Жомарт жігіттер пейілі
Қазанның соңғы күні Жаңаарқа ауданы орталығында «Айтулы асабалардың айтары бар Жаңаарқада» атты қайырымдылық шара жоғары деңгейде өтті.
Сансыз сауапқа кенелтіп, рухани рақымға бөлейтін кешті аудан әкімдігінің қолдауымен аудандық мәдени-сауық орталығының көркемдік жетекшісі, ҚР мәдениет қайраткері Ләззат Жұмабекова ұйымдастырды. Кешті сабырлы қалыппен тереңнен қозғай сөз бастап, айтулы шараның шымылдығын түрген жерлесіміз, айтыскер ақын, асаба, ұстаз, оқытушы, филология ғылымдарының докторы Жансая Жарылғапов жүргізді.
Жаңаарқаның төріндегі тағылымды кеште Жарулла Акишев, Қойлыбай Асанов, Тілеген Әділов, Төлеген Жаманов, Айтбай Жұмағұлов, Айтуған Рсалдин, Құрманғазы Әлиман, Айбат Апаков, Диас Нұрғалиев, Аңсаған Тоқсанбаев сынды сайдың тасындай іріктелген жыр жүйріктері мен қазақтың кез келген тойында жұртты аузына қаратып, алқалы топтың отырысын ажарландырып, абыроймен атқарып жүрген асабалар және көңілді тапқырлар клубының әзілкештері бар өнерлерін ортаға салды. Жыр майталмандары бабадан қалған саф өнер – қайым айтыста көсіліп шапса, бұдан бөлек, беташар секілді дәстүрдің діңгегін дәріптеп, әспеттеді. Ал, әзілкештер халықты қыран-топан күлкіге қарық қылды.
Сонымен қатар, әншілер – Қуаныш Дүйсенбеков пен Гүлзар Абдуалиеваның, Ардабек Октябрдің әсем әндері де көпшіліктің көңілін көтерді. Әнші Бөкенбай Жапиннің әні де құлақ құрышын қандырды. Жаңаарқалық жас жыршы Айтмұхамбет Жұмабай өлең оқыды.
Осылайша, үш сағат бойы Мәдениет үйінің шаңырағын кернеген ән мен жыр, астарлы әзіл, тұщымды ой көрермендерге өзгеше көңіл-күй сыйлады.
Қайырымдылық кеші Елбасының мазмұнды мақаласында атап көрсетілген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша бастау алып отыр. Қайырымдылық қорына ауданымыздың жанашыр азаматы Самат Жұмасейітов қомақты қаржы аударып, концерттің билетінен де біраз қаражат жиналды. Аудан кәсіпкері Айман Тілеуханова тұрмысы төмен отбасыларға тегін киім-кешекпен көмек көрсетті. Жиналған барлық 360 мың теңге мен киім-кешек 4 мүмкіндігі шектеулі, 4 шұғыл ота жасауды қажет еткен және 10 жетім-жесір жандарға үлестірілді.
Шара соңында аудан әкімінің міндетін атқарушы Қанат Қожықаев, аудандық мәслихат хатшысы Қуат Имантүсіпов және ауданның бас имамы Байдулат Нұрғалиев айтулы іс-шараның ұйымдастырушысы мен оның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан азаматтарға, сонымен қатар, қайырымдылық кештің көркін келтірген қонақтарға алғыстарын білдірді. Аудан әкімі мен аудандық мәслихат хатшысының атынан асабаларға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырылды.
Ұйымдастырушылар енді мұндай рухани кештерді облыстық және республикалық деңгейде өткізуді жоспарлап отыр.
Индира АСАМИДАНОВА,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы.
ЖАҢААРҚА ауданы.