Жезқазған

Жырлар жазған аққудың қанатына

          Жезқазған қаласындағы С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалы-драма театрында Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Абай атындағы Ұлт сыйлығының тұңғыш иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Ғалым ЖАЙЛЫБАЙДЫҢ 60 жасқа толуына орай, «Жезқазған – жерұйығым жүректегі…» атты жыр кеші өтті. Анығында ақынның тойын “Орталық Қазақстан” бастап берген.

Ақын шығармашылығына арналған арнаулы санға бергісіз айқармамызбен ақынын құрметтеудің тамаша үлгісін танытқан біз едік. Бірақ… Шабыты шалқар шайырдың талғампаз оқырманмен жүздесуіне қала әкімдігінің қолдауы негізінде белгілі білім меценаты, облыстық мәслихаттың депутаты, «Арқаның Атымтай жомарты» атанған ұлтжанды азамат Бекзат АЛТЫНБЕКОВ тікелей дәнекерлік етті.

Арда болмысты ақынның мысты шаһарға сапары кезінде оның шашбауын көтерушілер қатарында танымал мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының үш мәрте лауреаты, «Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Қазақ Ұлттық Өнер академиясының Құрметті профессоры Нұртілеу Иманғалиев, арқалы ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық бөлімшесінің төрағасы Серік Ақсұңқарұлы және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Есжан Әміров болды.

Қарымды қаламгер алғашқы кезекте №8 мектеп-гимназияның ұстаздары және оқушыларымен жүздесіп, мөлдір өлеңге іңкәр жұртшылықты жауһар жырдың нәрімен сусындатты. Өз өлеңдерін жатқа оқыған балғын оқырмандардың лебіздеріне құлақ түріп, олардың тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Одан кейінгі шуақты кездесу Жезқазған қалалық тарихи-археологиялық музейі қабырғасында жалғасын тапты. Мәртебелі меймандар тарихи жәдігерлермен танысып, ұлттың сондай-ақ, Жезқазған-Ұлытау өңірінің көне шежіресіне қанықты.

Дөңгелек үстел басындағы айтулы ақынның өлең өлкесіндегі өзіндік қолтаңбасына қатысты өрбіген сыр-сұхбат маңыздылығы һәм тартымдылығымен ерекшеленді. Жастар қауымы оқырман ықыласына бөленген шайырдың әр жылдары жазылған өлеңдерін жатқа оқыды. Туған өлкесіне сағыныш жетегінде жеткен ақын тыңдарманды жаңадан жазылған татымды жырларымен таныстырды. Кездесуге келген топ құрамындағы танымал тұлғалар Ғалекеңнің ғаламат бітімдегі шығармаларына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.

Жезқазғандық көрермен аңсай күткен ақынның оқырман қауыммен театр қабыр­ғасында дидарласуы кімге де болсын, жағымды әсер сыйлағанын айрықша атап өткен жөн. Оның барысында Қорқыт қобызының сарыны, Асан қайғының зары, Абылайдың арманы ақын жырлары ар­қылы тыңдарманға айшықты түрде жетті. Мөлдір сезімге толы әдемі лирикалық сипаттағы өресі биік өлеңдер көрермен көңіліне жол тауып жатты.

Айтқандай, келісті кеш әлемнің 13 тіліне аударылып, жарық көрген, Швецияның «Open Eurazia» әлемдік деңгейдегі ашық әдеби конкурсының жүлдесін иеленген Ғалекеңнің төлтума «Қара орамал» туындысының желісімен театр әртістері сахналаған қойылыммен ашылды. Халықтың басына қара бұлт төндірген қасіретті кезеңнің ащы шындығы нанымды бейнеленген қойылым көрермен көңілін толқытып, жанарларына жас үйірілтті.

Кеш иесі жүргізушінің сан қилы сауалдарына жауап беріп, өзіне ғана тән дара даусымен жаңа жырларын шабыттана оқыды. Ақын өлеңдерін орайлы сәтте театрдың жас әртістері де ерекше мәнермен нәшіне келтіре оқып, жырсүйер қауымды нәрлі жыр тұмасымен сусындатты. Мерейлі жасқа жеткен қаламгердің өлеңдеріне 50-ден аса ән жазылған екен. Кездесу кезінде жергілікті өнерпаздар солардың біршамасын келістіре шырқады. Олардың арасында ақын өлеңдерін әуенмен әрлеп жүрген белгілі әнші-композитор Есжан Әміровтің өз орындауындағы әсем әндер тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.

Алыстан ат сабылтып жеткен меймандар да сахна төріне көтеріліп, Ғалым ақынның шығармашылығы, азаматтық кескін-келбеті, қайраткерлік қалпы хақында толғақты ой қозғап, тұщымды әңгіме өрбітті.

Бұқараның сүйіспеншілігі мен ықыласын жеткізген Жезқазған қаласының әкімі Батырлан Ахметов пен Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов қалың елге қадірі артқан ақынның иығына бабалар дәстүрімен оқалы шапан жауып, сый-сияпат жасады.

Иә, айтары бар ақын мен оның өміршең өлең-жырлары – халықтың сарқылмас қазына-байлығы. Осы тұрғыдан алғанда жезқазғандық өлеңсүйер қауым жыр кеші барысында ғажайып қазынамен қауышты. «Аққудың қанатына жырлар жазған» Ғалым ақынның бөлек бітімді өлеңдері жұртшылыққа шынайы рухани серпіліс сыйлады.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,

Суреттерді түсірген Ғ.ӘБДІҒАППАРОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button