Жаңалықтар

«Жолайрық»

Қазір гаджет пен газеттің текетіресі жүріп жатыр. Гаджеттің болашағы белгілі, ал, газеттікі ше? Бұдан бөлек, журналистика мамандығына арналған оқулықтар ілуде біреу. Мұның бәрі – күйіп тұрған мәселе. Бұны не үшін айтып отырмыз? Жақында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Арқа ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары, жерлесіміз Төлен ТІЛЕУБАЙДЫҢ «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі» жаңа кітабы жарыққа шықты. Қазақ баспасөзінің бүгінгі хал-ахуалы мен даму үрдісі жайындағы өткір мәселені кеңінен қозғаған кітапты көпшілікке таныстыруды жөн көрдік. Кітаптың жарыққа шыққанына қуанып, басынан аяқ бір оқып шықтым да, көпшілікпен бөлісуді шештім. Ойланатын мәселе – көп. Ал, біз сол мәселелерді қолға алып, жаңа Қазақстанға жаңа қадам баса аламыз ба екен? Тек, ағамыздың: «Әр адам өзінің қызметіне, мамандығына лайықты болуы керек. Сонда ғана ел өркендейді. Ал, журналистер дамыса – қоғам дамиды» деген сөзі күмәнді ойға күдік тудырғаны болмаса… Туындыны көпшілікке таныстыру үшін Төлен Зәрубайұлының Abai телеарнасына берген сұхбатын сүзіп бердік.

Кітап – екі бөлімнен тұрады. Заманауи цифрлық технологиялар және БАҚ пен Қазақстан баспасөзінің ертеңі: классикалық журналистиканың интеграциясы болып бөлінген. Әр бөлімін де жеке-жеке 3 тарауға бөлген. Қаламы қарымды, ойы жүйрік автордың туындысына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай алғы сөз жазыпты.

Осы уақытқа дейін сараптамалық мақалалар жазып жүрдім. Адамдар газет оқудан кетіп, гаджетке көшті. Осы тақырып мені қатты қызықтыратын. Батыстың, Қытай мен Жанонияның, ағылшын тілінде шығатын алпауыт мемлекеттердің тарихына үңілдім. Біраз басылымдардың қағаз нұсқасы осыдан 10 жыл бұрын жабылыпты. Тек электронды нұсқасы ғана бар. Олар неге жабылды? Сол сұрақтың жауабын іздеп көрдім. Қарап отырсам, шығынға батқан көрінеді. Яғни, қағаз өз-өзін ақтамайды. Жыл өткен сайын баспа өнімдері қымбаттап жатыр. Одан қала берді, адамдардың да әдебі өзгеріп барады. Ал, елімізде жарнамалық бағытта жұмыс істейтін аттай 5 басылым жабылып, тек электронды нұсқасы ғана қалды. Біз ертеңгі күні басылымдардың қағаз нұсқасын жауып, Батыстың соңынан кетеміз бе, жоқ әлде осы қалпымызда қаламыз ба? Қазақстан баспасөзі – жолайрықта тұр. Ал, сол жолдың қайсымен жүреміз, ол өзімізге байланысты, – деді автор.

Ия, шынымен де, қазақ баспасөзі – жолайрықта тұр. Алайда, қоғамда кедергілердің де бар екенін ескерген жөн.

Ең бірінші журналистер осы күйінде қалмай, өзгеріп, жаңаша ойлап, өзін-өзі қамшылауы қажет. Қазір білім алуға жол ашық, әлеуметтік желі мен интернеттен де таршылық көріп жатқан ешкім жоқ. Бірақ, еліміздегі барлық жоғарғы оқу орындарында журналистика бағытында оқытатын кітаптар түбегейлі жоқ деп айтуға болмас. Бірақ, бәрі ескірген. Ал, бізге жаңасы керек. Біз өсуіміз қажет. Кітап болмаса студенттер не оқиды? Барады да интернеттен көшіріп алады. Ал, көшірген баладан маман шықпайды. Жұмысын да әрі қарай алып кете алмайды. Соның бәрін айқайлап айтқаннан гөрі кітап шығарудың қамына кірістім. Қазір 1000 данасы өз қаражатыма шықты. Керектінің бәрі осы кітапта жазылған, – деді автор.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button