Жаңалықтар

Өзімізден де бар-ау!

Соңғы уақытта тіл төңірегенде, дәлірек айтсақ, қазақ тілінің бүгінгі жайы, қолданыс аясы туралы пікір мейілінше көп айтылып кетті. Бұл – түсінікті жайт. «Тіл – ұлттың жаны», ал жаныңа тиер жайсыздық туса рух үні шықпай қайтсін. Бүгінгі тіл жанашырларының дауысы – сол ұлт рухының үні. Ел ортасында, әлеуметтік желі беттерінде: «30 жылда тарихи орнын тауып, төріне шыға алмаған қазақ тілін торда ұстап отырғандар – «жоғарыдағылар»; «мемлекеттік тілдің өркен жайып кетуіне кедергі келтіріп отырған – ресми тіл мәртебесіндегі орыс тілі, Заңдағы сол баптың көзін құрту керек»; «биліктегілер тек қазақ тілінде сөйлемей мемлекеттік тілдің халі оңалмайды» деген сынды жөнді-жөнсіз пікірлер айтылып жүр.

Бірде әріптес ағам екеуіміз мектептен шығып, жолай кеңшардың жөндеу-механикалық шеберханасына соға кеттік. Әріптес ағам қағазға орап бірдеңелер алып шықты. «Мынауыңыз не?» – дедім. «Е, мотоциклге керек саймандар ғой», – деді. «Мотоцикл алып па едіңіз?» – дедім таң қалып. «Жоқ», – деді сабырлы қалыппен. Мен түк түсінбеген күйде қалдым, қайтып ешнәрсе сұрамадым. Арада уақыт өтті. Әлгі ағамның үй жағына барып едім, тастан қора салып жатыр екен.

– Аужеке, іске сәт. Отын-суға арналған қора ма? – дедім.

– Жоқ, мотоциклге арналған гараж ғой, – деді. – Мотоцикл алып па едіңіз?

– Жоқ. Өрбітіп ешнәрсе сұрамадым. Арада тағы да біраз уақыт өтті. Әңгімеміздің үстінде әріптес ағам:

– Кеше мотоциклге тіркеме сатып алдым, – деді.

– Құтты болсын. Мотоцикл сатып алып қойып па едіңіз?

– Жоқ. Бұл жолы шыдамадым. «Аужеке, сатып алынбаған мотоциклге керек саймандарды жинап, гараж салдыңыз, тіркеме сатып алдыңыз. Мынауыңыз қызық екен», – дедім. Салмақты, сабырлы қалпын өзгертпеген ағам: «Түк қызығы жоқ. Кез келген шаруаның реті осындай болу керек. Мықшыңдап жүріп өзім істемесем, маған осының бәрін кім тауып береді, кім салып береді?» – деді. Түк дей алмадым. Арада көп уақыт өткен жоқ, Аужекең «Урал» мотоциклін сатып алды. Тіркемесі бар, қосалқы бөлшектері жеткілікті сол мотоциклмен жаз бойы бізден бұрын шөбін шауып, қысқы мал азығын жиып алды. Тіл төңірегіндегі түрлі пікірлерді өзімше салмақтап, саралап отырғанда әріптес ағамның сол қарекеті есіме түсті. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе алып берген Конституциялық Заң бар, «ҚР-ның Тілдер туралы» заңы пәрменінде. Енді не керек еді? Осы екі заң қуатын ұстанып, саны 10 миллионнан асып жығылатын қазақ ана тіліміздің қанат жайып кетеріне жан салсақ, қане?! Ат төбеліндей биліктегілердің қазақша заулап тұрмағанының қажеті қанша? Азды-көпті өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде жүгіртіп сөйлеп кете алмағанына ренжіп, соны күтудің не қажеті бар еді? Естияр қазақ дүр сілкініп, 30 жылдың ішінде ұл-қызын қазақ балабақшасына беріп, қазақ мектебінде оқытып, осы уақыт ішінде қазақтілді ортаны жасап тастаса кім қолынан қақты? Егер осындай орта болғанда биліктегілер де оң-солына қарар еді, өзге ұлт өкілдерінің де буыны босап, беті бері бұрылары сөзсіз еді ғой. Мойындарсыз я мойындамассыз, өзімізден де бар!

Артықтау айтып жатсам, айыпқа бұйырмассыздар, «Тіл – жұрттың жаны» (Х.Досмұхамбетұлы), «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» (А.Байтұрсынов), «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмайды, ондай ұлт құрымақ» (М.Жұмабаев), «Тіл болмаса, ұлт та болмайды», «Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің» (Ғ.Қараш) деген Алаш қайраткерлерінің жан айқайы, рух үні орыс тілінде шүлдірлеп жүрген қазақтардың ортасына жеткен жоқ. Жетсе де санада сілкініс болар сыңай көрінбейді. «Ойбай-аттанымыз» қазақтілді ортаның төңірегінен асып шықпады. Ендеше, қазақ тілінің бүгінгі халіне кінәлілер деп биіктегілер мен биліктегілерді қамшылай бергеннен табарымыз шамалы. Ағайын, бұл менің сөзім емес, бұл – түпкі мақсатына жетуге деген талпынысты болт, шұрып, гайка жинаудан бастап, сонан соң «Урал» мотоциклін ерттеп мінген әріптес ағамның ойы. Кездесіп, тілдің бүгінгі халі жайлы, тіл жанашырларының айтып жатқан пікірлері туралы ойымды ортаға сап, кеңес сұрасам, Аужекең осылай дер еді.

Өзімізден де бар-ау!

Әйтпесе, қазақ, сенің тілің қортық тіл, сол тілде сөйлесең қор болатындай тіл емес еді. Ұлт алыбы А.Байтұрсынов: «Жиырмасыншы ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай, асыл қалпында алып келген тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті», – деген сөзді жайдан-жай айта салған жоқ еді ғой.

Ғазиз ЕШТАНАЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы

Басқа материалдар

Back to top button