Жошыға жорық басталды
Ұлытауды бетке алмас бұрын, әріптестермен Жезқазған қаласында аялдадық. Жалға пәтер іздеген едік, таптырмай қойды. Бәрі бос емес. Содан не керек, зордың күшімен жұпынылау біреуін паналап шықтық. Мұны Жошы кешеніне келуші туристердің саны артқан ғой деп топшыладық. Болжамымыз бекер болмай шықты. Кешеннің өз басынан жобамен 100-ге жуық туристі байқадық…
Туризмнің ірі ошағына айналғалы тұрған жаңа кешен несімен ерекшеленеді дейсіз ғой? Негізгі қалыбы – Алтын Орданың алыбы Жошының кесенесі. Одан бөлек, жаңадан бой көтерген мұражай, Жошының еңселі ескерткіші, жорық шатыры және қонақ үйден тұратын кешеннің заманауи технологиялық мүмкіндіктері мен қордағы құнды жәдігерлерімен тартымды.
Кешеннің ауласына аттаған едік, қос атқа жегілген күйме мен «Ақсақ құлан» бейнесіндегі ескерткіштер көзімізге оттай басылды. Тап сол тарихтың тарлан кезеңі, дүбірлі дәуірі көз алдымызда сырғып қоя берді. Меймандар кезек-кезегімен естелікке суретке түсуде. Тутұғырлар да тамаша әспеттелген. Кешеннің есігінен енген бойда үлкен мониторға таяндық. Бұл жерден кешеннің ішкі мазмұны және Жошы хан кесенесінің тарихын танып білуге мүмкіндік бар. Мәліметтерді үш тілде (қазақ, ағылшын, орыс) оқуға болады. Мұның да сырт елден келетін туристер үшін тиімділігі мол. Ал, залдың қақ ортасында «Бәйтерек» ағашы тұр. Сонымен қатар, Алтын орда дәуіріне тиесілі түрлі жәдігерлерді де осы жерден көріп, сырына қанық бола аласыз.
Келушілерге жеке бөлмеде 3D форматындағы арнайы бейнеролик көрсетеді. Жошы туралы қысқаметражды бейнежазбаның түсірілім, дыбыстық сапасын да ауыз толтырып айтуға болады. Ішінен ерік-жігеріңіз ерекше тіктеліп, рухтанып шығасыз.
Мәдени орталықтың тағы бір үлкен жаңалығы – Жошының тақ үстіндегі еңселі ескерткіші.
Алтын Орданың атасы саналған Жошының нағыз кескін-келбеті сомдалыпты. Мүсінде өткір жүз де, қайсар рух та, айбар да анық көрінеді. Ескерткішті мүсіндеген ҚР Суретшілер одағының мүшесі Ғазиз Ешкеновтің ғажап шебер екенін айта кету де жөн шығар.
Сондай-ақ, Жошы ескерткішінің оң қапталында жорық шатыры тұр. Мұнда да сол дәуірдің сырын шертетін түрлі бұйымдар бар. Ал, төрде хан тағы орналасқан. Туристердің суретке түсетін сүйікті орны. Таққа қарама-қарсы Кетбұқаның балауыздан жасалған бейнесі қойылыпты. Бұл жерден аттап кете алмадық. Тақ үстінде суретке түстік. Одан әрмен Жошының басына өтіп, «Фатихамызды» үш қайтара оқыдық. Басты көздегеніміз де сол – баба рухына тәу ету. Дегенімізге жеттік.
Біз жоғарыда туристік бағытын ғана сөз еттік қой. Одан бөлек, кешеннің намазхана, асхана, қызметкерлердің бөлмелері, түрлі галереялар, кешенге келушілерге арналған демалыс бөлмелері бар. Бірақ, қонақ үй мен асханасы әлі қолданысқа берілмепті.
Бұл жерге тек туристік кешен ретінде қарамайды. Алдағы уақытта ел мен шет ел ғалымдарының бас қосып, үлкен ғылыми конференциялар өткізетін, студенттердің, оқушылардың тарих пәнінен тәжірибе жинақтайтын игілікті ордаға айналдыруды көздеп отыр. Яғни, кешеннің келешегі кемел.
Тарихи-мәдени кешеннің жетекшісі Бақытжан Игенов мырзаның айтуынша, туристер легі толастар емес. Күніне жобамен 200-250-ге тарта туристке гидтер қызмет көрсетеді. Ашылғанына ай тола қоймаған тарихи кешенге елдің түпкір-түпкірінен 6000-ға жуық мейман келіп, таңданысын жеткізе кетіпті. Жошы хан кесенесіне жылына 70 мыңға дейін турист келеді деп жоспарлануда. Кешеннің қызметі әзірше тегін. Жер-жерден қарияларды да арнайы әкеліп, тарихи орынмен таныстыруда. Бұл да – шарапатты шаруа.
«Мені Жезқазғандағы ұлым арнайы алып келді. Осы уақытқа дейін келуді армандағанмын. Ұлытауда қонақ болып, асығыс кетеміз. Жолымыз түспей қойды. Кешен туралы теледидардан да, газеттен де оқып отырып, тіпті қызыға түсетінмін. Міне, Жошының басына келудің сәті енді түсіпті. Өте қатты ұнады, бәрі келісті, тартымды», – деп әсерімен бөлісті жаңаарқалық Сағат Үмбетова әжей.
Естеріңізге сала кетейік, Ұлытауға Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде тұңғыш сапар жасап, зиярат етіп келгенінде: «Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының мазары қазақ жерінде тұрғанын бүгінде елімізде және шет елдегі жұрттың көпшілігі біле бермейді. Оның тарихи тұлғасына әлемнің назарын аударып, кесенесін мәдени туризм нысанына айналдыру өте маңызды міндет» деп, тұтас түркі әлеміне үлгі болар сөз айтқан еді.
Иә, Алтын орданың атасы Жошы ханның тұлғасын сақтау түгел түркі жұртына ортақ іс саналады .
Қасымхан ҒАЛЫМ.