Абай

Жол мехнатынан құтылдық

«Жол азабын жүрген білер» деген тәмсіл бар. Расымен де, жол нашар болса, діттеген жеріңе жетіп бітпейсің. Жеткен күннің өзінде көлігіңнің сау-тамтығы қалмайтыны анық. Қарағанды облысы республика бойынша ең ірі облыс болғандықтан, көлік жолының ұзындығы да, сәйкесінше, 12,5 мың шақырымнан асады. Оның 3,5 мың шақырымы – облыстық маңыздағы жол. Билік қазір бұл жолдарды тиісті деңгейде ұстап отыруға күш салуда.

Биыл Абай ауданына қарасты Топар кентінен Қарағандыға дейінгі жол күрделі жөндеуден өтті. Кент тұрғындарының басым бөлігі облыс орталығына күнделікті қатынап жұмыс істегендіктен, бұл көпке шарапаты тиген іс болды. Сонымен қатар, кентпен іргелес орналасқан Жартас кентіне қарай да биыл тақтайдай жол салынып, жол белгілері қайта орнатылды. Қазір Шахтинск қаласынан Қарағандыға дейін келетін кейбір қауіпті учаскелерде орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын көзім шалды. Бұдан бөлек, Алматыдан ағылған көлік нөпірі енді көпір арқылы облыс орталығын айналып өте алатыны жайлы ақпаратты естігенде ерекше көңілім өсті. Бұл қаладағы көлік кептелісін де азайтып, экологиялық ахуалға да оң ықпал етеді деп есептеймін.

Облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшылығына басқарма сайты арқылы сауал жолдап, биылғы және алдағы уақытта жасалар жұмыстың жоспарымен таныс болдым.

Сондай-ақ, мұндағы мамандар «жол салуда қаржыға қол салу» болмауы үшін мердігерлердің басын қосып, жиі алдын алу жұмыстарын жүргізіп тұратынын жеткізді. Бұл – аса маңызды мәселе. Себебі, Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 13-қадамында да жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мәселелерін нақты көрсеткен. Мұның барлығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте нақты нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді деп есептеймін.

Өзім де бұрынғы мемлекеттік қызметші ретінде өңірде болып жатқан ісшараларды мұқият бақылап отырамын. Және халық үшін атқарылып жатқан игі істеріне орай аймақ басшылығына алғысымды білдіремін.

Зарыққан БАҒЛАТҰЛЫ,

Топар кентінің тұрғыны.

Басқа материалдар

Back to top button