Аймақ

«Журналист – оқиғалар мен адамдар арасындағы алтын көпір»

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Құрметті журналисі, ардагер журналист Аман Жанғожинмен жүздестік. Еңбек жолын кен инженері, ғылыми қызметкер болып бастаған кәнігі журналистің жеке мұрағатында аты аңызға айналған «Ortalyq Qazaqstan» басылымының шығармашылық ғұмырдағы сандаған жылдық жұмысы жасырынып жатыр. Біз кейіпкеріміздің кенен тәжірибесі, газет тарихы және қазіргі журналистикаға көзқарасы туралы емен-жарқын пікір алмасқанды құп көрдік…

Суреттер А.Жанғожиннің жеке мұрағатынан

– Аман Жағдаұлы, «Масс-медиа туралы» ұзақ талқыланған жаңа Заңға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Журналистика саласының майталманы ретіндегі пікіріңіз оқырманымызға маңызды болары шүбәсіз. Сіз не дейсіз?

– Бірден айтайын. Жаңа Заң – Қазақстанның медиа саласын дамытудағы маңызды қадам. Мәселен, «Бұқаралық ақпарат құралдары» ұғымын кеңейту арқылы қоғамның қазіргі тенденциялары мен сұраныстарын жақсы ескеруге соны мүмкіндік екенін ескермеске болмайды. Әсіресе, бірыңғай медиаплатформаны енгізу ақпараттық қауіпсіздік үшін ерекше маңызды аспект. Біздің пікірімізше, бұл журналис­терді аккредиттеу үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне де грант ұсынудың ашық тетіктерін қамдап, өз кезегінде тәуелсіз журналистиканың дамуын ынталандырады. Бірақ, ақпарат алаңындағы ашықтықтың қағидаттары қатаң сақталмаса, орталықтандырылған медиакеңістік бұқаралық ақпарат құралдарына мемлекеттік бақылауды күшейту құралына айналып кетуі де кәдік. Ал, «Журналистің ерекше мәртебесі» ұғымын енгізуді оң қадам деп санаймын. Тілшінің ақпаратты іздеу мен таратудағы кеңейтілген құқықтары, сондай-ақ, қосымша құқықтық кепілдіктер баспасөз бостандығын едәуір нығайтады. Халықаралық тәжірибені мысалға алсақ, Еуроодақ пен Америка Құрама Штаттары заңнамаларында осы сынды кепілдіктер бұрыннан бар. Есесіне еркін және тәуелсіз журналистиканың дамуына ықпал ететін ұғым тиімділігі әлдеқашан дәлелденген. Қорытындыласақ, «Масс-медиа туралы» жаңа Заңның Қазақстандағы медиа ортаны айтарлықтай жақсарту үшін әлеуеті бар. Алайда, оны сәтті жүзеге асыру қайталап айтайын, ашықтық қағидатының қаншалықты мұқият орындалатынына тікелей байланысты!

– Әсерлі әңгімемізді әрі қарай ендігі Сіздің журналистикадағы сапарыңыз жайлы өрбітсек. Аман Жанғожин бұл қиындығы мен қызығы қатар жүретін сүрлеуге қалай түсті?

– «Журналистика – тек мамандық емес, өмір салты» дейтіні бар еді ғой Генри Менкеннің. Тап солай! Көзімізді тырнап ашқалы бері білім нәрін тек газет пен кітап беттерінен сіңіретін едік қой. Ол шақтарда бүгінгідей көл-көсір ақпарат ағыны жоқ-тұғын. Газет пен кітап бізге бәрін берді десек болады. Тұтас қауымды тәрбиелейтін құрал газет пен кітап болатын. 1959 жылы қазыналы Қарағандыдағы №2 мектеп-интернатына орналасқан уағымда Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров сынды Алаш арыстарының бір тобы ақтала бастады. Қазақ әдебиеті өзінің тұғырына қайта қонды. Сол білім ошағында оқып жүргенімде шахмат үйірмесіне қатысатын едім. Менің шахматтағы ұстазым түрлі турнир жөніндегі ақпаратты газет бетіне жариялауды әдет ететін. Бірте-бірте «Мақала қалай жазылады?», «Ақпаратты қайтіп жариялайды?» деген сауалдарға үңіле бастадым. Нәтижесінде өзімнің де бірнеше мақалам шығып, кәдімгідей жасап қалғаным бар. Менің көсемсөз жанрындағы алғашқы қадамдарым осылай өрбіді. Ал, журналист ретіндегі мансабым 1974 жылдан бастау алды. Ол кезде журналист шындықты бұқара халыққа жеткізіп ел өміріне айтарлықтай әсер ете алатын қастерлі мамандық болатын. Шынымды айтсам, әрқашан кез келген маңызды істің бел ортасында жүргенді қаладым.

– Сіздің тұлғалық қырыңыз «Oрталыққа» табан тірегеніңізде ашыла түсті. Газет сізге не берді?

