Жыр өзегі – Астана
Металлургтер мекенінде «Жезқазған қаласы ішкі саясат бөлімінің жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және «Жастар одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Елорданың 20 жылдық мерейтойы аясында «Астана – Отанымыздың жүрегі» атты аймақтық жас ақындар мүшәйрасы болып өтті. Қалам қарымы бәсекесіне Қарағандыдағы жоғары оқу орындарында оқитын Жезқазған-Ұлытау өңірінің тумалары, сондай-ақ, Жезқазған қаласы мен Жаңаарқа, Ұлытау аудандарында тұратын жиырмаға тарта жас ақын қатысты.
Мүшәйрада ерке Есіл жағалауындағы қазақ елінің бас ордасы, оның ғажайып келбеті мен асқақ абыройы, әлем жұртшылығы алдындағы мәртебесі өлең-жырдың өзегіне айналды. Шабытты шайырлар Елбасының төл перзенті іспетті әсем қаланың бүгіні мен ертеңін жеріне жеткізе дәріптеді. Олардың өлеңдерінде өрнектелген туған Отаны мен Астанаға сүйіспеншілігі тыңдарман қауымды еріксіз тәнті етті.
Байқау қортындысы бойынша бас жүлдені Қарағанды …кономикалық университетінің студенті Айғаным Жанатқызы жеңіп алды. Жүлделі І орынды ұлытаулық Мұқағали Сейтқазы еншілесе, екі ІІ орынды Ұлытау ауданы, Пионер ауылынан келген әдеби ортаға біршама танымал жас ақын Ботакөз Мұхиден мен Жезқазған қаласындағы №1 орта мектептің оқушысы Рымжан Қуаныш өзара бөлісті. Ал, үш қатысушыға тағайындалған III орынның жүлделері жаңаарқалық Қызғалдақ Серкебай, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік универсиетінің І курс студенті Аружан Кеңесова және жезқазғандық Қымбат Ақботинаға бұйырды.
Бұдан тысқары, «Ең жас ақын» номинациясы Ұлытау ауданы, Шеңбер ауылындағы №2 Қорғасын орта мектебінің 7 сынып оқушысы Сартай Аялаға берілді. «Өрілген ұйқас, мәнді жыр» номинациясын жезқазғандық Айнұр Әбікенова иеленсе, «Ұшқыр ой» номинациясы жүлдесін Жанар Қыдуақасова қанжығалады.
Жеңімпаз және жүлдегер ақындарға қаржылай сыйақы табысталды. Ұйымдастырушы тарап мүшәйраға қатысушылардың барлығын Алғыс хатпен марапаттады.
Жыр бәйгесінің басты ерекшелігі – оған өз туындыларын ұсынған жас ақындардың өлеңдері «Астана – Отанымыздың жүрегі» атты шағын жинаққа енгізіліп, баспа бетін көруі. Байқау барысында тұсауы кесілген жаңа жинақ авторлардың қолдарына табыс етілді.
Өлең айдынында желкен керуге іңкәр жас ақындарды «Нұр Отан» партиясы Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлмира Қаженова, қалалық жастар ресурстық орталығының директоры, жергілікті мәслихаттың депутаты Бақытжан Көпбаев, аймақтық «Сарыарқа» газетінің бас редакторы Дархан Мұқантегі және басқа да аға буын өкілдері құттықтап, қадамдарына сәттілік тіледі.
Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – поэзия әлеміне енді ғана қадам басқан жас буынның қанатын қатайту, шығармашылығын шыңдау, сонымен қатар, әлі де таныла қоймаған таланттарды анықтау болғаны белгілі. Мүшәйра барысында сол мақсатқа белгілі бір деңгейде қол жеткізілгені анық байқалды.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»