Ұжымдық иммунитет бәріне ортақ
Еуропалық иммундау апталығы жыл сайын сәуірдің соңында әлемнің бірқатар елдерінде, соның ішінде, Қазақстанда да өтеді. Оның мақсаты – иммундаудың маңыздылығы, вакциналардың тиімділігі жөнінде халықты хабардар ету. Өкінішке қарай, мамандар бүгінгі таңда екпенің кез келген түрінен бас тартатын ата-аналардың көбейгенін айтып отыр.
Апталыққа орай ұйымдастырылған баспасөз мәслихатына облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары, дін өкілдері қатысып, өз ойларын білдірді. Мәселен, департамент басшысының орынбасары Гүлжан Байгутанованың айтуынша, қазіргі күні көптеген инфекциялық аурулар вакцинацияның арқасында таралмай, «бақылауда» тұр.
– Вакциналар адамзатты көптеген аурулардан сақтады. Қазір де сақтап келеді. Бірақ, адамдар арасында бұл солай болуы керек сияқты, «екпесіз-ақ ауырмай жүрміз» деген пікір бар. Бұл – қате пайым. Сол себепті де бүгінгі таңда екпенің кез келген түрінен бас таратын ата-аналар көбейді. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында ғана 1500 адам екпеден бас тартып отыр. Осының салдарынан облыста екпемен қамту деңгейі 90-91%-ға төмендеп кетті. Талап бойынша вакцинация деңгейі 95% болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда ұжымдық иммунитет әлсірейді. Екпе алмаған адамдардың қатары артқан сайын инфекциялардың таралуы да өршиді. Ал, негізі бірқатар жұқпалы ауруларды вакцинаның көмегімен «басқаруға» болады, – дейді Гүлжан Жақтайқызы.
Спикер осы себептермен былтырғы жылдан бастап қызылшаның, кейін көкжөтелдің белең алғанын айтты. Соңғы деректерге сүйенсек, қызылша жұқтырғандар саны 2 мыңнан асса, 90-ға жуық адамның көкжөтелмен ауырғаны белгілі болып отыр. Бұл зертханалық тұрғыда расталды.
Вакцинация ағзаға белгілі бір вирустарға немесе бактерияларға қарсы иммунитетті дамытуға көмектеседі, бұл оның ықтимал инфекциямен тиімді күресуіне мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда полиомиелит, қызамық, қызылша, гепатит және басқа да қауіпті жұқпалы аурулардың дамуы мен таралуына жол бермейтін вакциналар қолданыста. Екпе – балалар, қарттар және иммунитеті төмен адамдардан тұратын осал топтарды қорғаудың тиімді құралы. Алайда, оны алуға болмайтын жағдайлар да кездеседі.
– Екпеден бас тартуға аллергиялық, аутоиммундық аурулар себеп бола алады. Сонымен қатар, бала дәл сол сәтте ЖРВИ, тұмау немесе басқа да аурулармен ауырып тұрса, екпе салынбайды. Сондықтан, екпе алдында тіркелген емхананың учаскелік дәрігері баланы мұқият тексеруі керек. Қазіргі таңда қолданыстағы барлық вакциналар қатаң клиникалық сынақтардан өтіп, тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген. Олар ауыр асқынулар мен жұқпалы аурулардан болатын өлімнің алдын алуына көмектеседі, – деді Гүлжан Байгутанова.
Басқосуда айтылғандай, көпшілік ата-ана вакциналарға сенбегендіктен, діни сенімдер бойынша бас тартады. Бұл ретте қалалық әл-Машани мешітінің наиб имамы Қанат Рахметов ислам діні адам баласына жан саулығымен қатар, тән саулығына да мән беруге шақыратынын жеткізді.
– Ислам діні денсаулыққа аманат деп қарап, салауатты өмір салтын ұстануға үйретеді. Қасиетті Құранда «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп келетін аят бар. Екпенің құрамы таза болса, оны салғызуға тыйым жоқ, яғни, екпе алуға рұқсат етілген, – деді Қанат Серікұлы.
Қарағанды қаласының Михаило-Архангельский соборының иерейі Александр Подкова да дәрігерлердің айтқанына құлақ түру керек екенін тілге тиек етті.
– Шіркеу вакцинация мәселесінде ешқашан қарсы болған емес. Бұл – діни емес, медициналық тақырып. Сондықтан, осы сала мамандарының пайымына ден қою керек. Бірақ, біз ешкімді күштеп келістіре алмаймыз. Сол себепті де өзің үлгі болуың керек деп ойлаймын. Сол үшін де екі баламның туғаннан барлық екпесі жасалған, – деді.
Медицина мамандары вакцинаның құрамын сұрағандар үшін екпе кабинетіндегі дәрігерлер екпенің барлық нұсқаулығын, құрамын көрсетуі керек екенін айтты.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz