Басты тақырыпПоэзия

Жол үстінде (қазақи әңгіме)

Әдебиет дегеніміз адамның

адам туралы әңгімесі.

Бұл әңгіменің шеті де, шегі де жоқ.

Әзірге адам баласы өмір сүріп тұрғанында, ол өзі

жайлы үнемі осылайша айта беретін болады.

Шыңғыс Айтматов

Шәрукейдің Кәріғұлы әңгімешіл адам болып шықты. Әлгінде ғана танысып, бір купеге жайғасқанымыз сол еді. Құдды бір ежелгі сыралғы жандардай, бірден шүйіркелесе кеттік, себебі тұстас, бастас дегендей, жас жағынан алғанда, қарайлас екенбіз.

Орта бойлы, етжеңді, қараторы, басындағы қара мауыт Абай телпегі сондай жарасымды, сақал-мұрты болмаса да, самайы бурыл тартқан, орта жастан асып, пайғамбар жасына келген кісі екені бірден байқалады. Үстіндегі бозғылт бешпенті мен аппақ жейдесі де әсерлі көрінді.

Поезд жүйткіп келеді. Жол ұзақ. Сондықтан мына қариямен жол қысқартатыныма іштей қуанып отырмын. Тек оның сыр сандығының кілтін қалай тапсам екен деп ойлаймын.Сол екі арада оның өзі де әңгіме тиегін ағыттай келіп.

Кемедегінің жаны бір демекші, жол үстінде келеміз ғой, – деді Кәріекең, – әлгінде сізбен танысқанымдай, осыдан біраз жыл бұрын осылайша жолда келе жатып, бір үлкен ақсақалмен кездескен едім. «Әу, шырағым, қай рудың баласысын» дегені, үлкен кісі сұраған соң, қазақ рәсімі бойынша, жауап беруге тиістімін.

Ақсақал, Қаракесектің Карсон-Кернейі боламын, – дегенім сол еді, ол жұлып алғандай:

Нағыз кәззап Боранқұлдың тұқымы екенсің ғой! – дегені.

«Астапыралла! Бұл не сұмдық. Енді не десем екен деп ойладым».

Ақсақал, үлкен жол үстінде келеміз. Дүниеден өткен адамның тек жақсылығын айту сауап деуші еді, сіз артық айтып, ағат кеттіңіз, – дедім тайсалмастан. Қария абыржып, үнсіз отырып қалды. Бақсам, мына Көктінгөл, Батық, Ортау, Ақадырда және тағы басқа жерлерде Кеңес тұсында көптеген түрме болған. Бұл кісі солардың бірінде ұстауда болыпты. Сонда біздің атамыз Боранқұл жайлы әлде біреудің бейпіл сөзін естісе керек

Шындығында, бұл атамыз сіз айтқандай кісі емес. Анау Өспеннен әрі Айғыржалда сол кісінің есімімен аталатын Боранқұл қыстағы бар. Ұлы төңкерістен кейін, арты азамат соғысына ұласқан тұста Боранқұл ел есінде қалған айтулы бір ерлік жасаған деп, өз әкемнен естігенмін. Ел бүлініп, ақ пен қызылға бөлініп, бала әкеге қарсы тұрған дүрбелең кезде, Керекуден Жетісуға қарай бет алған ақтардың Дорощенко бастаған отряды жолындағы қазақ ауылдарына көрсетпеген қорлығы, істемеген бүлігі қалмаған: бейбіт елдің мал-мүлкін тартып алып, қолға түскен қыз-келіншектерін зорлағанын айтып, ел азар да безер болған. Бұл хабарды естіген Боранқұл елдің кегін алуға бел байлайды. Өзі сияқты аса қайратты, сен тұр, мен атайынның өзі, кілең сайдың тасындай жиырма шақты дос-жарандарымен Дорощенко отрядын күтеді. Бұларда әуелден қару-жарақ болатын. Әрқайсы тап бір бес-алты жігітке төтеп бере алатындай күшті әрі намысқой палуан денелі ерлер екен. Алдын ала бес-алты кигіз үй тігіп, биелер байлап, қымыз баптап, мал сойып, күтіп отырады. Оларға қызмет көрсету үшін, қыз-келіншектерді де алдырады

Көп кешікпей Дорощенко отряды да келеді. Оларды Боранқұл бастаған жігіттер «қошемет» көрсетіп, «жол соқты болып, шаршап келе жатырсыздар, бел шешіп, дем алыңыздар, ас-су даяр, қонақ болыңыздар» деп, ілтипатпен қарсы алады.

Дорощенко солдаттары да мұндай қонақжай пейілге ұйып, зерең-зерең бесті қымыздан ішкен соң, бойлары балқып, қазан-қазан асылған етке тойып, отырған жерлерінде қисая-қисая жатып, ұйықтап кетеді.

Сол күні түнде Айғыржалдағы ауыл жігіттері Дорощенко солдаттарының қару-жарақтарын білдірмей сыпырып алып, таң атқанша «мырзаларды» күтіп отырады. Әбден ұйқылары қанып оянса, өздерінің қол-аяқтары байлаулы, жан-жағынан мылтықтарын кезеніп тұрған кешегі қонақжай қазақтарды көреді.

