Жаңалықтар

Жыр болып жаралдың…

Зағыпар Шәкентаев есімін арқалы ақын Серік Ақсұңқарұлының «Зағыпар, зарын қара мынау әннің?!» өлеңін оқығаннан кейін таныдым. Сөйтсем, жерлес екенбіз, бұл кісі де жазиралы Жаңаарқаның талантты бір перзенті екен.

Сурет марқұмның жеке мұрағатынан

Ақын екен. Бірақ, «Мені ақынсың деп айтпаңдар, өтінем» деп өзі жырлағандай, ақын болып танылуға ұмтылмады.

Анау бір жылы Қарағандыдағы тамаша композитор Есжан Әміровпен бірге музыка майталманы Ілия Жақановқа ән арнады. Дарынды әнші Гүлмира Саринаның репертуарындағы «Ән болып жаралдың» деп аталатын бұл туынды – тұлғаға орнатылған тірі ескерткіш.

Зағыпар Шәкентаевтың ақындық қуаты – өзі жазған осы ән мәтінінде, Ілия Жақановтың ән атау­ларын, шығармашылығын арқау етіп, әдемі өріп шыққан. Оған Есжан Әміровтің сырлы сазы қосылғанда ғажап туынды дүниеге келді. Гүлмира Сарина да әнді жеріне жеткізіп айтты. Бұған Ілия ағаның өзі кезінде ризашылық білдірді.

Кеше Зағыпар Шәкентаев өмірден өтті деген қаралы хабар жетті. Марқұмның өзі ақын емеспін десе де, меніңше, ол – жыр болып жаралған адам. Өмірінде мектеп директоры, мемлекеттік қызметте бірқатар басшылық қызметтерді атқарса да, басталып жатқан екінші ғұмырында ел оны шенеунік емес, ақын деп танитын болады.

Бақұл бол, ақын!

Аманғали ҚАЛЖАНОВ,
«Астана ақшамы» газетінің шолушысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button