– «Ortalyq Qazaqstan» – Қазақстанның ең байыр­ғы да байсалды және ең құрметті газеттерінің бірі. Басылым – индустриаландыру, сұрапыл соғыс, қайта құру, Қазақстанның тәуелсіздігі сынды көптеген тағдыршешті тарих оқиғаларының тірі куәгері. Бұл сарабдал салада қырық жылдан астам уақыт жұмыс істей жүріп, уақыт пен технологияның күрт өзгергенін көрдім. Иә, қазір көп нәрсе түбегейлі өзгерді. Бірақ, бір нәрсе еш өзгеріссіз қалды. Сіз бен біздің шындық пен халыққа қызмет етуге деген адалдығымыз өзгермеді. Бұл тұрғыда айтарымыз аз емес. Мысалы, Ұлы Отан соғысы жылдарында газет жауынгерлік рухты қолдауда теңдессіз рөл атқарды. Мәселен, қан майданнан қатардағы жауынгерлердің хаттары мен жүрекжарды өлең жолдарын жариялап тұрды. Солардың кейін тағдыры қалай болғанын анықтап, ұрпақтарымен тілдескенім бар, олар газетке жарияланды да. 90-шы жылдары Қазақстан тәуелсіздігіне қол жеткізгенінде «Ortalyq Qazaqstan» жаңа саяси әрі экономикалық формация атаулысын басылым бетінде талқылау мен дамыту мақсатын берік ұстанып, маңызды тұғырнамаға айнала білді. Біз әрқашан ақпараттық күресте болуға, адамдарға айналада не болып жатқанын түсінуге көмектесуге тырыстық. Енді өзіңіз хабардар боларсыз. Мен осы саладан зейнеткерлікке шықтым. Яғни, саналы ғұмырым публицистикамен тікелей байланысты. Басында жұмысқа қабылданғанымызда аталған мамандық маған күрделі болып көрінгені рас. Әсте-әсте сонсоң төселіп кеттік. Кейін тіпті жазбасақ тұра алмайтын, көңіліміз көншімейтін хәлге келдік. Газет маған қажеттінің бәрін берді. Ең құнды тәжірибе – керемет адамдармен жұмыс істеу мүмкіндігі. Газет ұжымы небір талантты да елжанды көркем жандарға толы болды. Редакторларым ғылым кандидаты Рамазан Сағымбеков, партия қызметкері Тілеухан Жүсіпов, 1991 жылғы тамыз бүлігінде билікке қасқайып қарсы шыққан, өз арамызда «қаһарман» атанып кеткен Нұрмахан Оразбеков, ширек ғасыр басшы болып, «ХХ ғасырдың жиырмасыншы редакторы» атанып кеткен Мағауия Сембай сынды асыл азаматтар еді. Әр мақалада, әр жаңалықта көздеген меже мен мерзім үдесінен шығу үшін күн мен түн демей жігерлі жұмыс істегеніміз есімде. Бұл – ұжымдық жұмыс, кемелдікке ұмтылу! Осындай сәулелі сәттер есімізден шықпас, сірә да. Шүкір, абырой мен беделден кенде емеспіз. Бастысы, ел сеніп тапсырған аманат істі өз дәрежесінде орындай білдік деп ойлаймыз.

– Осынша жылдар ішінде билік тарабының әлдебір цензурасына немесе қысымына тап болған кезіңіз болған шығар. Онымен қалай күрес­тіңіз?

– Әрине, бірнеше рет! Қайта құру жылдары еліміз үлкен өзгерістерді бастан кешті. Сол күндері ақпарат саласы күні бітіп бара жатқан коммунистік партияның қатаң бақылауында болды және әрбір материал қадағалау елегінен өтті. Бірақ жоғарыда аты аталған қаһарман редакторымыз Нұрмахан ағамыз­дың қолдауына сүйеніп, шындықты шырылдатып жариялаудың жақтаушысы болдым. Тағы бірде-бір оқыс оқиға 1990 жылдардың соңына қарай өрбіді. Ол кезде мен бас редактордың орынбасары қызметінде едім. Қызметтес әріптесім облыстық дәрежедегі мекеменің бірінде сыбайлас жемқорлық туралы мақала дайындап жүрген еді. Қоржынында сенімді дәлелдер мен дәйектер болды. Бірақ, әлгі дүние жарияланбас бұрын бізге жоғары лауазымды шенеунік қоңырау шалып, «көнбеген» жағдайда оның салдары болатындығын «ескертіп», материалды номерден алып тастау­ды ұсынған еді. Бірақ, біз дәлеліміз дәйекті болғандықтан, ештеңеден шімірікпей мақаланы жариялап жібердік. Сөйтіп, шындық тұғырынан түспеді. Шенеунік орнынан алынды. Құзырлы мекеме ешқандай қоқан-лоқы көрсете алмады. Мұның өзі адалдық пен батылдық журналистің басты қасиеті екенін көрсетеді. Қысым мен қауіп-қатерге қарамастан, сіз әрқашан шындық пен әділдікті қорғауға ұмтылуыңыз керек. Әр қаламгер мансап жолында дәл осылай жасауға тырысса, біз қоғам алдындағы қасиетті борышымызды адал өтеген боламыз.