Көп асқанға бір тосқан – осы! – дейді Боранқұл оларға.

Дорощенкодан бастап, бәріне дүре соғылады. Қарулы жігіттердің соққыларының қатты болғаны сонша, Дорощенконың шыңғырғанынан желідегі құлындар үркіп, желбауларын үзіп кетеді. Сөйтіп, Боранқұл атамыз нағыз кәззап, елге қорлық көрсеткендерге сазайын беріп, азап шеккендердің өшін алады…

Әлгі жолшыбай кездескен қария мұны естімегенін айтып, қайта-қайта менен кешірім өтініп, шынында да, ұлы жол үстінде келе жатып, өлген кісінің тек жақсылығын айту керегіне көзім жетті деп, менімен қош айтысты.

Поезд бұрынғысынша жүйткіп келеді.

Кәріғұл қарт терезеге қарап, бір сәт үндемей отырды да:

Құлагер жортқан қоңыр бел,

Алдыңнан соғар қоңыр жел,– деп, іштей күбірледі.

Кәреке, ақындық өнеріңіз де бар ма, қалай?

Жо-ға, жай шаруа адамымын, мал бақтық, кезі келгенде кетпен шаптық, орайы келгенде орақ ордық. Бәрібір байыған жоқпын. Кеңес кезінен қалған жиған-тергенім әлгі ақша ауысқанда, сабан ақшаға айналды. Байлық, дәулет дегенің қонатын адамына қонады. Бейнетқор, еңбекқор, сабырлы болу өз алдына, ең бастысы ақылдылықты керек етеді екен. Иә, оқу керек дедіңіз бе? Әрине, оқығанға не жетсін. Ал, солай дейін десем, бұрынғы өткен ата-бабаларымыз оқу-тоқуы жоқ десек те, шаруаны қалай дөңгеленткен дейсіз.

Жол үстінде келеміз ғой, бір өтірігі жоқ. Мына Доңғал шоқысының етегінде бір қауым ел болатынбыз. Әлгі айтқан Карсон-Кернейдің Боранқұл сияқты батыл, өр мінезді, намысқой азаматтарымен қатар абыройлы, ақылды, таупиықты байлары да болған. Әкем марқұм Шәрукей, ұлы атам Қанатбай айтқан әңгімелерден естігенмін.

Ұлы Қазан төңкерісінен көп бұрын Доңғал тауының етегін жайлаған Карсон-Керней (әу баста екі ағайынды адамнан тараған) аулында ағалы-інілі кедей екі жігіт өмір сүреді. Үлкені Асау туды-бітті жай шаруа баққан момын жан екен. Орташа ғана күйі бар. Үйлі-баранды болады. Ел қатарлы өмір сүреді.

Ал інісі Тарпаң… аты айтып тұрғанындай, баянды тірлігі жоқ, әркімге жалданып күн көреді. Ара-кідік тау жағалап, аң аулайтын-ды. Жасы қырыққа келгенше, үйлене алмайды. Қол қысқа– қалыңға берер малы жоқ.

Бұл Құданың берейін десе, рақымы мол екен ғой. Тарпаң қақпан құрып, аң аулайды. Бір қыста алпыс түлкі алады. Әркім-ақ түлкіге қызығады. Тымақ, түлкі ішік, тон тіктірмек. Қанжығасы майланған кезде, кейбір ауылдастарынан қой сұраса, оның орнына айырбасқа тұсақ береді. Сөйтіп, бір жылда Тарпаң кедей алпыс тұсақ қойлы болады.

Құдайдың құдіреті күшті ғой, берейін десе, үйіп-ақ береді екен: келесі жылы, адам айтса, нанғысыз, алпыс тұсағы да егізден қоздайды. Бірер жылдың бедерінде Тарпаңның байлығы еселеп артып, бір кездегі кедей Тарпаң енді Тарпаң бай атанады. Үйленеді. Балалы-шағалы болады. Малшы ұстайды. Қойлары бірнеше отарға көбейіп, ырық бермей кетеді. Ерте көктемде Доңғалдың өн бойын ала бармақ басындай тәтті тамырлы бір өсімдік шығады. Соны қозы да, қой да жеп, қыстан шыққан арық-тұрақтар да тез көтеріліп кетеді. Осы күнгі Көктінгөл, Батық, Ортау, Ақадыр және басқа жерлер Тарпаң байдың бұрынғы қыстақтары болған. Отар-отар қойы игертпей, мыңғырта мал айдаған Тарпаң бай бүкіл Қарқаралыға аты жайылады.

Ол басқа байлардай Қоянды жәрменкесіне үнемі бара бермейді. Оның да бір мәнісі бар. Мына Доңғалдың етегімен әрлі-берлі жүріп жатқан базаршылармен келісіп, құнан қойларын өткізіп отырады. Алатыны тайтұяқ, қойтұяқ, қозы жамбы алтын екен. Онысы кейін бір үлкен түйе мойнаққа толады.

