“Жылжиды аққу” әнінің ақиқаты

«Жылжиды аққу» әні хақында көптен бері қалам тербегім келіп, толғанып жүргем. Жуырда фильм тамашалап отырып, айдындағы жалғыз жүзіп жүрген аққуды көріп, құлшына түстім. Шынымен де, қалқып жүрген сияқты. Біресе, қалқымайтын секілді. Міне, поэзияның құдіреті – осы! Көзімен көрген дүниені дәл сол күйінде оқырманға ой саларлықтай етіп қағазға түсіру – ақынның шеберлігі. Аққу айдында, жылжып, қалқып келе жатқан сияқты. Ал, жақсылап қарасақ, оны тербеп тұрған толқын ғой. Толқынды қозғап тұрған – жел. Желдің қайдан пайда болатынын білмеймін. Осы көрініс тұтастай бірігіп, ақынның жүрегін қозғап тұр. Ал, ақынның сол хақындағы жазғаны елдің жүрегін әлі тербеп келеді. Ол ақын – «Қазақ поэзиясының жезкиігі» атанған қазақтың көрнекті ақыны әрі мемлекет қайраткері Кәкімбек САЛЫҚОВ. Ал, осынау тарихи туындының әнін белгілі композитор, Қазақстанның мәдениет қайраткері Жағыпар ӘЛІМХАНОВ жазған. Бізге қызығы – әннің қалай туғандығы. Алғашқы орындаушысы кім? Әні бірінші туды ма, әлде өлеңі ме? Осы сауалдарға жауап тапқымыз келді. Тек қолымызға түскені ғаламторда жүрген мына бір жазба. «Кеше тойдан кейін бір ақсақалдың әңгімесін естідім. Әңгіме бала кезден естіп өскен Кәкімбек Салықовтың «Жылжиды аққу» әні жайлы өрбіді.

…Кәкімбек ағамыздың жақын сырласқан досы дүниеден озыпты. Күйбең тіршілікпен Кәкімбек аға жаназасына қатыса алмай біраз уақыт өткеннен кейін туғандарына көрініп қайтайын деп досының ауылына келеді. Досының үйіне келіп, қара құлыпты көрген соң көршілерінен сұрастырады. Көршісі «Ауылдың сыртында үлкен көл бар, досыңыз дүниеден озғалы бері анасы сол көлдің жағасында отырады» дейді. Көлге барса, жағада жалғыз әйел отыр, қарама-қарсы жалғыз аққу жүр екен. Аққу қайғылы үнмен қаңқылдаған сайын, әйел зарлана жылайды. Осыны сырттай бақылаған Кәкімбек Салықов «Жылжиды аққу» өлеңін дүниеге әкелген екен.

Бұл әнді ес білгелі қанша рет естісем де, шығу тарихына, оның не жайлы екеніне соншалықты мән бермеппін. Жүрегіме қатты әсер етті. Әнге қайта ғашық болдым. Түні бойы қайталап тыңдай бердім.

«Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы,

Біреу ерте, біреу кеш бір құлайды!».

Мұны бірнеше жыл бұрын AMANAT партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты Қарағанды облыстық филиалының төрағасы – Ержан Хамитов фейсбук парақшасына жариялаған екен. Ал, кейбір ағаларымыздың айтуынша (атын атағысы келмеді) бұл бұрынғы Жезқазған облысы Қоскөл ауылына барғанда туған ән көрінеді. Көл бойына барған Кәкімбек ақын көлде жалғыз жүзіп жүрген аққуды көріп, біразға дейін есінен кетпей жүріпті. Өйткені, аққулар үнемі жұп-жұбымен жүреді. Киелі құс қой. Мұның сырын ақын жетік білгені анық. Кейін осы өлең туған екен. Осылай топшыласақ, өлең бірінші туғанға ұқсайды. Жалпы, Кәкімбек Салықов мемлекеттік қызмет пен шығармашылықты қатар алып жүрген көрнекті тұлға әрі қайраткер. Оның басқа да ән мәтіндері өте ойлы. Бұл туындыны да өте шебер жазған. Әуенсіз өлең ретінде оқысаңыз да, жүректі қозғайды. «Поэзия шарықтау шегіне жеткенде әнге айналады» деп есептесек, ән ретінде де миллиондардың жүрегінен орын алған.

