Жаңалықтар

Журналистерге жылы лебіз

Журналист мамандығы тәуекелді, қырағылықты, еңбекқорлықты талап етеді. Оның үстіне, жан-жақты болуыңыз керек. Онсыз жазған мақалаңыз бен жасаған репортажыңызда мән болмайды. Ал, ойдағыдай шықпағасын жұмысқа деген ынта төмендеуі мүмкін. Сондықтан, үнемі ізденіп, жаңалықтарды бақылап, жаңа әдіс-тәсілді меңгеріп отыру ләзім.

Осының бәрін жан-жүрегімен түйсінген Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының ұжымы Алғыс айту күні қарсаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне алғыс айтады.

Журналистердің жұмысы сыртынан қараған адамға жеңіл сияқты көрінуі мүмкін. Кейбіреулер журналист болуды қызық көреді. Ал, оның жауапкершілігін біле бермейді. Мақала оқырман қолына тигенше, ал телеарна репортажы немесе бағдарлама көрерменге жеткенше, қаншама тер төгіледі. Тіпті, кейде журналистер шындықты, ақиқатты халыққа жеткізу жолында басын бәйгеге тігіп жатады. Жұмыстан қуылып, қоғамда теперіш көретін сәттері де жоқ емес. «Журналисті аяғы асырайды» деген сөз де бекер айтылмаған. Ізденбесең, біліктілігіңді арттыруға, сұранысқа ие маман болуға талпынбасаң, өзіңді-өзің дамытпасаң, алысқа бара алмайсың. Оның үстіне, қазір несиеге батқан елдің жүйкесі жұқарған. Олардың тілін тауып, өз миссияңды орындау да оңай емес. «Алғыс алған арымас» демекші, адал әрі табанды еңбек арманға жетелейтінін айтқымыз келеді.

– Қазіргі таңда журналистердің еңбегі өлшеусіз. Өйткені, оларды қарапайым халық пен биліктің арасын жалғаушы алтын көпір десек, артық айтқандық емес. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері – жаңалықтың жаршысы. Елімізде және әлемде болып жатқан жаңалықтарды шынайы әрі шұғыл түрде жеткізу – сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз. Сондықтан да, Сіздерге толағай шығармашылық тілеп, ерен еңбектеріңізді бағалай отырып, шын жүректен алғыс айтамыз, – дейді Сәкен театрының актрисасы Динара Айғазинова.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button