Тарпаң бай заманындағы Қарқаралы уезінің тағы бір байы Байсейіт еді. Оны байлығы жеті атасынан бері қордаланған бай десе де болады. Он сегіз мың ақтылы-көктілі жылқысы болған, әлгі айтатындай, нағыз жылқылы байдың өзі-тұғын.

Жұрт базарға қой айдап жүргенде, бұл сабазың қысырақтың үйірлерін шашау шығармай, мал басын көбейте берген деседі.

Байсейіт байдың жар дегенде жалғыз баласы болады. Есімі Нұрлан, әкесіне қарағанда көзі ашық, сауатты әрі қайырымды бай атанады.

Ол кезде жалшылыққа негізінен жақын туыстарын алған. Көбі түптеп келгенде, рулас ағайындары болып шығады. Олар Нұрланның маңын сағалайды екен.

Бірде Қарқаралыда жүргенінде, не себептен екені белгісіз, Нұрлан түрмеге түсіп қалады. Содан Байсейіт бай ағайын-тумаларын ертіп, қысырақтың бір үйірін Қарқарылыға айдатады. Баруын барғанымен, оязға бұл қолқыстыруға не ауызбастырыққа жарамайды. Қысырақтың үйірін бұл мұқым бергенімен, ол ала алмайды – сырт көзден тайсақтайды. Оның үстіне жұрт Байсейіт байдың баласы түрмеге түсіпті деген хабарды естіп отыр. Бай баласына жолыға алмай, салы суға кетіп, аулына қайтып оралады.

Бай ағайын-туыстарын шақыртып, ақылдасады. Сонда жасы үлкен бір қария тұрып: «Мына Доңғал бетінде Тарпаң бай ылғи тайтұяқ алтын жинайтын көрінеді, соған барып алтын сұрағаның жөн», – дейді.

Шамасы, жаз айы болса керек. Жолға зауал ауа шығады. Ол кезде жолаушылар салқынмен барып, салқын түсе қайтады екен.

Тарпаң бай оларды қол қусырып, қарсы алады. Тай сойдырып, сары қымызды сапыртып, мәре-сәре болады. Кеше ұлы бесінде келген қонақтар сәске түсте ұйқыдан тұрып, жуынып-шайынып, біраз сергіген соң, қайтадан қонақасы беріледі. Ұзақ әңгіме-дүкен қайтадан жалғасады. Ақыры бесін ауа қайтатын кез де болады. Тарпаң бай қонақтардан бұйымтайларын сұрайды.

Сонда тұрып, Байсейіт бай:

Өзіңіз естіп жатқан шығарсыз. Жалғыз балам жалалы болып, түрмеге түсіп қалды. Сонан қысырақтың үйірін айдатып барсам да, беріп – перде бұза алмадым. Малым параға жүрмеді, сөйтіп, баламды түрмеден босата алмадым. Сізде тайтұяқ алтын бар деп, естіп келіп отырмын, – деп, мән-жайды ашық айтады.

Естіп келгеніңіз дұрыс болған, тайтұяқ бар, – дейді Тарпаң бай да риза көңілмен.

Сол сәтте бәйбішесін шақыртып, тұтас түйемойнақты алдыртып, босағаға қойдыртады да:

Бай-еке, керегіңізше алыңыз! – дейді. Ол кезде байлар ұзын жең, кең қолтық шапан киеді. Оның үстіне жанқалтасы кісі басы сиятындай кең келе-тұғын.

Байсейіт бай орнынан тұрып барып, босағаға сүйеулі тұрған түйемойнақтағы тайтұяқтардан уысын толтыра төрт-бес рет алып, оң жақ жанқалтасына салады, содан соң сол қолымен екі-үш рет уыстап сол жақ жанқалтасына салады да, тоқтап қалады.

Манадан үндемей отырған Тарпаң бай:

Бай-еке, неге тежелдіңіз, керегіңізше ала беріңіз! – дейді. Байсейіт бай тағы да сол қолымен екі рет уыстап алып, қалтасына салады.

Алған бай да, берген бай да риза болып, қош-қайыр деседі.

Сән-салтанаты жарасқан бай пәуескесі жол ортасында Қарқаралының оязной милициясының бастығы Шорманның Мұсасы қарсы жолығады. Аман-саулық сұрасқаннан кейін:

Уа, Шорманның Мұсасы, жақсылықтың бәрін Баянауылға алып кетпей, бізге де аздап қалдырыңыз! – дейді Байсейіт бай күлімсіреп.

Былай шыға бере, Шорманның Мұсасы: «Байдың бұлай деуі тегін емес, сірә, баламды түрмеден шығаруға көмектес дегені екен-ау» деп ойлайды.

Сол кеткеннен Байсейіт бай Қарқаралы түрмесінің алдына келіп, бір-ақ тоқтайды. Айнала қоршаған солдат, ішке ешкімді де кіргізер түрі жоқ. Байсейіт бай алдынан шыққан қарауыл бастығымен амандасып тұрып, оның алақанына бір тайтұяқты қыстыра салады. Сол-сол-ақ екен: «Кіріңіз, кіріңіз!» деп, екіншісіне жолдайды, онымен де амандасқан болып, оның да қолына бір тайтұяқты қыстырады. Сөйтіп, түрме бастығының алдына жетеді де, оның үстелінің үстіне тайтұяқтарды шашып тастайды. Бас-аяғы бір сағаттың ішінде баласы Нұрланды босатып алып, аулына қайтады.

Ал ел жадында қалған әңгімелерде Нұрлан қатарынан озық туған, сауатты әрі әділ азамат еді деп айтылады, ең бастысы, жарлы-жақыбайларға көп жақсылық еткен.

Бірде оның бір ауылдас кедей ағайыны соғым сойып жатқанын естіп, өгізіне мініп барады. «Шырағым Нұрлан, күн суық, бала-шағам ашығып отыр, қыстан шығуға соғымдық бер» деп, өтінеді.

Қанды қасап соғым сойысы болса керек.

«Қаптарыңды әкел!» – дейді де, қолына қазы ма, жая ма, не ілінсе, соны сала береді. Не бары сегіз қап етіп өгізге теңдеп алады да, Құдай алдындағы ризашылығын білдіріп, аттанады.

Кейін жолшыбай бара жатып, мұның әкесінің аулына да соға кетейін, баласы мынадай мырза болғанда, мүмкін, әкесі одан да асқан жомарт шығар, деп ойлайды әлгі кедей.

Айтқандайын, Нұрланның әкесі Байсейіт байға келіп, сәлем береді.

Иә, шырағым, қайдан келесің, шаруа-жайыңды айта отыр, – дейді бай.

Көк өгізді кедей бала-шаға қамымен, мына Нұрлан байдың аулына барып едім, Тәңір жарылғағыр, ол маған сегіз қап соғым етін берді деп, ағынан жарыла әңгімесін айтады. Біраздан соң, Байсейіт бай өз жігіттерін шақырып алып:

Мына кісінің өгізінің үстіндегі сегіз қап етін аударып алып, қаптарын өзіне қайтарып беріңдер, – деп, әмір етеді. Еттен ада болған кедей:

Бай-еке, мұныңыз қалай, бала-шағамның нәпақасы еді, – деп, шыр-пыр болады. Сонда Байсейіт бай тұрып:

Саған Нұрлан береді, ал маған кім береді? – депті. Сөйтіп, сорлы кедей келген ізімен Нұрланға қайтып оралады.

Оған осылай да осылай деп, болған жайды айтады.

Ой, пірадар-ай, о кісіге неге бара қойдыңыз, басқа жолмен соқпай кетпедіңіз бе? – дейді де, қайтадан сегіз қабын етке толтырып береді.

Сөйткен Нұрлан бай десе бай, жомарт десе жомарт, алды кең, мұқым елге мырза атанған, ер көңілді қайран азамат әкесі Байсейіттен бұрын қайтыс болады.

Байғұс Байсейіт қабір басында жер шұқып, жылап отырып:

О, қу жалғыз-ау, қу жалғыз, мұның бәрін сенің атың шықсын, абыройың ассын деп істедім ғой, әйтпесе, осы боқ дүниені о дүниеге өзіммен бірге алып кетем деп пе едім, қу жалғыз-ау, енді қайтейін… – деп, зарын шегеді. Біраздан кейін, имамды шақырып:

Шырағым, анау қу жалғызымның жауырынан сыз өтеді ғой, құс жастық төсетсейші, – деп, жалбарынады. Имам оған:

Бұлай ету шариғатқа жатпайды, өлі аруаққа күна болады, – деп, түсіндіреді. Сонда Байсейіт:

Сол шариғатыңды сәл бұрып, иіп келтірсейші? – деп, жылаған екен дейді көзкөргендер.

Иә, отағасы, сол атақты байлар да осындай тағдырлы болған ғой, – деді Кәріғұл ақсақал, аянышын білдіріп, – әдетте билік, байлық, даналық – үш биік. Әрбір бай адамның осы үш биіктің ең кемі екеуіне қолы жетеді, тіпті, билікке де көтерілгендері бар, ақылды болғандықтан, байи алған. Оның үстіне ғидаятлы, таупиықты болмаса, аты алашқа тарамас еді.

Сонымен, Асау-Тарпаңнан ұрпақ бар ма?

Е-е, болғанда қандай. Асаудан бес-алты үй бар. Тарпаңнан ұрпақ көп. Өскен ауыл. Оның бес баласынан тараған ұрпақ бұл күнде бір рулы елге айналды. Анау Астана, Алматы жағында ірі кәсіпкер болғандары да бар. Бір кезде не бары алпыс түлкі терісінен байып, кейін мыңғырта мал айдаған Тарпаң байдың жігер-қайратын, еңбекқорлығын, табандылығын кәзіргі ұрпақтарының бойынан көргендей боламын.

Кәр-еке, оныңыз рас, осындайлар ұлттың генефондысын құрайды.

