралы ауыз ашпасын. Тез кетіңдер отыра бермей. Как надоели…».

Кемпір жайсыз хабарларды бірден маған «лақтырады». Қақпақыл көбейген кезде тілипонды өшіріп, кемпірден қашқақтай бастаймын. Өкіртіп сөз сөйлеймін. Екі жүзден кейін тіл шыққан. Қып-қызыл шоқтай.

– Арам ақшаларыңмен қашан бөлісесіңдер, құдалар? Бізден нелерің артық?! Ауылымды құрттыңдар. Жаңа партия құрам. Көрсетемін сендерге.

Сосын, солқылдап жылап, бір дөкейлерді боқтайды екенмін. Сол кезде жиналғандардың берекесі кетіп, тым-тырақай зытады екен…

Ертеңіне аза бойым, қаза болады. Біраздан бері бөлек жатамыз. Ватцаппен ғана араласамыз. Қыз кемпірге, ол маған лақтырады: «Папаны қарттар үйіне өткізейік». «Старый алкаш». «Субботада келіп, көздеріңді құртам». Голосовойды қосқанда койкінің астына кіріп кетеміз. Жұмыртқаларымызды сол жерде жейміз. Завтрікті айтам.

Содан, неше түрлі суреттер келеді. Жұдырық түйген, қолын шығарған. Бажырайған көздер…

Құдай беріп, қыздан кейін іле-шала күшік күйеуден жағымды хабар түсті. Зың-зың-зың: «Біздің мамка, папка сендерді қонаққа шақырады. Тыныш келіп, тыныш кететін болсаңдар ғана келіңдер. Слышали. Строго, маскімен…». «Жақсы, жақсы», – деп жалпылдап жатырмыз. Ия, мұның мамкі, папкісімен ойнауға болмайды. Ана жылы, ата-мекенін шошқа бағатын шетелдік фирмаға сатып Әмерикаға көшіп кеткен. Жеке ұшағы бар. Жайсыз түс көрсе, ата-бабаларына құран оқытады. Көбінесе, жаңа жылға қарай келеді. Асты сол ұшақтың ішінде береді. Жер мен көктің ортасында ұшып жүреміз екі сағаттай. Қап-қара киінген, қаба сақал имам күңіреніп дұға бағыштайды. Үш тілде. Содан кейін, Санта-клаустар кіріп, сыйлық таратады. Жылда осы.

Биыл да ұлды көре алмай, үйге қайттық. Тағы да зың-зың-зың: Шапалақ ұрып негр тұр. «Шұбар жыланның» сәлемі екен.

Жылап жібердік…

Еңіреп үйге жетсек, кемпірдің соткасы зыңылдап қоя берді. Қыздың суреті шыға келді: «Папаны кемпір қылып жіберейік. Операциясы тегін екен. Подружке болып жүре бересіңдер…».

Бейшара кемпір бұл хабарды дереу көріпкел сіңлісіне лақтырды. Әулеттің ақылшысы – осы. Қолында жынды деген қағазы бар ол, бас бармақтың суретін салып жіберіпті…

Кемпірді қайдам, менің памперсім тасып кетті.

Базарбай ӘЛЕУХАНҰЛЫ.