– Бүгінгі ақпарат ауанын өзіңіз бағамдап жүрген боларсыз. Жиырма бірінші ғасырдағы газет қандай болуы керек Сіздіңше?

– Қазіргі журналистика айтарлықтай өзгерді. Бір жағынан, технология жаңа мүмкіндіктер берді. Интернет, әлеуметтік желілер, ақпаратқа жедел қолжетімділікті айталық. Екінші жағынан, журналистиканың алдында кесе-көлденең тұрған жаңа қиындықтар да жоқ емес. Жалған жаңалық, сантүрлі мүдделер қақтығысы мен қысымы. Бүгінгі журналист гаджетте болсын, газетте болсын, ең бастысы – оқырман алдындағы адалдық пен жауапкершілікті есте сақтауы бәрінен маңызды деп есептеймін. Мен жас журналистерге табанды және адал болуды тілеймін. Қиындықтан қорықпаңыз, шындықты іздеңіз және әрқашан қоғам алдындағы жауапкершілігіңізді есте сақтаңыз. Журналистика тек жұмыс емес, бұл миссия! Өз принциптеріңізге адал болыңыз, сонда сіз табысқа жетесіз. Жалпы бүгінгі журналистика бұрын-соңды болмағандай «тірі» және серпінді болуы қажет. Цифрлық дәуірде, әр сәт жаңа дерек пен оқиғаны алдыңызға тосатын кезде, журналист өзгеріс пен трендтен хабардар болуға міндетті. Бүгінде интернет жаңалығының тұтас аудиториясы 4 миллиардтан асты. Бұл өз кезегінде сандық мазмұнның ерекше маңыздылығын көрсетеді. Бірақ, бұрнағы бейтараптылықпен қатар, журналистикаға арагідік субъективтілік қажет. Иә, Сіз қағыс естімедіңіз. Журналистің дауысы анық және сенімді болуы маңызды. Жеке пікір, сараптамалық түсініктемелер және болжамдар материалды бірегей және есте қаларлық етеді. Газет пен гаджет қатар жүруі керек. Баспа басылымдары оқиғаларды мұқият және терең талдау арқылы өзектілігін сақтайды. Сонымен қатар, мобильді қосымшалар мен сайттар жаңалықтарды бірден алуға және 24/7 аудиториямен байланыста болуға мүмкіндік береді. Мысалы, халықаралық Statis­ta мәліметтері бойынша, АҚШ-тағы ересектердің 65%-ы мобильді құрылғылардан жаңалық тұтынады. Бұл фактіні әсте елемей салуға болмайды. Бүгінгі журналистика – бұл ескі және жаңа, баспасөзі мен сандық мазмұнның, объективтілік пен субъективтіліктің симбиозы. Тәжірибе жасаудан қорықпау, ақпаратты жеткізудің жаңа формалары мен тәсілдерін іздеу маңызды. Бұл тез өзгеретін әлемде сұранысқа ие және өзекті болып қалудың жолы. Бірақ, сөз бен сенсация арасындағы шек маңызды.

– Алдағы төл мерекеңізбен құттықтай отырып, қазірде «мен жайлы мен ғана білемін» деген қағидатқа сүйенсек дейміз. Өзіңізше Сіз кімсіз, Аман Жағдаұлы?

– Рахмет, айналайын. Мына сауалыңыз шынымен тосын екен. Дегенмен, өз биігімнен жауап беріп көрейін. Мен уағында облыстың төрт бірдей энциклопедиясын құрастырып, баспадан жарыққа шығуына жауапты кісі болған едім. Одан кейін де талай анықтамалық кітаптарды, тарихи тұлғаларға қатысты басылымдарды жариялауға қатыстым. Әлі күнге дейін даңқты бабаларымыз бен тағдыры қилы қаламгерлердің соңына шырақ алып түсіп, журналистік ізденіс­терімді жалғастырып жүрмін. Мені көбіне былайғы замандастарым «энциклопедист» деп атап жүреді. Әлбетте, энциклопедист болу мұрат емес. Бірақ, жұмысымды сүю, оның отымен кіріп, күлімен шығу мен үшін – қастерлі парыз. Жалпы, жалқы қалғанымда ізденіске жиірек желі тартамын. Қоғам тынысын ту еткен жанмын деп ойлаймын. Менің өмірім – уақыттың алтын шүмегінің түгесілмес сиясымен жазылған ұзақ қолжазба. Оның әрбір азат жолы атамекенімнің ең жарқын және қараңғы көріністерінің ақиқаты мен ақтаңдағын баяндайды. Мен кіммін?! Мен – үнсіз қалғандардың қарлыққан, құмыққан, тіпті әредік айқай салған дауысымын. Журналистика тек бір жай сөз ғана емес, әлемді өзгерте алатын сиқыр. Ал журналист – оқиғалар мен адамдар арасындағы қылкөпір.

– Мазмұнды әңгімеңізге алғыс айтамын!

Сұхбаттасқан Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button