Ресми

Жоспар жосықты, көрсеткіш көңілдегідей

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлек­паевтың жетекшілігімен өткен кезекті аппарат жиынында ауыл шаруашылығы өнімін ұлғайту шаралары, өрт қауіпті кезеңін өткеру барысы, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру сынды өзекті мәселелер қарастырылды.

Коллажды жасаған Марал Әйнекова

Агрокешен ахуалы

Сонымен, кейінгі 5 айдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы нақты көлем индексі 107%-ды құраған. Нәтиже әзір көңіл көншітерлік. Әрі қарайғы тыныс-тіршілігі һақында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин кеңірек тоқталды. Мәселен, биыл егіс алқабы 1 млн. 91 мың гектар, жемшөп дақылдарының да егісі ұлғайтылып, 261700 гектарды құрады. Картоп 12 мың гектарға, көкөніс 994 гектарға егілді. Сұрыпты барынша жаңарту мақсатында 102 шаруашылық өкілдерінен 8 мыңнан астам жоғарғы өнімді дәнді тұқым сатып алынған. Барлығы 104 мың 300 тонна астық тұқымы егілді. Минералды тыңайтқыштарды қолдану алаңы 581 мың гектарға дейін кеңейген. Өсімдік шаруашылығында да өткен жыл деңгейімен салыстырғанда өсім жоғары болады деп күтілуде. Көңіл түпкіріндегі көрсеткішке қол жеткізу үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне машина-трактор паркін жаңарту мақсатындағы субсидия және жеңілдетілген несиелер түрінде көрсетілген мемлекеттік қолдау шаралары оң ықпал етіп келеді. Мәселен, көктемгі егіс жұмыстарын оңтайлы жүргізу үшін «Аграрлық кредиттік корпорация» акционерлік қоғамы арқылы 9 млрд. теңге сомасына 206 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі қаржыландырылды. «Қаз­АгроҚаржы» арқылы 3 млрд. 400 млн. теңгеге 287 қарыз алушы қажетін өтеген.

– Ішкі нарықты ауыл шаруашылығы өнімдерімен қанағаттандыру, қайта өңдеу кәсіпорындарының қуатын арттыру да инвестициялық жобалар есебінен де қамтамасыз етілмек. Агроөнеркәсіп кешені саласындағы инвест бастамаларды іске асыру жөніндегі бекітілген Жол картасы шеңберінде осы жылы 185 жұмыс орнын құра отырып, 24 млрд.теңге сомасына 30 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 6,2 млрд. теңгеге 10 жоба басталып, 57 жұмыс орны ашылды, – деп атап өтті спикер.

Өрт ошағы тіркелмеді

Қауіпті кезең басталғалы бері облыс аумағында дала өрті де назарға ілікпеген. Төтенше жағдайлар департаментінің бас­тығы Мұрат Қатпанов аталған аралықта мобильді топтар 410 рейд, 1200-ден астам профилактикалық шара өткізіп, нәтижесінде шамамен 23 000 адам құлағдар болғандығын мәлім етті. Ақпарат айдынында 600-дей түсіндірме жарияланымы жайғасқан.

– Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 14 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Орман-дала қауіпсіздігіне ден қоюмен қатар, тұрғын үй секторында өрт сөндіру бекеттерінің жұмысын оң деп бағамдарлық. Мысалы, Ақтоғай ауданы Ақши ауылының салалық бекеті мен еріктілерден жасақталған өртке қарсы құрылымы 10 шаршы метр аумақта шаруашылық құрылысының өртін сәтті ауыздықтаған, – деді салалық департамент бастығы.

Барлық сарбаздар толық жауынгерлік дайындық үстінде. Табиғи өрт, алаудың кездейсоқ тұтануын болдырмау жөніндегі жүйелі жұмыс, сондай-ақ, өрт сөндіру бекеттерін құру әрі материалдық-техникалық жарақтандыру жоспарының орындалуы ойдағыдай жалғасып, тұрақты бақылауда. Оның үстіне, Қазақстан Рес­публикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің нұсқауына сәйкес департамент штабы бүгінде тәулік бойғы жұмыс режиміне ауыстырылды. Осыған байланыс­ты облыстық басқармалардың жауапты тұлғаларынан күн сайын осы штабтың жұмысына қатысуларын сұраймын, – деп түйіндеді сөзін Мұрат Қасенұлы.

Ұлт жобасы

Өндірісті өңірдегі 27 ауылда жаңа медициналық нысан құрылысы қарқынды жүріп жатыр. «Ауылдық денсаулық сақ­тауды жаңғырту» ұлттық жобасы негізінде 92 нысан салу жоспарланған. Оның 14-і өткен жылы қолданысқа берілді. Биыл тағы үш ауданда – Қарқаралы, Шет және Бұқар жырауда маңызды нысандар құрылысы басталды. Ұлттық жобаны іске асыру туралы аппараттық кеңесте денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова баяндады.

– «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бірнеше келелі міндет қояды алдымызға. Біріншісі – ауылдық елдімекендерді нормативтерге сәйкес алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдастыра отырып, қамтамасыз ету. Қарағанды облысында 92 нысан салынады. Анығында 47 медициналық пункт, 34 ФАП және 11 дәрігерлік амбулатория. Өткен жылы 14 ғимарат қолданысқа енгізілген-тін. Биыл жоба ойдағыдай жалғасуда. Қазірде 27 ауылда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. 51 нысан бойынша конкурстық рәсімдер жарияланды, – деп хабарлады Бибігүл Райханқызы.

Ендігі міндет – ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру. Ол үшін Теміртау мен Балқашта мамандандырылған орталықтары бар ауданаралық ауруханалар бой көтермек. Теміртауда жоба биыл іске асырылуы тиіс. Қазір ангиографқа арналған қосымша үй-жай салынуда. Ал, Балқашта жаңғырту жұмыстарын аяқтау келесі жылға жоспарланған.

Бұл салада кадр мәселесін шешу әрдайым өзекті. Медициналық мамандарды ауылдық жерлерге жұмылдыру үшін облыста көтерме жәрдемақы көлемі ұлғайтылды. Сондай-ақ, қызметтік тұрғын үй бөлінеді. Бибігүл Төлегенованың айтуынша, Теміртауда аса тапшы мамандықтар бойынша дәрігерлер үшін 35 пәтер берілмек. Балқашта дәрігерлер үйі ретінде бір ғимаратты қайта құру жұмыстары жүргізілуде.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ұлттық жобаны уақытылы іске асыру жөнінде бірқатар тапсырмалар берді. «Ауыл әкімдері өз аумағында салынып жатқан нысандардың сапасын бақылауға тиіс», – деп атап өтті өңір басшысы.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button