Әзірлік жоспарға сай

     Кеше облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесінің ұйымдастырылуы мен өткізілуі, көктемгі егіс науқанына дайындық, биылғы мемлекеттік сатып алу саласында жүргізілген жұмыстар туралы маңызды үш мәселе қаралды.

Биылғы Наурыз мейрамын мерекелеуге арналған мәдени іс-шаралардың идеялық-саяси мазмұнының тұтастығын қамтамасыз ету мақсатында көптеген жұмыстар жүргізілді. Бұл туралы облыстың мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев мәлім етті. Барлық мерекелік іс-шаралардың мазмұны Елбасының биылғы Жолдауында белгіленген міндеттерді және ұлтымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын көпшілікке насихаттауға, жалпы адамзаттық құндылықтарды өркендету мен нығайтуға бағытталатын болады. Сонымен қатар, Қазақстанды мекендейтін этностардың тарихи-мәдени мұрасын одан әрі дамыту мен сақтау да жолға қойылмақ. Өткізілетін барлық іс-шаралардың мазмұндық сипатында «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын қамтуға басымдық беріледі.

Көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстары туралы облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Юржан Бекқожин баяндама жасады. Биылғы 14 ақпанда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға арналған Мемлекеттік бағдарламаға қол қойды. Аталған бағдарлама 2017-2021 жылдарды қамтитын болады. Облыстың бағдарламалық көрсеткіштерін орындау мақсатында барлық аудандарға нақты индикативтер жолданды. Бағдарламаның негізгі индикативті көрсеткіші – ауыл шаруашылығы өнімінің артуы. Биыл ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі өткен жылмен салыстырғанда 108%-ды құрауы тиіс. Өткен жылы нақты көлем индексінде өсімдік шаруашылығы 115%-ды құрағанын ескерсек, биылғы индикативті көрсеткішке қол жеткізу үшін, қолда бар резервті барынша тиімді пайдалану қажет. Яғни, егіс алқабын кем дегенде 10%-ға ұлғайту, сонымен қатар, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін арттыру. Өсімдік шаруашылығы саласының бағдарламалық көрсеткіштері мен әртараптандыру жоспарына сәйкес, ауыл шаруашылығы дәнді-дақылдарының егілетін аумағы биыл – 1101,6 мың гектарды құрауы тиіс. Соның ішінде, жаздық егіс аумағы – 822,5 мың гектарды құрап, оның ішінде дәнді және бұршақ дәнді астық – 748,2 мың гектарға, майлы дақылдар – 14,3 мың гектарға, мал азығы – 43 мың гектарға егіледі.

Күнт тәртібіндегі үшінші мәселе – биылғы мемлекеттік сатып алу саласында жүргізілген жұмыстар жайында облыстың мемлекеттік активтер және сатып алу басқармасының басшысы Мұрат Кадеков ақпарат берді. Облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес, аталған басқарма нысандарды тұрғызу және ұйымдастыру, автокөлік жолдарын салу және жөндеу, сонымен қатар, жобалау жұмыстарын мемлекеттік сатып алу бойынша бірыңғай ұйымдастырушы болып белгіленді. Биыл бұл басқарма жалпы құны 8 миллиард 641 млн. теңгені құрайтын 42 конкурс өткізуді жоспарлап отыр.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.