Білім

Жылжымайтын кезек бұлжымайтын тәртіпке зәру

Балалар жылында (2022 жыл) облыста 16 мыңнан астам бүлдіршін балабақша кезегін күткенін білеміз. 2021 жыл соңында 18 мың болатын. Мектепке дейінгі ұйымдарға 14 мыңға жуық жолдама алынса, жазда 6787 бала қабылданыпты. Десек те, балабақша кезегі азаймай тұр.

Жариялылық бар деумен «Электронды Үкіметке» әжептәуір сенім артып отырған аналардың жан­айқайы біткен жоқ. Күз келіп еді, балабақша кезегіне жанталас басталды.

Қағазбастылық азайды дегенмен…

Мектепке дейінгі ұйымдардың мәртебесін арттырудағы жос­пардың алғышарты педагогке қо­йылатын талапты күшейтуден басталды. Балалармен жұмыс істеу ерекшеліктеріне сәйкес тәрбиешілерден біліктілікті талап етті. Педагогке түсетін жүктеме екі есе азайды. Сөйтіп, баламен жеке жұмыс істеу мүмкіндігін көздейтін Оқу-ағарту министрлігінің «Бір топта – екі педагог», «Құзыреттілік орталықтарының жұмысын ұйым­дастыру» пилоттық жобасы іске асты. Мұғалімдердің жалақысы екі есе артқаны айтпаса да түсінікті. Бірақ, халықтың мемлекеттік балабақшаға сұранысы қанағаттандырылмады, сол күйінде тұр.

Тәрбиешілердің талапқа сай дереу білім арттыруға кіріскені жобаның сәтті екенін дәлелдеді. Мәселен, Қарағандыдағы «Шаңырақ» бөбекжайы аталған жобаларға екі жыл бойы қатысты.

– Жобаға қатысқан балалар балабақшаға қызығушылықпен ба­рады, оқуға қатысты шараларда дербестік танытып, ерекше бастама көрсетті. Әр балаға жеке көңіл бөлінген соң білім, білік және дағды сапасы артты. Топта екі тәрбиеші болғандықтан, тәрбиеленушілермен жеке қарым-қатынас орнатуға көбірек мүмкіндік пайда болды, – дейді білім басқармасының бас маманы Арайлым Жастілекқызы.

Сондай-ақ «Ақша баланың со­ңынан ереді» қағидасы бойынша мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру тетігі өзгергенін көрдік. Бұрын білім бөлімдері мемлекеттік тапсырыс берген кезде белгілі бір балабақшаға нақты орын санын көрсететін. Жаңа талапқа сәйкес, балабақшалар мемлекеттік тапсырысты алатын ұйымдардың жалпы тізіміне енгізілді. Жолдама алғаннан кейін ата-аналарға тізімнен балабақшаны таңдауға мүмкіндік берілді. Қанша орын таңдаса, балабақша да соған сәйкес қаражат алды.

Аналар баланы балабақшаға орналастыру үшін құжат жинап шарқ ұратын. Мемлекеттік балабақшадан орын алу үшін ата-аналарға жылдар бойы тиісті мекемелердің табалдырығын тоздыруға тура келетін. Шешімін тапқан мәселенің бірі – осы. Оған қоса мемлекеттік тапсырысты алу үшін балабақшаға керек құжаттар саны азайды. Бұған дейін мектепке дейінгі жекеменшік ұйымдар біршама құжатты тапсыру керек болса, қазір тізім екі есеге қысқарды. Қалған құжаттар ақпараттық жүйелерден алынады.

 

Кезектің кері жылжитыны бар

– Балабақша кезегін алу үшін таңғы 6:00-де компьютер алдында отыру керек. Оның өзінде бір балабақшаға бір бос орын ұсынады. «Кезек сенің де балаңа келеді» дегенге сенбеймін. Оның кері жылжитыны бар. Қарағандының Оңтүстік-Шығыс бөлігінде халықтың орналасу жиілігі тығыз болғанына қарамастан, балабақша саны аз. Екіден асқан баламды орналастыратын мемлекеттік балабақша таппадым. Бәрі үш жастан қабылдайды, – дейді үш баланың анасы Айгүл Орынбасарқызы.