Онысын қайдам, «ат аунаған жерде түк қалады, түйе аунаған жерде жүк қалады» деген ғой қазақ. Байсейіт пен Тарпаң байлар заманының өткеніне ең кемі жүз елу жылдай болған болар, әйтсе де, кейінгі ұрпағы Қазан төңкерісінен кейін көп азап шегеді. Тарпаң байдың ұрпақтарының сауатты, көз ашықтары қашып-пысып күн көрген. Тек Жағыпар деген шала сауатты кедей туысы байдың туысы деген дақпыртпен Магаданға жер аударылған.

Жүрдек поезд жүйткіп келеді.

Түсетін бекетім жақындады. Қайда жүрсеңіз де, аман-сау болыңыз, – деп, қол жүктерін жинастыра бастады.

Бір тәулік уақыт зырғып өте шықты. Мың жасаған Ұлықпан хакім әрбір жасын осындай дос-жарандарымен сырласқанына балаған екен. Бір жасап қалдым, – деп, ескі досымдай онымен қимай қоштастым.

Сол сәтте «Өмір деген кездесуден тұрады» деген Шығыс даналығы ойыма оралды.

Ағыбай батырдың соңғы өкініші

(қазақи әңгіме)

Қаракеңгірлік Октябрь Махметов – туды-бітті жүргізуші. Бұрын оны шофер дейтінбіз, ал енді оны зейнеткер дейтін болдық. Ақсары жүзіне ақшулан тартқан сақал-мұрты әр беріп, қазақи айыр қалпағын маңдайына құлата киіп, көзі күлімдеп, жиын-тойда әңгімені айшықтап, әйкелдеп айтып, әп-сәтте бір дүйім жұртты өзіне үйіріп алады.

Қаракеңгірге құятын шағын Қарағанды өзенінің бойында Бағаналының әрі биі, әрі батыры Ерденге берілген айтулы аста Оңкеңмен кездескен едім.

Мен, бала, еңбек жолымды жүргізушіден бастап, жүргізушілікпен аяқтадым. Зейнеткерлікке шыққан соң, естіген-білгенімді, тіпті, олай да емес, тап бар ғой, өз көзіммен көргенімді жасы бар, жасамысы бар жұрттың бәр-бәріне айтатынды шығардым, оның үстіне бала күнімнен өлке тану тарихына да әуестігім бар-ды. Менің табаны күректей қырық жылғы жүргізушілік тәжірибемде неше бір қызықты оқиғалар, талай ғажайып адамдармен кездескенім жайлы кейде бар ғой, айтайын десем, өзің сияқты бір тыңдаушы табылмайды-ау, табылмайды.

Дәл сол сәтте Оңкеңнің құрдасы бұрынғы жүргізуші Жақан әңгімеге араласа кетті.

Сен тұп-тура Ерден атамыздың ақ жал атынан баста! – дегені.

Жоқ, батыр-еке, ол туралы айту үшін, Ағыбай батырдан бастауым керек. Бірақ ол туралы айтпастан бұрын Наурызбай батырдан бастасам ба екен, жо-жоқ, о да жөн емес, тіпті, Кенесарының өзінен бастағаным дұрыс,– деді, Оңкең құрдасы Жақанға қарап.

Мәукіл бас-ау, ұлы аруақтарды шулатқанша, сол өзің білетін аккумулятор, карбюратор туралы айта бермейсің бе, ең болмаса, көк сүйріктің үйірі туралы азды-көпті елден естігенің бар еді ғой, сондай бірдеңе айтқаның бізге ұнайды. Бұл өзі жылқы жайлы айта қалса, жүргізіп келе жатқан машинасын тоқтатып тұрып айтпаса, кеулі көншімейтіннің өзі, мұның сол әдетін тай-құнан күнінен білемін, – деді, сықылықтап күлген Жақан.

Жақанның айтқанына сенбе, бала, мұны Құдай сөз бұзуға қойған әуелден, – деді де, Оңкең әлде не есіне түскендей, сәл ойлана түсіп, әңгімесін әріден бастады.

1969 жылы, мына Бітімбай ағамыз Бекмағамбетов біздің кеңшардың арқыраған директоры болып тұрғанында, бір мігір таппай ойдан-қырдан, тіпті, алыс сапарларға да аттанып (қазіргі дальнебойщиктер сияқты), жүк таситынбыз.

Жаз айы болатын. Көк қасқа ЗИС-пен Ақадырдың тұсынан өтіп, Ортау кеңшарына жеткенімде, жол екіге айырылды, менің ойымша, Жаңаарқаны басып өтіп, Кеңгірге тура шыққым келді.

Қой жайып жүрген бір кісіден жол бағытын сұрап едім, – ол бейхабар болып шықты. Дегенмен, ол ойланып тұрды да, «мына ауылда Ағыбайдың немересінен басқа сізге жол сілтейтін адам табыла қоймас. Әсілі, содан барып сұрағаныңыз жөн» дегені.

Ойымда ештеңе жоқ, қойшының сілтеген үйіне келіп әрі жол сұрап, әрі сусын ішіп шығайын деп ойладым.

