Жолдау жүктеген міндеттер
Апта соңында Жаңаарқа ауданы әкімдігінде аудан əкімі Юржан БЕКҚОЖИННІҢ төрағалығымен ҚР Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Төртінші өнеркəсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру жолдарын талқылауға арналған актив жиналысы өтті.
Алқалы жиынға аудандағы мемлекеттік орган басшылары, кент және ауылдық округ әкімдері, аудандық мәслихат депутаттары, еңбек ардагерлері, кәсіпорындар, қоғамдық бірлестік өкілдері, жастар ұйымдары қатысты.
Жиында аудан басшысы Юржан Асанұлы Жолдаудың маңыздылығына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауы еліміздің өркендеуіне тың серпін беретіні сөзсіз. Өйткені, бұл маңызы зор стратегиялық құжатта мемлекетіміздің дамуындағы маңызды мəселелер қамтылады. Елбасымыздың кезекті Жолдауы бұл жолы да еліміздің қарқынды өркендеуі жолына бағытталды. Əлемдегі түрлі сынақтарға төтеп бере отырып, барлық саланы толық қамту арқылы, 2050 жылға дейінгі ұзақмерзімді даму стратегиясы жоспарлы түрде жүзеге асатынын тағы бір мəрте мəлімдеді. Сондай-ақ, Президент осыған дейін Жолдаулар аясында атқарылып жатқан жоспарлы əрі жүйелі жұмыстарға көңілі толатынын да айтып өтті.
– Елбасының бұл сенімі бізді жігерлендіре түсті. Ұлт көшбасшысының бағдарламалық құжатын – 2018 жылдың негізгі жұмыс жоспары деп білеміз, – деген аудан басшысы былтыр атқарылған жұмыстарға тоқталып, Елбасы Жолдауында көрсетілген 10 бағытты жүзеге асыруда Жаңаарқа ауданында жоспарланған жұмыстарды жіктеді.
Әкім баяндамасынан кейін сөз алған еңбек ардагері, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Хамзе Сəтжанов, аудандық мəслихат депутаты Нұргүл Орынбасарова, «Қоғалы көл» шаруа қожалығының жетекшісі, «Ералиев» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің төрағасы Жанболат Жуанышбаев, Б.Амалбеков атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Маржан Алина жəне Жезқазған индустриалдық-гуманитарлық колледжі, аудандық филиалы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Данияр Тілеубаев Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыру бағытындағы өз ой-пікірін ортаға салып, əрбір қазақстандықты рухтандыратын, болашаққа деген сенімді арттыратын Елбасы Жолдауын қолдайтындарын айтты.
Актив жиналысын қорытындылаған аудан әкімі жиналғандарды жұмыла жұмыс істеуге шақырды.
– Елбасы даму бағытын белгілеп, нақты міндеттер қойып, баршамызға сенім білдірді. Ендеше, Елбасымыздың үмітін ақтайық. Президенттің кезекті Жолдауын басшылыққа ала отырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізейік, – дей келе, орынбасарларына, тиісті сала басшыларына, кент және ауылдық округтердің әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Индира АСАМИДАНОВА,
аудан әкімінің
баспасөз хатшысы.
ЖАҢААРҚА ауданы.