Айгүл секілді жылдар бойы мемлекеттік балабақша кезегін күт­кендердің жекеменшік бөбекжайдың қызметін пайдалануға қалтасы көтермейді. Қаладағы «Алтын бесік», «Алтын сақа», «Шамшырақ» жекеменшік балабақшаларының құны – 65 мың теңге. Мәселен, 150 мың теңге көлемінде жалақы алатындарға екі баласын қатар балабақшаға беру мүмкін емес.

Олқылықтар түзелмегендіктен, демографиялық дамуға жол ашатын балабақшаның мәселесі әлі күнге күн тәртібінен ығысқан жоқ. Психологтар болса, балалар мектеп жасына дейінгі білім беру ұяларында тәрбиеленуі тиіс екенін айтып дабыл қағуда. Өйткені, қазіргі балалар 3-4 жасқа келіп, бір-ақ сөйлейді. Олардың балабақшада тәрбиеленуі – ортада өзін еркін ұстап, анық сөйлесуіне әсер етеді.

 

Электронды кезектің «қитұрқылары»

Қағазбастылық реттелгенімен, балабақшадағы орын тапшылығы сол күйі. «Кезек қалай кері жүреді?» деген кейбір аналар «Индигодағы» электронды кезектің былықтары көп екенін айтады.

– Мемлекеттік балабақшаларда бос орындар жарияланғаннан кейін, үлгеріп қалғысы келетіндер «Индигоны» жақсы білетіндердің қызметіне жүгінеді. Instagram желісінде балабақшаға орын алып берумен айналысатын «помогайкалар» бар. Қызметі – 20 000 теңге. Жолдаманы оп-оңай аласыз. Жемқорлық араласқаннан кейін кезегі жақындап қалған ана кері ысырылады, – дейді көпбалалы ана Толқын Ізбасарқызы.

Ал, «Электронды Үкіметтің» балабақшаға қатысты құжатты көп сұрамайтыны аналардың жұмысын жеңілдеткен.

– Қазір балабақшаға баланың туу туралы куәлігі және денсаулық құжатын тапсыру жеткілікті. Оған қоса әскерилер мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жеңілдіктер қарастырылған, – дейді әскери қызметкер Айгерім Қомарова.

Білім басқармасының мамандары жолдан қосылған «помогайкалармен» күреске кіріскен.

– Барлығы «Индигоның» электронды түрде автоматтандырылған техникалық көмек көрсететін бөлімінде көрініп тұрады. Балалар құқығының бұзылмауы үшін қазіргі таңда «помогайкалармен» күресудеміз. Алдағы уақытта баланың анасы ғана кезекті бақылап, орын алатындай қызмет түрін қосамыз. Барлығы бір телефон нөмірін тіркеу арқылы жүзеге асады. Осылайша балабақша кезегін азайту мақсаты көзделген, – дейді білім басқармасының бас маманы Әсел Тәукенова.

 

«Балабақшаға қашан барамын?»

Осы сұрақтың астына алған баланы қашанғы алдайсың? Оны алдағанша, кезекті реттеудің оңтайлы жолын қарастырып, жергілікті білім басқармалары тарапынан бақылауда ұстау тиімдірек. Кезектің реті сақталмаса, біраз бала үйде отыратыны анық.

Балабақша мәселесіне тоқтал­ған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бірінші кезекте тәрбиешілердің еңбекақысы 30 пайызға артатынын айтқан.

«1 қыркүйектен балабақшаға баратын аз қамтылған отбасылардағы 97 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтамасыз етілді. Балабақшада 30 мың орын ашылып отыр және жыл аяғына дейін 51 мың орын ашу жоспарланған. Қазіргі кезде балалардың 89 пайызы (2-ден 6 жасқа дейінгі) қамтылған. Жыл соңына дейін кезектілік мәселесі бойынша бірыңғай база іске қосылады», – деген болатын министр.

Пилоттық режимде жұмыс іс­тей­тін жоба қаңтарда жүзеге асса, балалардан сүйінші сұрайтын күн келер. «Осы айда жалақымыз өседі» дейді тәрбиешілер. Ал, әзірге 2-6 жасқа дейінгі 15 271 бала кезек күтіп отыр. Нақтырақ айтсақ, облыста мектепке дейінгі тәрбие беретін балабақшаларда 15 000 орын жетіспейді.

Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button