Кең албардың алдында әбден қартайып можаған, жақ сүйектері шығыңқы, бет әлпетін қалың әжім басқан, соған қарамастан денелі, қолдары күректей, екі жауырыны қақпақтай, заманында алып адам болғаны көрініп-ақ тұр, бір қарт кісі кішкентай немересімен қарсы алды.

Аман-түгел алысқаннан кейін, осы жерден Кеңгірге тура шығатын жол көрсетуін сұрадым. Қарт бірден жауап берместен, бір сәт ойланғандай, сәл мүдіріп:

Е-е, қаракеңгірлік бала болдың ғой, шамасы. Демек, Ерден аулының баласы боларсың? – деп, бетіме сығырая қарады.

Болсақ болармын, – дедім, қарттың көңілін аулай.

Ақсақал одан әрі келін-балаларын шақырып, тез сусын алдырды.

Шырағым, жол соқты болып, шаршаған шығарсың, әуелі мына сусынды ішіп, шөліңді бас, – деді, иісі мұрын жарардай аңқыған үлкен зерең қымызды ұсынып жатып. – Ал енді, балам, жолды сілтей жатармыз, оған қам жеме, сен маған келген Құдайы қонақ екенсің, енді әншейінде шақыртып келтіре алмайтын арнайы қонағым бол, бір марқаны сойдырып, түстене жатып, ертең салқынмен еліңе аттанасың, саған арнайы айтар әңгімем бар. Мына машинаңа, жүгіңе мұнда ешкім тиіспейді, – дегені.

Мен жөпелдемде не айтарымды білмей, бірден:

Бітімбай ұрсады ғой, – деппін.

Бұл қай дәу еді? – деп, сұрады қария жымиып.

Біздің кеңшардың директоры, мүмкіндігінше, тез жет, деп қалып еді, – деп, қарсылық білдірсем де, іштей «әңгіме бар» дегеніне қызығып тұрмын.

Менің айтар әңгімем кеңшардың жұмысынан да қауырт, Құдайдың бір сипаты Аманат деуші еді бұрынғылар, Ерден аулынан біреу кездессе, айтып кетермін деп ойлаушы едім, жасым тоқсанның бесеуіне қарап тұр, бүгін-ертең Келместің кемесіне мініп кете барсам, мойныма қарыз болмай ма, – деді, қарт ағынан жарыла.

Ата, сіздің дегеніңіз болсын! – деп, қос қолымды көтердім.

Ие, бәсе, солай болуы керек-ті, – деп, қарт балаша қуанды.

Үлкен жайдың алды абыр-сабыр болды да қалды. Біртіндеп көрші-қолаңдар да келіп, менімен амандасып, «бұл қайдан келген қонақ» дегендей, қартқа қарайды. Ол көңілденіп, күпіне сөйлейді.

Ерден аулынан келген, арнайы шақырылған қонағым! – дейді келгендердің бәріне, құдды бір мың жылдық құда-жекжатындай құрметтеп.

Кең жайылған дастарқан басына ақсақалдың барлық әулеті түгел жиналған.

Екі иінінен дем алған сары самауырын мен дастарқан мәзірі көтеріңкі көңілдің ажарын аша түскендей, жиналған жұрт өзді-өзді дабырласа әңгіме-дүкен құра бастады.

Шай арасында қуырдақ әкелінді. Сол сәтте үй иесі балаларының бірі, орта жастағы бір жігіт ағасы шиша шығара бергенде, қарт қолын сілтеп, «жол үстіндегі адамға ішуге болмайды, оның үстіне демалыста жүрген кісі емес, тәйірі, қыстамаңдар, шырақтарым», – деп, бірден тыйып тастады.

Қария бойын тіктеп, кеседегі шайын бір ұрттап қойып, сәл ойлана ескі бір әңгіме ұштығын кеузей бастады.

Мен шұбыртпалы Ағыбай батырдың көзін көріп, сөздерін естіп, тәрбиесін алған немересімін, мұндағы ел мені Ағыбайдың немересі деп атауының бір себебі оның соңғы тұяғы болғанымнан да шығар. Атам марқұм сексен бір жасында өз ажалынан қайтыс болды.

Ғұмыр бойы ел үшін, жер үшін, қазақ халқының ұлт азаттығы үшін күрескен аруақты батырларының бірі екенін өзің де білесің ғой, оны мақұл жыр ғып айтып жатпайын.

Қаракеңгірліктер жайлы, әсіресе, Ерден, Дүзен туралы атам айтып отыратын, ол кезде бала болғандықтан, ондай әңгімелерге зер салып, аса бір айтқандай мән бермеппін, көбін бұл күнде ұмытыппын.

Менің атам батыр болғанда жай қатардағы батыр емес, қазір айттырмайды ғой, хан Кененің бас батырларының бірі болғанын ұмытып барады жұрт, шырағым. Сені жолыңнан қалдырып, арнайы айтайын деген әңгімем сол аруақты аталарымыз жайлы, оларды мына балаларым Кеңес хұкіметі ұнатпайды деп, көбіне, «өтті – кетті, енді қайтесіз» дегендей, қарсылық білдіріп отырады. Әзірге, Құдайға шүкір, ақыл-есім орнында, ұмытшақтығым болмаса, қарттыққа бой алдырмай келемін, – деп, аппақ сақалын салалап, маған қарап, жымиып қойды.

