Жылыжайдың жайы қалай?
Мемлекеттік бағдарламаның нәтижесінде жылыжай салушылар күрт артқан болатын. Дегенмен, бастауы оңай болса да, алға қарай жылжыта алмай тастаушылар да бар. Қазақстанда жылыжай көлемі өткен жылдың қорытындысына сәйкес 232,3 гектарға қысқарып, 1,2 мың гектарды құраған. Ал, Қарағанды облысында бүгінгі күні 43 гектардан ғана өнім алуда.
Үкіметте жылыжай шаруашылығын дамыту мәселелері талқыланған болатын. Жиында осы саланың негізгі көрсеткіштері туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин баяндады.
Оның айтуынша, жылыжай аумағының қысқаруы өндірілген өнімнің өзіндік құнының жоғары болуына және бизнестің төмен рентабельділігіне байланысты.
Бүгінде жылыжайлардың негізгі бөлігі Түркістан облысында – 824,2, Алматы облысында – 79, Қарағанды облысында – 43, Шымкентте 139,2 гектар көлемінде.
Жиында маусымаралық кезеңде электр энергиясы, газ, көмір шығындарын субсидиялауды енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатқаны аталып өтті. Ол үшін 2023 жылғы 1 мамырдан күшіне енген фермерлік жылыжайларға арналған ұлттық стандарт (ҚР СТ 3834-2023) бекітілген.
Жақын арада инвестициялық субсидиялау шеңберінде жылыжай кешендерін салу және кеңейту жөніндегі жобаларды іске асыру кезінде шығындарды өтеуді 25%-дан 30%-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Ереженің жобасы қыркүйек айының соңына дейін бекітілмек.
Бұдан басқа, жылыжайда өсірілген көкөніс дақылдарын өндіруді дамыту мақсатында тыңайтқыш (органикалық дақылдарды қоспағанда), пестицид, биоагент пен биопрепарат құнын субсидиялау, суармалы су, қияр және қызанақ тұқымдарын беру арқылы мемлекеттік қолдау жалғасады.
Сондай-ақ, мемлекет тарапынан «Агробизнес» әмбебап несиелеу бағдарламасы шеңберінде жылыжай құрылысына несие беру жүзеге асады, бұл ретте субсидиялау есебінен мөлшерлеме 6%-ға дейін төмендейтіні белгілі болды.
Жиынға онлайн қатысқан кәсіпкерлер сең қозғалып, жылыжай шаруашылықтары үшін стандарттар құру мәселесі жабылғанын айтады. Жабық жылыжайды жылыту үшін «Шұбаркөл Көмір» АҚ-мен отын жеткізу туралы шарт жасалып та жатыр.
Мысалы, осы салада жүргендердің бірқатары 30-35 мың тонна көмір сатып алған. «Аптап ыстық басылғанда шаруалар жанармай сатып алуға көшеді. Егер субсидия болса, онда жылыжай шаруашылықтары белсенді түрде жұмыс істеп, жақсы өнім ала бастайды. Еңбегіміз нәтижелі болады» дейді олар.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