АймақҚарағанды

Жол апаты: статистика емес, адам тағдыры

Қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – жол-көлік оқиғалары. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде: «Құқық қорғау органдары әрқашан басты назарда ұстауға тиіс тағы бір маңызды мәселе – жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру. Біз адамдардың өмірі мен денсаулығы ең басты құндылық екенін үнемі айтамыз. Ең алдымен, барлық азаматтың назарын жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауға аудару керек», – деген еді.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Қазір күн санап көліктің саны өсіп келеді. Көлік көбейген сайын жол-көлік оқиғасы жиілеп кетті.
Дерекке сүйенсек, биылғы 3 айдың қорытындысы бойынша облыс бойынша 95 жол-көлік оқиғасы орын алып, онда 15 адам қаза тауып, 127 адам зардап шеккен.

Айта кететін жайт, қала сыртындағы автожолдарда мұндай оқиғалар жылдамдық режимін шектен тыс асырудың себебінен орын алады. Нақтырақ айтсақ, 42 факт, немесе жол-көлік оқиғасының жалпы санының – 44,6%-ы. Бұл апаттарда 9 адам қаза тауып, 75 адам жарақат алған.

Елдімекендердегі 37 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның 39,3%-ы реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерінде жол жүру ережесінің бұзылу салдарынан орын алып, онда 4 адам қаза тауып, 34 адам жарақат алған. Бұл – былтыр­ғымен салыстырғанда көп.

Жол-көлік оқиғаларының негізгі түріне – соқтығысу, жаяу жүргіншілерді соғу және аударылу жатады. Мәселен, 43 соқтығысу жағдайы орын алып, салдарынан 3 адам қаза тапты, 76 адам жараланған.
Осы орайда облыстық полиция департаменті орын алып жатқан апатты барынша азайту үшін тәулігіне 700-ге жуық патрульдік полиция қызметкері кезекшілікке шығады.

Бүгінде елдімекендер мен қала сыртындағы автожолдарда кезекшілік тығыздығы ұлғайтылған. Осылайша, республикалық маңызы бар автожолдарда бір патрульдеу маршрутының ұзақтығы 50 шақырымнан 20 шақырымға дейін қысқарып отыр.

– Қазіргі таңда облыстың автожолдарында 11 «Екин-Патрол» кешені және 2 «Оракул» «жасырын патрульдеу» кешені жұмыс істейді және олар 16 мыңнан астам бұзушылықты анықтап үлгерген. Қабылданған шаралар апат деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. Мәселен, Қарағанды қаласында жол-көлік оқиғаларының саны 14,3% (42-ден 36-ға дейін), қаза тапқандар 20% (5-тен 4-ке дейін), жарақат алғандар 19,2% (52-ден 42-ге дейін) қысқарған. Сонымен қатар, «Астана-Қарағанды (айналма жолмен)-Алматы» республикалық маңызы бар автожолындағы жол-көлік оқиғаларының саны 9% (22-ден 20-ға дейін), қаза тапқандар 50% (16-дан 8-ге дейін) және жарақат алғандар саны 28,9% (45-тен 32-ге дейін) төмендеді. Жол қозғалысы қауіпсіздігін күшейту және жол-көлік оқиғаларының алдын алу және олардың зардаптарының ауырлығын төмендету мақсатында 19 cəyip – 19 мамыр аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, – деп атап өтті Жасқайрат Иманбекұлы.

Жедел-профилактикалық шара басталғалы бірнеше күнінде полиция қызметкерлері жол жүру қағидаларын бұзған 900-ден астам адамды тоқтатып, апаттың жолын кескен.
Атап айтсақ, 14 жүргізуші мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, қарсы қозғалыс жолағына шығудың 9 фактісі, жаяу жүргіншілерге артықшылық бермеудің 58 фактісі, жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережесін бұзуының 276 фактісі, жүргізуші куәлігі жоқ 29 адам жауапкершілікке тартылды.
Бүгінде ата-аналардың көлік құралын басқаруды кәмелетке толмаған балаларға беру фактілері де орын алуда. Осылайша, жыл басынан осындай 5 факті анықталды. Олар бойынша ата-аналар ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Одан бөлек, күннің жылынуына байланысты азаматтар мотоциклдерді (мотоцикл, мопед, скутер, электр самокаты) белсенді қолдана бастады.
Бүгінгі таңда мотокөліктің қатысуымен 2 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, онда 1 адам қаза тауып, 2 адам жарақат алған.
2025 жылдың 5 сәуірінде мопедтерді механикалық көліктерге теңестіретін заңнамалық түзетулер күшіне енгенін де атап өткен жөн. Қазірдің өзінде 1 500-ден астам мопед есепке алынды.
Көрсетілген күннен бастап, мопедтерді пайдалануға олар тіркелгеннен кейін, А1, А және В санатындағы жүргізуші куәлігі болған кезде, техникалық байқаудан және азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандырудан өткеннен кейін ғана рұқсат етіледі.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button