Жаңалықтар

Жырмен жалғасқан ғұмыр

Ақын болу үшін міндетті түрде филолог немесе журналист болу міндетті емес. Басқа салада жоғары оқу орнын бітіргенімен, ақын болып кеткен талай адамды білеміз. Солардың бірі Ерғазы Жазықбаев десек, артық айтқандық емес.
Ерекең Қарқаралы ауданына қарасты «Бесоба» колхозының Қамқор елдімекенінде 1941 жылы 17 мамырда дүниеге келіпті. Сол ауылдың жеті жылдық мектебін бітірген соң оқуын Қарқаралыдағы №1 орта мектепте одан әрі жалғастырады. Жасынан оқуға зерек болған Ерғазы қала мектебінде де жақсы оқуымен көзге түседі. Оныншы класта математикалық олимпиадада І орынды жеңіп алады. Бірде «Көктем лебі» деген өлең жазып, оны аудандық «Коммунизм таңы» газетіне алып барған екен, көп ұзамай басылып шығады. Содан бастап қолынан қаламы түспей, өлеңдер мен мақалалар жазып тұруды әдетке айналдырады. Жазғандары аудандық газетте, «Пионер» журналында, «Қазақстан пионері» газетінде жарық көріп жатады.


1962 жылы жоғары білім алу мақсатында сол кездегі астанаға тартып отырады да, Алматы мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына түсіп, бес жылдан соң жоғары білімді инженер механик болып шығады.
Ерекең институтта жүргенде де өлең жазуын тоқтатпайды. Оқу орнының жанынан шығатын көп тиражды «Урожай» деп аталатын газеті бар екен. Бірақ, ол орыс тілінде жарық көретін еді. Бір күні институт комсомол комитетіне барып, газетке қосымша қазақ тілінде айқарма шығаруды өтініп, сол жұмысты өзі қолға алады да, болашақ агроном, инженер-механиктердің өлеңдерін, әңгімелерін тұрақты түрде жариялап отырады. Өз ынтасымен көптеген ақын жазушылармен, көрнекті ғалымдармен студенттердің кездесулерін ұйымдастырады. Солардың арасынан академик Әлкей Марғұланмен, партизан жазушы, кейін Халық Қаһарманы атанған Қасым Қайсеновпен, ақын Олжас Сүлейменов пен және басқа да әйгілі адамдармен болған кездесулерді атап айтуға болады. Олжекеңмен болған кездесуде «Тобыл бойында» деген өлеңін қазақшаға аударып оқығанда ақын ағасы зор ризашылық білдірген екен.
Сол кезде өзінің жазған бірнеше өлеңі республика жастарының «Лениншіл жас» газетінде жарық көріп, институттың ректорат, деканаттарына аты мәлім болады. Бірде Қазақ телевизия студиясы Мұхтар Шаханов, Төлеген Айбергенов, Ақұштап Бақтыгереева мен болған шығармашылық кездесуге талапкер жас ақындарды да шақырады, солардың ортасында Ерғазы Жазықбаев та болған еді.
Осы жерде тағы бір айта кететін мәселе – Ерғазы институтта жүргенде спортпен, оның ішінде қазақ күресімен, самбомен айналысып, талай жарыстарға қатысады. Үзбей жаттығудың нәтижесінде, талай мықты палуандардың жауырынын жер иіскетіп, осы екі күрес түрінен КСРО спорт шебері нормативін орындап шығады.
Содан, оқуын тәмамдаған соң жолдамамен Қарқаралы ауданына келгенде жаңа құрылған «Ынталы» совхозына жібереді. Мұнда үш жыл қызмет атқарған соң «Бірінші Май» совхозына бас инженер-механик болып тағайындалады.
Ілкімді ұйымдасты рушылық жұмыстары үшін Ерғазы Жазықбаевқа Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне баруға жолдама береді. Кейіннен басшы қызметкерлер даярлайтын алты айлық курстан өтуге жібереді.
1974 жылы шілде айында Қарқаралы ауданы ауыл шаруашылығы басқармасының бас инженері болып тағайындалады. Сол жылдары ауданда жыл сайын шопандар тойы өтіп, бәйге болады, палуандар күреседі, ақындар айтысы ұйымдастырылады.
«Бірінші Май» совхозының атынан Ерғазы Жазықбаев, «Бақты» совхозының атынан Сапарғали Ләмбеков айтысқа түседі. Ол кездің салты бойынша айтыстың сөзін ақындар жазғанымен, оны сахнада әнші қыздар мен жігіттер орындайтын. Келесі жылғы айтыста «Бесоба» совхозының атынан түседі, қарсыласы – «Нұркен» совхозының атынан Мақсым Омарбеков болады.
Ерекеңнің еңбек жолына көз салсаңыз ол кісінің 1977 жылы ауданаралық (Қарқаралы, Талды, Егіндібұлақ) жер асты су шаруашылығы басқармасының бастығы, 1981 жылы облыстық жер асты су шаруашылығы басқармасының бас тығы болғандығын оқимыз. 1983-1987 жылдары Ульянов (қазіргі Бұқар жырау) ауданындағы «Ульянов» совхозында партия комитетінің хатшысы болыпты. 1987-1990 жылдары облыстық СПМК-4 мекемесінде агрокомитеттің бастығы, кейін облыстық атқару комитетінің «Казагротехника» мекемесінің бастығы қызметтерін атқарады. Облыстық су шаруашылығы басқармасының құрылыс дирекциясының директоры болып жүрген кезінде 1996 жылы Семей полигонында зардап шеккендерге берілетін жеңілдік бойынша 55 жасында зейнет керлікке шығады.
Инженер-ақынның бір топ өлеңдері 1978 жылы «Жалын» баспасы шығар ған «Балауса» жас ақындар жинағында жарық көреді.
Қызметін атқара жүріп, екі тізгінді қатар ұстаған азамат жыр жазуын ешқашан тоқтатып көрген емес. Содан 1990 жылы өлеңдер мен поэмасы «Дүлей мен Үрей» деген атпен жеке жинақ болып жарық көрді. Одан соң көп ұзамай «Асыл жар» атты өлеңдер мен поэмаларын, 2011 жылы «Дүние… Әсем-ай ғайып» атты өлеңдер мен ой-толғамдарын бастырды. 2015 жылы «Шоқ жұлдыздар» деген атпен публицистикалық-ғұмыр баяндық кітабы дүниеге келді.
Жаңа ғасырдың басында біраз уақыт «Азия-транзит» республикалық әдеби танымдық альманахта еңбек еткені бар. Сол жылдары осы журналда көптеген новеллалар, деректі әңгімелер, ғұмырбаяндық мақалалар, поэма, өлеңдер жариялады.
Еңбек ардагері, әлі күнге қолынан қаламын тастамаған, шаруашылық қызметте жүрсе де қара өлеңді жанына жақын тұтқан Ерекеңнің 80 жасы құтты болсын, қаламы мұқалмасын деген тілек айтамыз.
Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Басқа материалдар

Back to top button