Қай жылы екенін ұмытып қалдым, көбіне, Кенесарының хан ордасы мына Кішітау, Ұлытаудың бойында болады екен. Жаугершілік кезі ғой, – дейтін Ағыбай атам.

Наурызбай бастаған бірер батырын бағаналының атақты жылқылы байы Дүзенге жұмсап, жорыққа мінуге жарамды жүз жылқы сұратады. Бірақ Дүзен әр түрлі сылтау айтып, созбұйдаға салып, бергісі келмей, түнде бой тасалап, інісі Ерденге келеді.

Әй, Дүке-ай, бекер істеген екенсің, – депті Ерден, – сырты түк, іші боқ ол немені не үшін аяйсың, мыңдаған жылқы екеуіміздің бүкіл үрім-бұтағымызға жетеді емес пе, қара ормандай қаптап келе жатқан орысың мынау, оң тұстығыңдағы қиқуы толастамайтын хиуалықтар, қоқандықтар анау, сені тыныш қояр дейсің бе?

Келесі күні Ерден Ұлытаудағы хан Кененің ордасына өзі барады.

Ханға бағаналының биі Ерден келіп тұр деп, хабарлағанда, әдетте өзін тәкәппар ұстайтын ол басын бірден жастықтан көтеріп:

Кірсін! – депті күзетшілеріне.

Ханға сәлем беріп, аман-түгел алысқаннан кейін:

Хан ием, сіздің өтінішіңіз бойынша келдім, Қаракеңгірдің Сарысуға құйылысындағы Қаражарда жорыққа жарайтын, аузын ашып, тісін басып таңдап алынған жүз атты ертең жылқышы Көбей сіздің жігіттеріңізге тапсырады, – дейді Ерден, қол қусырып.

Әрине, Кенесары бұл сыйлыққа қатты ризашылығын білдіреді, сөз арасында осыдан үш жыл бұрын жорықтан оралғанда, сауғаға берген бір баланың жайын сұрайды.

Оу, хан ием, сол ілтипатыңызға мың да бір рақмет, мен оны қырық қатынның астынан өткізіп, ту бие сойғызып, той жасап, өзіме киімшең бала етіп алдым. Іншалла, биыл боқырауда үйлендіріп, отау көтерем бе деп жүрмін, – дейді Ерден күліп, – қазақтың ежелгі әдеті бойынша, қолға түскен құлды құл емес, ұл етіп алатын ата дәстүріміз ғой.

Әңгіме-сұхбат осылайша жайдары жағдайда өтеді.

Ертесіне осы атыраптағы атақты атбегі Көбей бесті шыққан жүз жорық атын Кенесары-Наурызбай жігіттеріне беріп жатып:

Мына ақ жал қазан атты Ерден би Ағыбай батырға арнап берді, соны ұмытпай айтарсыз, – деп аманаттайды.

Жорыққа кетіп бара жатқан сарбаздар аттарды алып, Ерденнің аманатын сөзсіз орындаймыз деп, Көбеймен қоштасады.

Ерденнің ақ жал атының тұрқы биік, ұзындығы есік пен төрдей, көк сүйрік айғырдың тұқымы, ереуілді күндері Ерден батырдың жорыққа мінетін аты деседі. Ағыбай атама қатты ұнайды. Ол өз атын баласына береді де, өзі Ерденнің ақ жал атына мініп, жорыққа аттанады.

Бұл әңгімелерді атамның өз аузынан талай естігенмін. Ол өмірде көбіне үндемейтін, біртоға сабырлы кісі болатын. Батыр дегенде, жұрттың ойлайтынындай, дүңк етпе мінезі болмайтын, мүмкін, бала болғандықтан біле де бермейтін шығармын.

Менің есімде қалғаны: көбіне ойқашты, әлденеге опық жегендей, өзді өзінен іштей күбірлеп, бас бармағын тістей беретін. Мұндайда томаға тұйық, өзін оқшау ұстап, жалғыз отыруды жақсы көретін.

Бірде атамыздың үнемі бас бармағын тістей беруінің нендей сыры бар екенін сұрадық. Алғашқыда ол айтқысы келмей, «оның сендерге не қажеті бар» деп, себебін айтудан жалтара берді.

Ақырында көңіл ауаны келген бір сәтінде, атам шешіле әңгімесін айтып еді.

«Бұл Кенесары-Наурызбай бастаған соңғы ұрыс болатынын кім білген. Жиырма мың сарбаздың үштен бірі ғана шайқасты. Талай құқайды көрген біздерге мұның өзі үйреншікті істей болатын. Аса бір абыржып, қарсы жақтан тайсақтағанымыз да жоқ.

