Тұлға

Жоқ іздеген жолаушы

   

    Айнала бозымықтанып, түн түндігі түріле бастаған. Шығыс көкжиек алғашқыда қызғылтым тартып, іле шілде айының шақар күні жер бетіне алғашқы сәулесін сығалатқан. Тұсамыспен жүрген қарагер алысқа ұзай қоймапты. Иесінің қозғалғанын сезіп, басын әнтек көтерген сыралғы дос, әлі сарғыш тарта қоймаған көдені ернімен сүйкеп, бір шалып өтті. Жолаушы орнынан көтеріліп көз жетпейтін кеңістікке ұзақ-ұзақ қараған. Бел-белестер! Ұшы қиыры жоқ Арқа байтағының шегі жоқтай көрінген. Қаншама жылдар өтті. Жолушы бұл сапарға шыққалы қашан… Есінде жоқ. Есінде қалғаны ертегіге елтіп отырған сары баланың бәйкүнә бейнесі ғана. Жөргегінде жетім қалып, Ананың жұпарына тоймаған көкірегі күрсініске толы еді. Содан бері ат үстінде. Көкжиегіне қараса көз талатын ұлы далада жоқ іздеп келеді…

***

Мен Мекеңді (Мейірман Жашкеев) танығалы отыз жылдың жүзі болыпты. Бізді жақын таныстырып, етене араластырған сөз өнері. Сөйлеп кетсе, көмекейі бүлкілдеп қазақтың арғы-бергі тарихынан түпсіз тәмсіл ақтаратын осынау азаматпен әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Ел мен жердің тарихы, текті тұлғаларымыздың тағдыры жайлы айтқан толғаныстары талай томға жүк болары сөзсіз.

Өзі туып өскен Ақсу-Аюлы төңірегінен бастап, Ақтоғай, Қарқаралы әрі қарай Арқаның әр қиырын шарлап кететін есті әңгімелерін елтімей тыңдау мүмкін емес. Жолыға қалсаң Сәкеннің әлі жарық көрмеген беймәлім суретін көрсетіп, Жақсы Жәкеңнің (Жанқұтты шешен) біз естімеген нақылын тыңдатып, немесе қазақтың батыр ұлы Нұркен жайлы тың дерек тапқанын айтып, жүзі қуаныштан бал-бұл жанып жүргені. Маған Мекең құтты бір халық рухының жоқшысындай көрінетін. Мекеңнің Байдәулет бабасының жатқан жерін іздеп, қасиетті Түркістанға барғанын, әруақты бабаларға арнап үлкен ас бергенін, сол жақтағы ағайындармен бірлесіп, Қаздауысты Қазыбек би бабамызға орасан зор ескерткіш орнатуға мұрындық болғанын айтудың өзі бөлек әңгіме.

Мекең жас кезінде мондалинмен ән айтатын. Бұл өнермен біраз жерге барды. Аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, талай мәрте топ жарды. Сол кездердегі сәулелі сәттерінің белгісіндей болған мақтау-марапаттау қағаздарының өзі сарғыш тартыпты. Жалына қол тигізбес арғымақтай алыс көкжиекке ала қашқан уақыт-ай десеңізші. Қолына қалам алса, көз алдына құба белдер келеді. Кешегі құлын дәуреннен құлағында қалған қазына кеуде қариялардың, замана жайлы тоғаныстары, күрсініске толы күрең жүздері Мекеңді ерте есейтті.

Ұлытауда ұлар жоқ, ұясы бар,

Киігі жоқ кең дала, қиясы бар.

Ұлы көштің жұртында ұры қалды,

Ғасыр өтті мойнында күнәсі бар…

Ойын осылай түйіндеген Мекең енді бір жыр жолдарында сол абыз қариялар рухын іздеп былайша толғанып кетеді:

Сағым тұнған сары дала,

Киелі құтты мекенім.

Жүректің шерін қозғама,

Дүниенің сездім бекерін,

Желмая мінген абыз шал,

Жоғалтқан асыл, ардағын.

Ақ жабуы желпілдеп,

Аңыз боп қалды-ау арманың.

Өлеңге ден қоймасада, кейде осылай көңіл шерін жырмен тарқататын сәттер болушы еді.

Байдәулет бабасынан желі тартып, үзілмей келе жатқан дегдарлық қасиеттің нәрі Мекеңнің де бойында бар. «Қазақ үшін ел ортақ, жер ортақ. Ендеше ата-бабамыздан қалған осынау ұлы байтақтың бағына жаралған тектілерімізді ардақтай біліуміз керек. Бөлінгенді бөрі жейді. Ұлт болып ұйысу ұлылықтың белгісі», – дейді Мекең.

Жалпы, әр адамның таным деңгейі болады. Біреудің әңгімесі ауыл, үйдің айналасынан аспауы мүмкін. Оған өкпелеудің қажеті жоқ. Алланың берген танымы, өмірден алған түйсігі сол шығар. Мекеңмен әңгімелесе қалсаңыз қиялыңыз алыстарға қанат қағады. Туған топырақтан нәр алған толғаныстар Қазақия көгін шарлап кетеді. Мекеңнен кемеңгерлік іздеу мақсат емес. Біз ол кісінің істеген қарекеті мен сөйлеген сөзінен айқұлақтанып тұратын кісілігін ғана айтып отырмыз.

Кісілік демекші Мекеңнің отбасы, ұрпақ туралы айтқан әфсанасының өзі дәстүр сабақтастығын аңғартады. «Біздің елде,-дейді – жақсы Жәкеңнен қалған мынадай әңгіме бар. Бірде үлкендер бас қосқанда қатарластары Жанқұтты шешенге: «Жәке, сізді халқыңыз тіршілігіңізде жақсы Жәкең атандырды, мұның сыры неде?» – деп сұрайды. Сонда жарықтық жақсы Жәкем, «тіршілігімде жақсы атансам, ұлым ұлықты, қызым қылықты, келінім кесірсіз болғандықтан шығар», – депті.

Мекеңде бақытты отбасылардың бірі. Рыскүл жеңгеміз ұзақ жылдар оқу-ағарту саласында еңбек етті. Ұлы – Абылай, қызы – Тоғжан, келіні – Әделя, күйеубала – Асқар, Мекеңе құтты қоныс, жайлы өріс болды. Немерелер Аружан мен Адай, Адина мен Еркежан таусылмас қызық сыйлады. Атан түйе, боталы нарға жүк болатын шағын көш. Мекеңнің көші…

***

Жолаушы бүгін ұзақ жүрген. Қарагердің қоян бүлкілі жусанды даланы артқа тастап, адырлы өлкеге көтерілген. Жолаушының есіне бала кезінде қариялардан естіген есті сөздер оралды. «Дүнияның шегі жоқ. Адамзаттың бәрі жолаушы. Сол ұзақ сапарда біреу іздегенін табады, біреу құмай күндерін қу үмітпен өткізеді» деуші еді ақсақалдар. Ақселеулі ала бел, құлан жортпас құба бел, қой қайырған қоңыр бел, мұңсыз жатқан мұнар бел… Қаншама бел артта қалды. Сары даланың аңызақ желі баяу еседі. Жолаушының ғұмыры да осынау сары далаға ұқсап бара жатқандай. Көз ұшында сағым буған сары бел көрінді. Мұнартып тұр. Бұл жолаушының саналы ғұмырында аяқ басқан алпысыншы белі еді…

Қойлыбай АСАНҰЛЫ,

ҚР мәдениет қайраткері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button