Жаңалықтар

Жылыту сапасы артады

Алдағы уақытта Қарағандының жылу сапасы артатын болады. Қаладағы ЖЭО-3 магистралі қайта жаңартылады. Сонымен қатар, үшінші жылу құбырының құрылысы жалғасуда. Бұл жаңа шағын аудандардағы жылу тапшылығын шешуге көмектеседі. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жылумен жабдықтау жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын қадағалап, тексерді.

Ермағанбет Қабдулаұлы әуелі ЖЭО-3 жанындағы жылу магис­тралінің учаскесіне барды.

– Жылыту маусымы кезінде мұнда бірнеше ақаулар болды. Биылғы жылы бюджеттен бірінші учаскеге қаражат бөлінді. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Жылу көбірек таралуы үшін құбырдың диаметрі ұлғайтылады, – дейді Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Рүстем Қожақапанов.

Оның айтуынша, қазір мердігерді таңдау конкурсы жүріп жатыр.   

Сондай-ақ, Қарағандыда М10 жылу магистралі қайта жаңартылады. Енді Оңтүстік-Шығыс ауданындағы үйлерге сапалы және үздіксіз жылу беріледі. Сонымен қатар, жаңа ғимараттарды жылуға қосу үшін резервті қамтамасыз етеді.

Пришахтинскідегі жылу желілері де жаңартылып жатыр. Облыс әкіміне ұзындығы 22 шақырымды құрайтын үшінші жылу құбырының құрылысы туралы баяндалды. Бүгінгі таңда екі жолақпен шамамен 14 шақырым құбыр төселіп, төрт сорғы станциясының қаңқалары тұрғызылыпты.

«НС Система» ЖШС бас инженері Сергей Фриктің айтуынша, жұмыстар кесте бойынша жүргізілуде, алты дәнекерлеу бригадасы мен 52 арнайы техника жұмылдырылды.

Осы жылы сорғы станциялары мен құбырлардың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Құбырларды төсеу жалғасады.

– Бұл өте маңызды жоба. Жаңа ғимараттарды жылуға қосу үшін болашақта қор қамтамасыз ету қажет. Ең бастысы – жұмыстың сапасы, сондықтан бақылау тұрақты болады, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Қалада отандық өнімді қолдана отырып, магистральдық құбырлар оқшаулануда. Бұл жылудың сыртқа таралуын азайтады. Облыс әкіміне биыл жоспарланған 76,2 шақырым толығымен аяқталатынын жеткізді.

Өңір басшысы орамішілік же­лілерді қаптаумен айналысуды тап­сырды.

Қасымхан ҒАЛЫМ

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button