Ұрыса-ұрыса келе, бір өзеннің аңғарына тап болыппыз, жоғары жағы төбе, төменгі жағы жардауыт, өзеннің батпақты тұсында сұлтандар тобы, алдында сарбаздар шайқасып жатқанбыз, біраздан соң қарасам, баламды манап Жантайдың бір топ сарбаздары қоршауға алып, тықсырып барады екен. Астымда Ерденнің ақ жал қазан атымен топты жарып өтіп, баламды құтқарып алдым. Бірақ оның атының екі артқы аяғы батпаққа кіріп, шөкелеп тұра алмай қалыпты. Мен көлденеңдей келіп, атымның сауырын тосып, мінгізіп алдым да, құрғақ жерге шыға бергенімде, жанталаса ұрыс салып жатқан сұлтандар тобынан «Ағаеке, ағаеке, ағаке-е-е» деген Наурызбайдың жалбарынған дауысын естідім.Сол екіарада не болғанын білмеймін, баламды тастап кейін шабайын десем, балам да, өзім де қолға түсемін, онанда қол жинап, қайта шабайын деген бір ой басыма сап ете түсті. Бұқарбай, Иман, Жеке Батырдың ілгеріде ме, сол қанатта қалды ма, – біле алмай басым дал болды… әрі Наурызбайдың «Ағаеке, ағаеке, ағаеке» деген дауысы өзегімді өртеп, құлағымнан кетер емес…» деді де, қос қолымен басын ұстап, теңселе берді. «Мен Кенесары мен Наурызбайдың жолында неге ғана өліп кетпедім екен?! Сонда бұл не? Кездейсоқтық па әлде тағдырым ба бұл!? Әттең, жалған дүние-ай! Мен сонда аман қаламын деп пе едім… тек балам аман қалса екен деп, жанұшыра жауға шаппадым ба… Бұдан арғысы белгілі ғой… Оларды құтқара алмадым, бұл – менің бірінші өкінішім, ал екінші өкінішім – ғұмыр бойғы өкінішім – сексенге дейін неге өлмедім екен» деп, кемсеңдеп, жылай алмай, құр іштей толғай берді де, қаймығып, қайтадан бас бармағын тістеп, отырып қалды.

Ағыбай атамның бізге айтқан имандай сыры осы еді.

Сол екі арада былбырап піскен қос табақ бағылан еті тартылды. Басты арнайы қонақ деп, Ағыбай батырдың немересі маған ұсынды.

Менің жасым үлкен болғанымен, сенің жолың үлкен, балам, сен ел сыйлаған Ерден атамыздың ұрпағысың, жол сенікі! – деп, қояр да қоймай, басты менің алдыма қойды.

Ата, ниетіңізге рақмет, – деп, мен бастан дәм татып, рәсімін жасап, қарттың өзіне қайтардым.

Қария қатты риза болды.

Тамақ желініп, сорпа ішіліп, ас қайырылғаннан кейін, ақсақал әңгімесін жалғастырды.

Ағыбай атам талай жорықтарға мінген өзінің Ақлақ атын жиі-жиі есіне алып, ал Ерденнің сыйға берген ақ жал тұлпарын айтқанда, менің тұқымымды сақтап қалған сол ғой деп отыратын.

Атам жас кезінде алып адам болған, отырғанда кигіз үйдің жартысын алады екен. Жаугершілікке мінетін аты алдын ала арнайы бапталған әрі белді, кіші-гірім түйе сияқты болатын еді, дейді көзі көргендері. Демек, Ерденнің ақ жал қазан аты да одан кем болмаған.

Кенесарының сарбаздары ұрысқа түскенде, «Абылай, Абылай, Ағыбай, Кенесары, Наурызбай!» деп, ұрандап жауға шабатыны ел-жұрттың осы күнге дейін жадында сақталған, сондықтан ұранға айналған Ағыбай атамызды біз, ұрпақтары, мақтаныш тұтамыз, аруағына арнап Құран бағыштатып отырамын. Ерден атамыздың есімін дұғама қосып, жиі-жиі атаймын.

Шырағым, сен келіп, көне әңгіменің тиегін ағытып, біраз ішім босағандай болды. Аруақты ерлердің рухтарына тағзым етіп, ел үшін, жер үшін, халқымыздың бостандығы жолында құрбан болған ерлер есімін жастар жадында үнемі ұстаса, әне, сол игі».

Тоқсан бес жастағы Ағыбай батыр немересінің осы айтқан сөздері аға ұрпақтың аманатындай осы күнге дейін көкейімнен кетер емес, деп сөзін аяқтаған қарапайым жүргізуші Октябрьдің көздері жайнап, ұшқын атқандай көрінді маған.

Сол сол екен, манадан бері оның әңгімесін ұйып тыңдап отырған жұрт ду қол шапалақтап, оған құрмет-қошеметін көрсетті.

Сені, Оңке, осы күнге дейін шәуім бас қой деп жүрсем, сенің өзің нағыз қазан бас дөкейдің өзі болдың! – деп, құрдасы Жақан екі езуі екі құлағына жеткенше мәз болып күліп жатты.

ТӘЖІБАЙ ЖАНАЕВ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button