Бас тақырыпЖаңалықтар

Жолдау жолын ашқан жобалар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ Жолдауын жүзеге асыру жұмыстары жалауын желбіретіп үлгерді. Қазақстан халқы Ассамблеясы Жолдау аясында ғылыми және әлеуметтік бағыттағы тың жобаларын қолға алуға кірісті. Бұл туралы Жолдауды талқылап, өз ойларын ортаға салған ғылыми сараптамалық тобының кезекті отырысында мәлімденді.

Жиында ғылыми сараптамалық топ мүшелері Мемлекет басшысының білім саласындағы соны ойларын ерекше атап өтті. Өйткені, Мемлекет басшысы Үкіметке ел дамуына әсер ететін ғылыми зерттеулердің деңгейін көтеріп, оны тәжірбиеде қолдана білуді жүйелі жетілдіруді тапсырса, ел ертеңі оқушы жастарды заман талабына сай оқулықпен қамтамасыз етуді министрлікке жүктеген-тін.

  • Мен өзім оқытушы болғандықтан, оқулық мәселесі көп мазалайды. Дүниеге құнығып, тендерді жеңіп алып, сапасыз оқулықтар шығарудың нәтижесін ел көріп отыр. Әсіресе, Қазақстан тарихы кітаптарында кездесетін қателер туралы айтуға ауыз бармайды. Осы қателерді түзету туралы Президентіміз өзекті ойларын ортаға салғаны қуантады, – дейді ғылыми-сараптамалық тобтың мүшесі Нұрсахан Бейсенбекова.

Қазақстан – көпұлтты, бірлігі жарасқан, нақты даму жоспары айқын мемлекет. Еліміздегі тұрақты, жемісті саясат Ассамблея жұмысына да оң әсерін тигізіп келе жатқаны сөзсіз. Осы орайда, «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен әлеуметтік тарихи жобалар белсенді жүзеге асып келе жатқанын атап өткен жөн. Елімізде өмір сүріп жатқан әр этнос өкілінің мәдениеті, әдебиеті, тілі әспеттелетін этностардың интерективті картасы жобасы – сөзіміздің бірден-бір дәлелі.

  • Бұл интерактивті карта біздің елде өмір сүретін белгілі тұлғалар жайлы да сыр шертпек. Олар – өздерінің тарихи отандарынан жырақта жүрсе де, көпке үлгі бола білген адамдар. Мұны болашақ ұрпақ білу керек. Себебі, Жолдауда да Президентіміз мемлекеттің тұрақтылығы мен бірлігінің маңыздылығын тілге тиек еткенін білеміз. Айтылғандардың барлығын ескере отырып, біз осы бағытта жұмыс істеуді жалғастыра береміз, – деп атап өтті ҚХА ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы Вилен Молотов-Лучанский.

Сонымен қатар, кеңесте жастар арасындағы ғылыми жоба конкурсының қорытындысы жарияланды. 11 талапкер бақ сынаған ғылыми сайыста жүлделі бірінші орынды Қарағанды мемлекеттік университетінің докторанты Жәнібек Жартай иеленді. Ол «Жастар кәсіпкерлігі Қазақстан Республикасының ұлттық экономикасын жаңа технологияға көшірудің» алғышарттарын белгілеген.

Жоба жеңімпазының айтуынша, осындай байқаулар жас ғалымдарды ынталандырып, қиялына қанат бітіреді. «Талапты жастар өзекті мәселелерді жіті зерттеп халық игілігіне ұсынуға бар күшін салып, өз болашақтарын айқындауға мүмкіндік алады» дейді ол.

Жолдау жаңа жобаларға жол ашты. Жоғары оқу орындарында студенттердің білімін тереңдетуде «Мен болашақ ұстазбын» бастамасы қолға алынбақ. Сондай-ақ, «Орталық Қазақстан нәзік жандыларының Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан үлесі» атты үлкен монография дайындалуда. Ғылыми жұмыс 2020 жылы жарыққа шығады деп жоспарланып отыр. Туындыда түрлі салада елеулі еңбек етіп жүрген қыз-келіншектердің еңбегі таразыланады.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button