Руханият

Жылнама һәм жәдігер

Қарағанды шаһарының ескі келбеті кімді де болсын елең еткізері сөзсіз. Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында Қарағанды көріністері бейнеленген суреттер, сол заманғы қала фотолары көрмеге қойылды. Тек суреттер ғана емес, сонымен қатар, қаланың дамуына үлесі зор құрылысшылар мен кеншілердің портреттері де ұмытылған жоқ. Қара алтынның ордасы атанған қаланы шахталарсыз, кен орындарысыз да елестету мүмкін емес. Сондықтан да, ескі шахталардың макеттері, шахтерлердің арнайы киімдері және жер астында ұстаған шахтер шамдары қала тарихынан сыр шерткендей.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Мұражайға 30 шақты экспонат, 76 фотосурет және 34 құжат қойылған. Жалпы, мұражай 1932 жылы ашылып, алғашында, «политехникалық», деп аталды. Содан соң мұнда Мәскеуден 80-ге жуық шахта макеттері мен басқа да экспонаттар әкелінді. Ал, 1938 жылдан бастап, өлкетану мұражайына айналды.

– Қарағандыдағы геологиялық жұмыстар өткен ғасырдың жиырмасыншы жылы басталды. Содан кейін біздің өңірге геологтар ағыла бастады. Алғашқы зауыттар ашылды. Оның ішінде, Қарағанды-Ақмола теміржолы да іске қосылды. Осылайша, дамудың алғашқы кезеңдері басталды. Кейін геологтармен бірге дәрігерлер де келді. Мысалы, Герман Алалыкин, кейіннен ол ҚазКСР-дің еңбек сіңірген дәрігері болды. Ол осы өңірде жұбайы терапевт Ядвига Фридриховнамен алғашқы аурухана ашты. Ал, 1931 жылы шахталық ауылдың орнында жаңа қала құрылысы басталды. 1934 жылы көпқабатты үйлер салынып, сол жылы 10 ақпанда Қарағанды қала мәртебесіне ие болды, – деді мұражайдың ғылыми қызметкері Динара Сәкімбай.

Залға тағы кеншілердің алғашқы арнайы киімдері қойылған. Олардың көбісі қапсырма баумен түймелі бешпенттер. Киімдердің матасы да қатты, әрі қимыл-қозғалысқа ыңғайсыздау. Десек те, алғашқы кеншілер осы киімдерді киіп, еңбек еткенін жоққа шығара алмаймыз. Шахтер шамдары мен каскалары да қазіргідегідей жеңіл емес. Әжептәуір салмақты. Шахта құралдары да ұсынылған. Мысалы, балға, кирка. Мұражай қоры бұл жәдігерлермен 60-жылдары толықтырылған.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.кz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button