Суретте ақын К.САЛЫҚОВ пен композитор Ж.ӘЛІМХАНОВ

– «Жылжиды аққу» әнінің тууы бөлек. Жоғарыда өзің айтқан дерек шындық. Өйткені, мен Кәкімбек ағамның аузынан дәл осылай естігенмін. Жақын досы қайтыс болғанда бара алмай қалып, кейін көл бойында жалғыз жүзген аққуға қарап, жылап отырған досының шешесін көргенде шыдай алмаған. Төгіліп түскен сол сәтте. Ол кісінің өлеңдері солай төгіліп түсетін-ді. Талай куәмін. Мамандығым – экономист. Жамбылда жоғары оқу орнын бітіріп келген кезім. Жылқыбай Аралбаев дейтін жаңадан ашылған Жезқазған облысы обкомының үшінші хатшысы мені жақсы көріп кетті. Жалындап тұрған кезім. Кәкімбек ағаны сыртынан ғана білемін. Жаңадан ашылған Ақадыр ауданында ансамбль ұйымдастырдық тапсырмамен. «Жылжиды аққу» әнінің өлеңі бірінші жазылған. Маған дейін бұл өлеңге Кәкеңнің өзі ән шығарған. Оны 13 жастағы Бекболат Тілеухан орындайтын. Атақты Әсет Бейсеуов те әуен жазған. Ақтоғайдан бір сазгер де ән жазыпты. Маған төртінші рет жазу ұсынылды. Ұсынған – Ақадыр ауданының хатшысы Сара Мұхамедярова. «Үшеуінен де асып түсу керек» деді. Қолыма Кәкеңнің «Аққу әні» деген кітабын әкеп берді. Өлеңді оқып едім, жүректі бірден баурады. Жамбылдан әкелген үлкен ақ домбырам бар еді. Түні бойы тебірендім, тырысып бақтым. Ән тумады. Ұйықтап қалыппын. Таңертең ерте тұрып, домбырамды қағып-қағып жіберіп едім, ыңғайы келе бастады. 10 минутта ән төгіліп түсе қалды. Жүрегім жарылардай қуандым. Алғаш рет түрлі жауапты қызметтер атқарған Гүлбаршын Ақпанова орындады бұл әнімді. Дауысы тамаша еді ғой. Кейін аңыз адам Қорабай Есенов шырқады. Ол да керемет дарын ғой. Бұл әнді орындауға ниет білдіргендерге алдымен Қорекеңнің орындаған нұсқасын қайталап тыңдауды ұсынамын. Өйткені, оның талғамы өте биік. Әнді ғажап түсінеді. Осылайша, Ақадырда 1973 жылы таңда туған ән – бұл. Бірақ, бір айта кетерлігі, «Жылжиды аққу» әні әлі күнге өз деңгейінде орындалған жоқ. Есеп концертімде Майра Мұхамедқызы орындады. Көңілім толмады. Кіл мықтылар шырқап жүр. Алайда, шыңына жеткізе алмайды. Әншісін әлі тапқан жоқ. Осы әнімнің өз деңгейінде шырқалғанын көру – арманым. Жалпы, Кәкімбек ағаның «Жылжиды аққу», «Сағыныш», «Досыңның көзін ұғарсың», «Ұлытау», «Сарыарқа самалы» 20 шақты өлеңіне ән жаздым. Кезінде Мәскеуге де іздеп барғанмын. Жезқазғанда жеке қабылдауында да болдым. Маған өнерді тастамауды өтінген Кәкімбек ағам. Өлеңіне жазған әнімді қатты ұнатты. Екеуміз керемет сыйластық. Өте мәдениетті, білімді, талантты адам еді. Ол да, мен де көп қиындық көргенбіз. Тағдырымыз ұқсас. Содан болар, өлеңдері жаныма жақын. 50 жылға жуық Шет ауданында мал шаруашылығы саласында қызмет еттім. Өнерге де адал болдым. Алдыңғы буын ағаларыммен сыйластым, батасын алдым, – деп бір қайырды Жағыпар ағамыз.

Көрініп қалуды мүлдем ойламайтын дарын иесі Жағыпар Әлімханов ағамыздың әлі айтары көп екен. Қалған әңгімені алдағы күндердің еншісіне қалдырдық.

Жәлел ШАЛҚАР.