Жаңалықтар

Жол саласында маман қат

Елімізде жолшы мамандығына сұраныс 30 мыңды құраса, ниет білдірушілер саны бар-жоғы 500 адамның төңірегінде екен. Демек, жұмыс табу аса қиындық туғызбайды. Жолшы мамандығын алған студентке бірден жұмыс табылады. Табысы да тәуір. Жолшылардың бастапқы жалақысы – 300-400 мың теңгеден басталады. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Қарағанды облыстық филиалының зертхана меңгерушісі Қазбек Зікрин Үштөбе тірек мектебінің биыл мектеп бітіруші түлектерімен «2000 мектеп» бағдарламасы аясында кездесу өткізді. Онда жолшы мамандығының артықшылығы жайлы кәсіптік бағдар беріп, бөлінетін гранттар туралы айтылды.

Қазбек Зікрин мырза ел білмейтін түрлі тың деректерді ұсынды. Жолшы мамандығының артықшылығы туралы және осы мамандықта білім алып жатқан студенттер жөнінде бейнежазба да көрсетілді.

Бүгінде бұл саладағы жұмыстың сапасын арттыру бағытында үлкен түйткілді мәселе бар. Ол – кадр. Құрылыс ауқымы үлкейіп, заманауи техникалар қолданысқа көптеп енгізілген сайын кәсіби мамандарға деген сұраныс өскен. Алып бульдозерлер мен тракторларды, экскаваторларды, дәнекерлеушілерді, өзге де мамандарды фирмалар іздеп жүріп жұмысқа алады. Тіпті, өздері оқытып алуға да даяр. Айлығы да жақсы. Жастарды жол саласына тарту, қызығушылығын арттыру, насихат жұмыстарын жүргізу – бүгінгі күн тәртібіндегі өзекті мәселе. Қазір ел бойынша 4 мың шақырымнан астам республикалық маңызы бар жол жөнделіп жатыр. Қазақстанда бұрын-соңды мұндай ауқымды жұмыстар болмаған. Компаниялар жергілікті тұрғындарды оқытып, үйретуде екен.

– Сапалы жол қажет десек, сала мамандары соған сай болуы тиіс. Осы орайда «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Қарағанды облыстық филиалы кадр тәрбиелеу ісіне де баса мән береді. Үш жыл ішінде 8 студент ақылы өндірістік тәжірибеден өтті. Олардың бірнешеуі қазір мекеменің өзіне жұмысқа қабылданған. Қарағанды облысы бойынша орта мектептермен жан-жақты жұмыс жүргізіліп, соңғы үш жылда өңірдегі мектептермен, жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнатылған. 2022 жылы 135 мектепті араладық. Акция аясында Қарағанды техникалық университеті студенттері үшін ашық есік күні өткізілді. Бұған қоса, «Таңшолпан» отбасылық үлгідегі балалар үйінмен меморандумға қол қойылды. Мекеме тарапынан балалар үйінің тәрбиеленушілерін жол құрылысы саласына тарту жұмыстары жүруде. Егер осы мамандыққа қызығушылық танытқан балалар болса, тиісті ЖОО бағыттап, кейін практикадан өтуіне, жұмысқа тұруына қолдау көрсетіледі. Үштөбе тірек мектебі біздің тарапымыздан жыл басынан бері кәсіптік бағдар берген 10-шы білім ошағы. Жолшы мамандығына келгісі келетін талапкерлер математика, физика пәндерін сүйіп оқып, жетік болуы керек. Өйткені, сызу, өлшеу, есептеу, жолға пайдаланылатын материалдардың сапасын білу үшін осы пәндер маңызды, – деп атап өтті Қазбек Бүркітбайұлы.

Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде жолшы мамандығына оқытады. Әрі бұл оқу орны еліміздегі жетекші білім ордаларының қатарында. Онда танымал профессорлық құрам мен білікті оқытушылар дәріс оқиды. Сонымен қатар, Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде және басқа да аймақтардағы оқу орындарында осы мамандыққа оқытады.

Жер көлемі біздікінен 6 есе кіші Германияның маңызды жол торабы 5 есе көп екен. Нақты айтсақ, Қазақстанда – 168 700 шақырым жол торабы болса, Германияда – 644 480 шақырым жол торабы бар екен. Демек, елімізде жаңадан жол салу немесе өңдеу бағытында әлі атқарылатын шаруа шаш етектен. Яғни, дамыған елдермен иық тірестіру үшін әлі жолшыларға қойылатын талап көп. Жұмыссыз қаламын деген әңгіме болмайды.

– Кездесу сәтті әрі нәтижелі болды. Қазбек Бүркітбайұлы ұсынған ақпараттар оқушыларды қызықтырды. Бірнеше оқушы бөлінетін гранттарға, қайда жоғары оқу орнында білім алу, қандай пән таңдау және жалақы мәселесі туралы сұрады. Облыстағы зертханаға арнайы барып, көргілері келіп отыр, – дейді мектептің кәсіби бағдар беруші педагогі Балжан Бекіш.

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button